Жаңалықтар

Жолда абай бол, жүргізуші!

Қыс

Көлік жүргізушілері үшін ең қауіпті ай — желтоқсан. Өйткені бұл уақытта қысқы кезеңдегі барлық төтенше жағдайлардың үштен екісі болады екен. Облыстық полиция департаменті дерегі бойынша жыл сайын облыс жолдарында 70-ке жуық адам қаза болатын көрінеді. Қыс айларындағы жол-көлік оқиғаларының дені желтоқсан айында тіркеледі.  Соңғы 4 күнде облыста 40-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген.

— Температураның төмендеуі, жауын-шашынның жиі болуы салдарынан автокөлік жолдарын жұқа мұз қабығы немесе қар басады. Мұндай жағдайда бірі көлігін басқара алмай қалады, енді бірі өз күшіне сеніп, жылдамдықты арттырып, соның салдарынан жол-көлік оқиғалары болып жатады. Мысалы, 18 желтоқсанда ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс тасжолында үш көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. «ВАЗ-21144» автокөлігінің жүргізушісі Жаңа Әлжан тасжолында жол жүру ережесін бұзып, қарсы жолаққа шығып, «Лада-217030» көлігімен соқтығысқан. Соқтығысқаннан кейін жеңіл көлік қозғалыс бағытын өзгертіп, «Volvo» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ-21144» автокөлігінің жүргізушісі жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды, автокөліктер механикалық жағынан зақымдалған. Әр автокөлік иесі «қашықтықты сақтау қажет» деген талапты білетін шығар. Бұл әсіресе қыста, жолдың нашар төсемінде, көлікті тоқтату қиын болған кезде өте маңызды. Қыс мезгілінде талап етілген қашықтықты сақтап қана қоймай, мүмкіндігінше оны барынша арттыру керек, тіпті сіздің жүргізушілік тәжірибеңіз көп болса да, сақтық шараларын сақтау қажет, — дейді полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Облыс полициясы республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда жол-көлік оқиғаларына жол бермеу бағытында іс-шаралар кешенін жүзеге асырып отыр. Тәулік бойы жолдарда 100-ге жуық патрулдік полиция экипажы жүріп, олар қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге уақтылы көмек көрсетеді.

Облыстық полиция департаменті жүргізушілерден жылдамдық режимін, қашықтықты сақтауды, мүмкіндігінше алыс жолға шығуды шектеуді, ауа райының өзгеруі туралы ескертулерді үнемі қадағалап отыруды сұрайды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button