Жаңалықтар

Гүлнәр КҮНБАЕВА: Сайлау учаскелері сайлаушыларды қабылдауға дайын

Биыл 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын кезекті сайлау өткізілмек. Қазіргі күні осы саяси науқанға әзірлік жүргізіліп, үгіт-насихат жұмыстары басталып кетті. Партия мүшелері халықпен кездесіп, сайлауалды  бағдарламаларының мәні мен мазмұнын түсіндіріп жүр. Тақырып аясында біз облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Күнбаевамен сұхбаттасқан едік. 

— Алдағы саяси науқанға Ақтөбенің дайындығы қалай?

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өткен жылдың 21 қазандағы №29/334 қаулысы негізінде мәслихаттарға депутаттарды сайлау тағайындалды. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес мәслихаттар депутаттарын сайлау үшін тиісті әкімшілік-аумақтарға байланысты аумақтық сайлау округі құрылды. Облыста бүгінде сол аумақтық сайлау комиссиялары 14 сайлау округке бөлінді. Яғни 1 облыстық, 1 қалалық және 12 аудандық мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша округ құрылды. Шекаралары мен орналасқан жерлері көрсетілген округтер тізімі, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары бұған дейін «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде, сайлау комиссияларының интернет-беттерінде жарияланған болатын. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен мәслихатының ресми сайтында облыс тұрғындарының санына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы айқындаған сайланатын депутаттардың саны да жарияланды. — Бұл жолғы сайлаудың ерекшеліктері мен өзгерістеріне тоқтала кетсеңіз.

Сайлау заңнамасында партиялық тізімдер бойынша ұсынылатын мәслихаттар депутаттығына үміткерлерді ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі екендігі қарастырылған. Сондықтан тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің депутаттарын сайлау үшін партиялық тізімге енгізу саяси партия филиалының (өкілдігінің) жоғары басшылық органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партия филиалының немесе өкілдігінің шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы арызымен бірге тиісті сайлау комиссиясына жіберіледі. Бұл жерде саяси партиялардың партиялық тізімдерге олардың мүшелері саналмайтын адамдарды енгізуге құқығы жоқ.

Мәслихаттардың кезекті сайлауын дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес депутаттыққа кандидаттар ұсыну өткен жылдың 10 қарашасынан бастап, 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталды. Орталық сайлау коммиссиясы арқылы жіберілген 6 саяси партияның ішінен белгіленген кезеңде сайлауға қатысуға 5 саяси партияның 519 кандидатын қамтитын 64 партиялық тізімнің құжаттары ұсынылды. Оның ішінде барлық мәслихаттарға (облыстық, қалалық және 12 аудандық) 14 партиялық тізіммен Nur Otan партиясы — 370 үміткер, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы —  45 үміткер, «ADAL» саяси партиясы —  35 үміткер, 12 партиялық тізіммен Қазақстан Халық партиясы — 36 кандидат, 10 партиялық тізіммен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы  33 кандидатты ұсынды. Партиялар ұсыну және тіркеу кезінде қарастырылған қажетті құжаттардың тізбесін бізге ұсынды. Аумақтық сайлау комиссиялары партиялық тізімге енгізілген кандидаттарға тексеру жүргізіп, үміткерлердің Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық Заң талаптарына сәйкестігін анықтады. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу 2020 жылдың 10 қарашасынан басталып, 10 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталды.

Бұл жерде айта кететін бір жайт, аумақтық сайлау округі бойынша тіркеуге бір саяси партиядан бір ғана тізімге жол беріледі. Онда әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған тұлғалар саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. Партиялық тізімдегі кандидаттар санына шек қойылмайды. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді. Сонымен қатар партиялық тізімге енгізілген кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына кірістері мен мүлкі туралы декларацияны да ұсынды.

— Сонымен, 5 саяси партияның партиялық тізімі бойынша ұсынылған кандидаттар саны қанша?

Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынылған құжаттар негізінде бес саяси партияның партиялық тізімін тіркеді. Барлығы — 508 кандидат. Нақтырақ айтсақ, Nur Otan  партиясы — 369, «Ақ жол» демократиялық партиясы — 45, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы — 33, «ADAL» саяси партиясы — 35, Қазақстан Халық партиясы 26 кандидат ұсынды. Партиялық тізімдерде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі тұлғалар саны — 253, яғни 30 пайыз квота қарастырылған. Бұл жерде де айта кететін бір жайт, мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу туралы хабарлама облыстық және аудандық газеттерде, сайлау комиссиялары сайттарында жарияланды, депутаттыққа кандидаттарға тиісті куәліктер берілді.

— Партиялық тізімге еніп,  кейін одан бас тартқан үміткерлер болды ма?

Партиялық тізімге енгізілген адам аумақтық сайлау комиссиясына және саяси партияға бұл туралы жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын алып тастай алады. Ол үшін саяси партияның немесе тиісті филиалдың (өкілдіктің) басшылық органы тіркеу кезеңінде және одан кейін мәслихат депутаттығына кандидатты партиялық тізімнен шығару туралы аумақтық сайлау комиссиясына жүгіне алады. Осылайша, кандидаттың жеке өтінішіне және саяси партияның ұсынысына байланысты аймақта 2 кандидат Nur Otan партиясының партиялық тізімінен шығарылды. Әйтеке би, Алға және Темір аудандарының аумақтық сайлау комиссиялары саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растау туралы құжатты ұсынбауы негізінде «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының үш партиялық тізімін тіркеуден бас тартты.

— Қазір ел аймақтарында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының  жүргізіліп жатқаны мәлім. Аймақта бұл науқанға дайындық қалай жүрді?

Иә, қазір сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сайлау алдындағы үгіт 2020 жылдың 10 желтоқсанында жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-ден кейін басталды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл 9 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша 00.00 сағатта аяқталады. Әрине, өздеріңіз білетіндей, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу, баспа дыбыс-бейне және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату арқылы жүзеге асырылады. Барлық үгіттік баспа жарияланымдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олардың басылған жері мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгені туралы мәліметтер болуға тиіс.

Былтыр жыл соңында, яғни 25 желтоқсанда облыстық сайлау комиссиясы «Aqtóbe» телеарнасында сайлау алдындағы дебат ұйымдастырды. Оған бес саяси партияның Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар және облыстық, қалалық мәслихаттарына депутаттыққа үміткерлер қатысқан болатын.

Бүгінгі таңда, атқарушы органдар тиісті аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, барлық саяси партиялар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыру орындарын анықтап, оларды стендтермен, тақталармен жарақтандырды. Сондай-ақ сайлаушылармен кездесу үшін үй-жайлар ұсынды.

Бұл жерде айта кететін жайт, Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлаудағы саяси партиялардың сайлау алдындағы үгіті сайлау қорларының қаражатынан қаржыландырылуы мүмкін. Өйткені саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдер құрамында дауысқа түсетін кандидаттардың өздерінің сайлау қорларын құруға құқығы жоқ. Сайлау қорын құрайтын қаражат партиялық тізім тіркелгеннен кейін тиісті аумақтық сайлау комиссиясы банк мекемелерінде ашатын арнайы уақытша шотта есептеледі. Бұл орайда сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртібі, оның түсуі және жұмсалуы туралы есептерді ұсыну Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының арнайы қаулысы негізінде регламенттелген. Бұл бағытта Орталық сайлау комиссиясы екінші деңгейдегі банк — «Қазақстан Халық Жинақ Банкі» акционерлік қоғамын белгіледі.

Аталған қаулыны орындау бойынша, «Қазақстан Халық банкінің» арнайы шоттарға қаражаттың түсуі және олардың жұмсалуы туралы есептерін 2020 жылы аумақтық сайлау комиссиялары облыстық «Ақтөбе» және  «Актюбинский вестник», сондай-ақ аудандық газеттерде, сайлау комиссиялары сайтында екі рет жариялады.

— Заңнамаға сәйкес сайлау науқанын жүргізуде партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар сенімді адамдар ұстауға құқылы. Облыста партиялар тарапынан сенім білдірген тұлғалар тіркелді ме? 

Иә, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өздеріне сайлау науқанын жүргізуге көмектесетін, сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыратын, партия мүдделерін білдіретін сенімді адамдарының болуына құқылы. Саяси партиялар сенім білдірілген адамдарын өз қалауы бойынша әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын мөлшерде айқындайды. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады, яғни  тіркелгеннен кейін оларға куәлік береді. Сенім білдірілген адамдар саяси партиялардың, өзге де қоғамдық және коммерциялық емес бірлестіктер құқықтарына, міндеттеріне ие болады. Олар саяси партия өздеріне жазбаша нысанда берген өкілеттіктері шегінде әрекет етеді. Бұл орайда облыста аумақтық сайлау комиссияларына барлығы 2066 сенім білдірілген тұлға тіркелген. Оның ішінде Nur Otan партиясынан — 1554, «Ақ жол» демократиялық партиясынан — 206, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан — 126, «ADAL» саяси партиясынан — 135, Қазақстан Халық партиясынан 45 адам тіркелді.

— Саяси науқан өтетін жер — учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушыларды қабылдауға дайын ба?

Былтыр 10 желтоқсаннан бастап облыстағы 517 учаскелік сайлау комиссиясы өз міндеттеріне кірісті. Учаскелер қажетті жабдықтармен және ұйымдастыру техникасымен, сейфтермен, жасырын дауыс беруге арналған кабиналармен, стационарлық және тасымалданатын жәшіктермен жабдықталған. Сол сияқты ақпараттық стендтер ресімделген, онда сайлау комиссиясының құрамы, жоғары тұрған сайлау комиссияларының, соттардың, прокуратура органдарының мекенжайлары мен телефондары орналастырылған, бес саяси партияның ақпараттық плакаттары ілінген. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Олар үшін арнайы орындар жабдықталып, барлық учаскелер лупалармен, құлаққаптармен, арнайы кабиналармен және осы санаттағы адамдар үшін ыңғайлы қажетті ақпараты бар стендтермен жабдықталды.

— Сайлаушылар өз учаскелерін қалай анықтайды? Санитарлық талапты сақтау, жалпы сайлау тәртібі облыс тұрғындарына жан-жақты түсіндірілді ме?   

Аумақтық сайлау комиссиялары сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің өзектілігі мен анықтығын, сайлаушылар тізімдерінің уақтылы әрі дұрыс жасалуын, олардың барша жұрттың танысуы үшін ұсынылуын бақылайды. Белсенді сайлау құқығы бар Қазақстан Республикасының азаматтары тиісті сайлау учаскелерінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша сайлаушылар тізімдеріне енгізіледі.  Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде тиісті жергілікті атқарушы орган жасайды. Бұл орайда аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдіктері акт бойынша учаскелік сайлау комиссияларына дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын, яғни 2020 жылдың  21 желтоқсанына дейін әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін ұсынды. Өткен жылдың 26 желтоқсанынан бастап дауыс беруге он бес күн қалғанда тұрғылықты жері бойынша құрылған учаскелер бойынша сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушыларға танысу үшін ұсынды.

— Сайлаушылар қалай дауыс береді?

Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру, егер дауыс берудің өзге уақыты белгіленбесе, 2021 жылдың 10 қаңтарында, яғни сайлау күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін өткізіледі. Сайлаушы саяси партиялар үшін дауыс беруге арналған үш бюллетень алады. Оның бірі — Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау бойынша, екіншісі — Ақтөбе облыстық мәслихаты депутаттарын сайлау бойынша, ал үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарын сайлауға арналған.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №69 қаулысы дауыс беруге арналған үй-жайлардағы стендтерге ілінді. Сайлау комиссияларының барлық 3547 мүшесі қорғау құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл орайда облыста үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді, бұл шараларға сайлау науқанын дайындау мен өткізуді қамтамасыз ететін барлық құрылымдар қатысты. Қазір сайлау учаскелері сайлаушыларды қабылдауға дайын. Сондықтан барлық сайлаушыларды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының сайлауына қатысуға шақырамыз.

Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button