Еріктілер еңбегі еленді
Волонтерлар жылының соңғы күндерінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали «Birgemiz, Asylmura» жалпыұлттық жобасы аясында тарихи-мәдени мұраның қорғалуы мен сақталуына өз үлестерін қосып, Ақтөбе археологиялық экспедициясының ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысқан бір топ еріктіге Алғыс хаттар тапсырды.
Марапатталғандар қатарында әріптесіміз, музейдің қор сақтаушысы Мәншүк Әбілғазиева, Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Жадыра Әбілхай, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің 4-курс студенттері Арман Танбаев, Нұрия Жұмабаева, аталған факультеттің 3-курс студенті Ерасыл Жолдыбай, Алматы энергетика және байланыс университетінің 4-курс студенті Жандос Базарғали, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанындағы жоғарғы колледжінің 3-курс оқушысы Бекет Мырзағалиев, Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің 4-курс оқушысы Ермек Зейнуллаев және Ақтөбе көпсалалы «Тарлан» колледжінің оқушысы Дәулет Тапашев бар.
Музейдің мәжіліс залында өткен марапаттау рәсімінде Мейрам Дүйсенғали археологиялық қазба жұмыстарының өлке тарихын жан-жақты танып-білудің маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің менеджері.