Жаңалықтар

«ADAL» партиясы сайтының алты қызметі

Сайлау-2021

Нұр-Сұлтанда өткен «ADAL» саяси партиясының брифингінде партия өкілдері Adalpartiyasy.kz сайтын пайдаланушылар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарға жауап беріп, сайттың жаңа сервисімен таныстырды: партияның көпфункционалды сайтының қызметтерін жетілдіру процестері, ресурстың мүмкіндіктері туралы айтылды. Жаңартылған сайттың таныстырылымын жасаған экономикалық сарапшы, партияның саяси кеңесінің мүшесі Әнуар Керембаев қызметтердің бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

—  Мысалы, «Сіздің аймағыңыздың проблемалары» бөлімі арқылы өз аймағыңыздағы өзекті мәселелерді көре аласыздар. Сонымен қатар әрбір жергілікті тұрғын белгілі бір мәселенің өзектілігі үшін дауыс бере алады немесе айтылмаған мәселе туралы өз пікірін жаза алады. Алдағы уақытта барлық өтініштер партияның өңірлік өкіліне тікелей жіберілетін болады. Оған қоса еліміздің әрбір азаматы жергілікті жердің бюджетінің қаншалықты екендігін, оның қандай мақсатта жұмсалып жатқандығын көре алатын болады.

«Жұмыс іздеу» бөлімінде сауалнаманы толтырғаннан кейін пайдаланушыға оның сұраныстары бойынша жұмыс ұсынылады. Егер қолайлы жұмыс табылмаса, партияның аймақтық өкілі бұл адамға қатысты мәліметтерді жұмыспен қамту органдарына жолдайды. «Сіздің өңіріңізге арналған бизнес-идеялар» сервисінде партия сарапшылары өңірлердің қажеттіліктерін талдай отырып, сол жергілікті жерге қажетті бизнес тізбесін ұсынып отыр. Өз бизнесін ашқысы келетін пайдаланушылар базалық бизнес-жоспарды тегін жүктеп алып, кейін оны біздің өкілдеріміздің көмегімен жетілдіре алады. «Әлеуметтік лифтілер» бөлімі аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету үшін жасақталды. Партия өкілдері пайдаланушыларға олардың балаларына арналған оқу орнын таңдауға, балаларға жатақханадан орын алуға, тегін оқу мүмкіндігін қарастыруға көмектеседі. «Adal-bagdar» сервисі ата-аналарға балаларына болашақ мамандықты таңдауға қолдау көрсетеді. Ал  Қазақстанның интерактивті картасы қызметін атқаратын «ADAL ақпараттық-талдау жүйесі» сервисі арқылы еліміздің әрбір тұрғыны өзінің елді мекені, оның проблемалары, даму перспективалары, жұмыссыздық деңгейі, халық табысының негізгі көздері туралы ақпарат ала алады, — деді ол.

«ADAL» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Олжас Ордабаевтың айтуынша, бұл сайт жай ғана ақпараттық алаң емес, адамдарға көмектесу мақсатында құрылған ресурс.

—  Бұл тек көрсету үшін жасалған сайт емес, бұл — тұтас эко-жүйе. Бірнеше секунд ішінде біз пайдаланушыны қандай мәселе толғандыратынын нақты түсіне аламыз. Әрбір өтініш «орындалуы міндетті» деген белгімен біздің филиалдың қызметкерлеріне жолданатын болады, —  деді ол.

Оның сөзін толықтырған  партияның саяси кеңесінің мүшесі Мақсат Толықбай аталған сайттың дайын платформа екендігін тілге тиек етті.

—  Бизнеске арналған кеңестер, маңызды сараптамалық материалдар, дайын бизнес-жоспарлардың барлығын сайттан тегін алуға болады. Көптеген ақпараттық ресурстарда мұндай ақпараттар тегін емес, — деді ол.

Сондай-ақ партия өкілдері сайт пайдаланушылары деректерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы сұраққа да жауап берді.

Назым ЖАНҒАЗИНОВА,

Айдана ИБРАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button