«Адал» партиясының мүшесі жастармен кездесті

Сайлау
Елімізде 5 қарашада ғана құрылған жас саяси партия — «Адал» алдағы Мәжіліс сайлауына қатысатын үміткерлерінің санын бекітті. Қоғамға үн қосам деп үмітін үкілеп отырған он алты үміткердің бірі — 27 жастағы Алина Асқарова. Депутаттықтан дәмелі жігерлі жас өткен сенбіде Ақтөбедегі С2 коворкингінде алғашқы кездесуін өткізді. Кездесуге студенттер, еріктілер, жас кәсіпкерлер қатысты.
Өзінің замандастарымен кездескен үміткер Алина Асқарова әуелі «Адал» партиясының сайлауалды бағдарламасы жобасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Атап айтсақ, партия халықтың өмір сапасын көтеру, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық беру, өңірлердің өркендеуі — қуатты мемлекет діңгегі, кәсіпкерлік — дамыған мемлекеттің іргетасы, өмірге қолайлы мемлекет секілді бес бағытқа басымдық беріп отыр. Дарынды жастардың елден кету мәселесіне алаңдайтынын айтқан Алина Асқарова еліміздегі білім саласына қатысты біраз ұсыныстары барын айтты.
Одан әрі үміткер партия сайты қызметтеріне тоқталды. Мәселен, «Адал» партиясының ресми сайтында еліміздегі қазіргі жағдай, яғни, үш жасқа толмаған балаларды балабақшамен қамту мәселесі әлі де шешілмегені көрсетілген. «Адалдықтардың» бағдарламасында 2025 жылға дейін үш жасқа толмаған 400 мың сәбиді мектепке дейінгі тегін біліммен қамту көзделген.
Кездесу одан әрі пікірлесу форматына ойысты. Жастар жұмысқа орналасу, кәсіпорындарда тағылымдамадан өту мәселелерін қозғады. Үміткер сайттағы партия қызметтері бөлімінде түлектерге мамандық таңдауға бағдар берілетінін, жұмыс іздеушілерге көмек көрсетілетінін айтты. Осы орайда партия сайтында типтік бизнес жоспарларды жүктеу мүмкіндігі оң бағаланды.
Кездесу соңында шараға қатысушылар Алина Асқароваға «Адал» партиясының жастар қанатын ұйымдастыру туралы өтініш айтты. Өз кезегінде депутаттыққа үміткер бұл өтінішті саяси кеңес мүшелерімен талқылауға уәде берді.
Үміткерді қысқаша таныстырар болсақ, Алина Асқарова 1993 жылы 5 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келді. Швейцарияда оқыған, қаржы саласында жоғары білімі бар. Алты жылдан бері елордадағы Швейцария бизнес мектебін (Geneva Business School Kazakhstan) басқарып келеді. Әртүрлі халықаралық іс-шараларда әлеуметтік тақырыптарда сөз қозғаған. Бес тілді меңгерген, интернетті белсенді қолданады. Азаматтық ұстанымы белсенді. Қайырымдылықпен де айналысады. Айтпақшы, 2010 жылы Алина «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының тарихында телевизиялық зияткерлік ойынында алғашқы жеңімпаз қыз бала атанды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



