БілімБасты жаңалықтар

Биыл 19 мектептің құрылысы жүргізіледі

Биыл біздің облыста 19 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.

Өңірде мемлекеттік тілді білім алатын бала саны арта түскен. Қазір қазақ балабақшасы мен қазақ мектептерінің үлесі көп.  Жаңадан ашылған білім беру ұйымдарының 95 пайызы қазақ тілінде білім береді екен.

Мүмкіндігі шектеулі, жетім балалар үшін де мемлекет қолдауы ерекше. Оларға арналған бірегей жобалардың Ақтөбеде салынуы — соның айғағы.

Жалпы, облыс бюджетінің біраз бөлігі осы салаға бағытталған. Білім саласы мемлекеттік үлкен қолдауға ие.

Біз осы және білім саласындағы атқарылып жатқан басқа да жұмыстар туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен әңгімелескен едік.

Биыл 19 мектептің құрылысы салынады. Оның төртеуінің құрылысы енді қолға алынады. Қалғаны ауыспалы жобалар, яғни құрылысы өткен жылы басталып, биылға жалғасқан жобалар. Биыл жоспарланған 4 мектептің құрылысы туралы айта кетейін. Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш пен Ембі қалаларында, Алға ауданындағы Маржанбұлақ ауылында жаңа мектеп салынады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің маңынан қосымша құрылыс бой көтермек, — дейді басқарма басшысы.

Жалпы, біздің облыстың білім саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Өткен жылы облыста 5875 орынға арналған 20 мектептің құрылысы жүргізілген болатын. Оның 5-еуінің жұмысы аяқталып, ел игілігі үшін пайдалануға берілді.

Облыстың білім беру жүйесінде оң бағыттағы елеулі өзгерістер жетерлік. Жыл сайын бұл сала үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Ал бұл облыстың білім беру жүйесін дамытудың негізгі көрсеткіштерінің жақсаруына мүмкіндік беруде. Білім саласына енгізілген инновациялық, эксперименталды 12 жылдық білім беру, жаңартылған білім беруге көшу, электронды оқыту, жан басына шаққанда қаржыландыру, үш тілде білім беру жобалары облыста  табысты жүзеге асырылды, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің септігі

Қазіргі таңда облыста 546 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Бұл балабақшаларға 42 900  балапан барып жүр. Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту — мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру жолдарының бірі.

Мемлекеттік тапсырысты орналастыру жеке мектепке дейінгі ұйымдардың санының артуына септігін тигізді. Балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты орналастыру жалпы облыс бойынша балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 34 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде жыл сайын облыстағы жекеменшік балабақшаларға мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыруға республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттерден 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінуде, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Оның айтуынша, қазір біздің өңірде 3-6 жастағы балалардың барлығы бірдей балабақшамен қамтылды. Бұл — үлкен жетістік. Бұл көрсеткішке қол жеткізу мақсатында былтыр 1332 орындық 17 балабақша ашылған.

Індеттің алдын алуда мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс тәртібіне өзгеріс енгізілгені белгілі. Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтарға қабылдау ата-аналардың қалауы бойынша ұйымдастырылып жатыр. Облыс бойынша 400-ден астам балабақшада кезекші топтар ашылды.

Мемлекеттік тіл мәрбесі

Ләззат Оразбаеваның айтуынша, жыл өткен сайын өңірде қазақ тіліндегі мектепке дейінгі ұйымдар саны артуда. Қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін  балабақша бұрын 23 қана болса, қазір 421 балабақша (!) қазақ тілінде тәрбие береді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру қазақ тілінде тәрбие мен білім беретін мектепке дейінгі ұйымдарда ұлты қазақ емес балалардың санының артуына ықпал етті. Бүгінгі күні қазақ балабақшаларда 1000-ға жуық орыс және басқа да ұлт балалары тәрбиеленіп жатыр, — дейді Ләззат Оразбаева.

Егемендік алғанға дейін мемлекеттік тілде білім беретін мектептер барлық мектептің 50 пайызына да жетпейтін-ді, ал қазақ тілінде оқитын балалар үлесі небары 37 пайыз болатын.

1990 жылы өңірде  барлығы 514 мектеп жұмыс жасады. Соның 265-і  қазақ тілінде білім берді. Ал қазір облыстағы 403 мектептің  270-і қазақ, 112-сі аралас, 24-і орыс тілінде білім беруде.

Жыл сайын облыстағы орыс тілінде оқытатын  мектептердің үлесі және аралас мектептер саны азайып келеді. Жаңадан ашылған білім беру ұйымдарының 95 пайызы қазақ тілінде білім береді.

Қазір жалпы білім беретін мектептердегі 157 775 оқушының 76 пайызы қазақ тілінде оқиды, — дейді басқарма басшысы.

Қазір облыста  үш тілде білім беретін 127 мектеп жұмыс істейді. Оларда 1046 жаратылыстану бағытыныӊ мұғалімі ағылшын тілінде білім береді.

Бірегей жобалар

Біздің өңірде мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдаудың ерекше механизмі қалыптасқан.

Инклюзивті білім берумен барлығы 3853 бала қамтылған (инклюзивті білім беру 2011 жылдан бастап жүзеге асырылып жатыр). Облыста оңалту орталығы, балалар сауықтыру лагері, 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 15 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті балаларға көмек көрсетеді.

«Бақытты бала» жобасы аясында  елімізде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Күншуақ» сауықтыру лагері, білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы (түзетім) «Нектар» балабақшасы ашылды. Бұл — бірегей жобалар. Біздің өңірде Қазақстанда тұңғыш ашылған  «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс жасайды. Облыс орталығында  «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы жұмыс жасап жатыр, — дейді басқарма басшысы.

Түлектерге 4 біліктілік бойынша диплом беріледі

Қазір облыста 43 колледж бар. Колледждерде 20559 оқушы білім алып жатыр.

Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі экономика саласыныӊ 32 бағытында мамандар даярлайды. Қазіргі таңда колледж түлектері 3-4 біліктілік бойынша диплом алу мүмкіндігіне ие.  4 колледж (ауылшаруашылық, политехникалық, медициналық, Хромтау тау-кен колледждері) жоғары колледж атағына ие болды, — дейді Ләззат Оразбаева.

Дуалды білім беру технологиясын енгізу кеӊ ауқымда жүргізілуде. Бүгінде 43 колледж кәсіпорындармен серіктестік негізде өздерініӊ білім беру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Барлығы 1468 серіктестік туралы келісімшарт жасалыпты.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button