Мәселе

Балабақшадағы балаңыз далада серуендей ме?

Ақтөбе қаласының тұрғыны Шынберген Мамбетқұлов балабақшаға баратын балаларының төрт қабырғаға күнұзақ қамалып отырмай, жарты сағат далада серуендегенін қалайды.

— Бұған дейін балаларым «Аяулым» балабақшасына баратын. Кейін Ақжар-2 ауылындағы «Балара» бақшасына ауыстырғанмын. Қазіргі санитарлық талаптарға сай балабақшаның ішіне кіріп көрмедік. Алайда ауласы тар екен. Тәрбиешілердің балалардың ой-өрісін дамытуға қосып жатқан үлесі зор, әр баламен жұмыс істеуі де жақсы. Ұлым Мұса Нұриман Майгүл Нұрқасымқызының жетекшілігімен «Тәуелсіздік — мәңгілік елдің тұғыры» атты республикалық байқауына қашықтан қатысып, мәнерлеп оқудан І дәрежелі  дипломға ие болды. Бұл қуаныш — біздің де, балабақшаның да мерейі. Тек ойын баласының күні бойы далаға шықпай, күн сәулесінен нәр алмай, таза ауа жұтпайтындары қынжылтады. Бұл пікірімді әуелі балабақша өкілдеріне айтқанымда, олар маған балаларды киіндіріп-шешіндіріп жүретін адам жетіспейтіндігін айтты, — деп мән-жайды түсіндірді Ш.Мамбетқұлов.

Расында балабақша балаларды далаға серуенге шығаруда қандай ережеге сүйенеді? Күннің салқындығы қанша градус болғанда далаға шығармайды? Осындай сұрақтарға Ақтөбе қаласы білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов былай деп жауап жазып жіберіпті:

«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы №615 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларының 5-тарау 78-тармағында серуендер ауа райы жағдайы ескеріле отырып, күн сайын жүзеге асырылуы тиіс. Күн тәртібіне сәйкес күннің бірінші, екінші жартысында серуен жүргізіледі».

Бұл тек қана Шынбергенді ғана емес, көптеген ата-аналарды да толғандырады. Ата-аналардың кейбірі «Тәрбиешілер уақыт жағынан үлгермейтіндіктен, балаларды ала-құла киіндіруі мүмкін, одан да іште отырсын» десе, енді бірі «Соңғы баланы киіндіргенше, бірінші киінген бала терлеп кетеді» деген пікірлер айтады.

Редакциямызға хабарласқан Шынберген Мамбетқұлов: «Дұрыс, киіндірсін. Балалардың далаға күніне екі рет шығуы міндетті түрде жүзеге асуы керек деп ойлаймын. Күн көзін көрмеген, таза ауада серуендемеген бала аурушаң болады ғой», — дейді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button