Жаңалықтар

Өңір және өлкетанушылар

Облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Руханият» танымдық-патриоттық клубының мүшелері Ақтөбе жеріндегі белгілі тұлғалар жерленген орындарды, өткен ғасырлардағы көне мешіттерді және олардың тарихын зерттеу ісіне зор үлес қосып келеді.

Бүгінге дейін бұл жұмыстар 5 өңір — Ойыл, Қобда, Хромтау, Темір және Алға аудандарында жүргізілсе, жақын жылдары зерттеулерді Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би аудандарында жалғастыру көзделген. Бұл жөнінде аталмыш клубтың биылғы жұмысын, соның ішінде «Аманат-2020» экспедициясын қорытындылау үшін өткен жиында айтылды.

Клубтың бүгінде 22 мүшесі бар. Олардың көпшілігі — сталиндік қуғын-сүргін кезінде қудаланған діни қайраткерлердің ұрпақтары. Клуб мүшелері ХІХ-ХХ ғасырларда өңірімізде өмір сүрген діни-ағартушы қайраткерлердің ғұмыр жолы, қызметі, олар ұстаған мешіт-медреселер туралы деректер жинауда көп еңбек сіңірді. Мысалы, клуб жетекшісі Жібек Османғалиқызы атап өткендей, биылдың өзінде ғана «Хисамедин хазірет», «Алданияз хазірет» сынды бейнежазбалар әзірленген. Жиналған деректер бойынша кітаптар шығарылған, «Тұран» телеарнасымен бірігіп хабарлар жасалған, сондай-ақ Қобда ауданының орталығында діни қайраткерлерге арналған аллея ашылған.

Клуб мүшелері музейдің ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Қыдырғали Ермұқан жетекшілік еткен «Аманат-2020» экспедициясының құрамында Ойыл ауданының Сарыбие ауылдық округі аумағындағы көне мешіттер мен медреселер орнын анықтауға; Сапура Мәтенқызының жорық жолдары ізімен Ойыл, Қобда аудандарында зерттеулер жүргізуге атсалысқан.

Деректерді жинап қана қоймай, оны насихаттауға, әсіресе, жас ұрпаққа жеткізу ісіне де көңіл бөлінеді. Осының нәтижесінде биыл Жарық мектеп-балабақшасының 4-сынып оқушысы Елдес Сарманов Қобда өңіріндегі мешіттер туралы шығармасымен «Ұлы дала ұрпағы» атты ІІІ республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Оның жетекшісі Мәншүк Арсланова да осы жиынға қатысып, сөз сөйледі.

Жиында клуб мүшелері Жібек Османғалиқызының баяндамасын тыңдап, алдағы жоспарларға қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Соңынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали зерттеу-зерделеу жұмыстарына белсене атсалысып жүрген бірқатар адамға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттарын тапсырды.

А.САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button