Әлеумет

Мектептегі ахуал бақылауда

Қарғалы ауданындағы Петропавловка орта мектебінің ескі ғимаратындағы қабырғада биылғы жылы пайда болған жарықшақ ата-аналардың мазасыздығын тудырып, алаңдатқаны ақиқат. Мектеп басшылығы мен жұртшылық арасында ортақ шаруаға түсіністікпен қарап, орын алған проблеманы оңтайлы шешуге ұмтылушылық қалыптаспауы ретсіз әңгімелердің туындауына себепші болды. Осыған байланысты облыс әкімі Елеусін Сағындықов коллегия мәжілісінде нақты жағдайды талқыға салып, лауазымды адамдардың түсінік беруін талап етті.

Қарғалы ауданының әкімі Айбек Сағиев Петропавловка орта мектебіндегі ғимараттың жарамдылығын тексеру үшін комиссия құрылғандығын, сараптама нәтижелері шыққан соң, соған байланысты нақты шаралар алынатындығын мәлімдеді.

Облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов мектепте болып, мұғалімдермен, ата-аналармен кездескендігін, қазіргі уақытта ахуалдың бақылауда тұрғандығын баяндады. Бүгінгі күні жарықшақ орын алған сыныпта  сабақ жүргізілмейді, яғни қауіпсіздік шаралары алынған.

Облыс басшысы мектеп директоры Әлима Көлбаеваның, сондай-ақ білім беру саласының басшыларының ата-аналармен, жұртшылықпен ортақ тіл табысып, жұмыс істей алмай отырғандықтарын атап көрсетті және жедел түрде жұмыстарын талапқа сай жолға қоюға тапсырма берді.

Аудан әкімі Айбек Сағиев алдағы Тәуелсіздік күні қарсаңында ескі мектеп жанындағы қосалқы жаңа ғимараттың пайдалануға берілетіндігін, сол арқылы проблеманы шешу мүмкіндігі туатындығын айтты.

Облыс әкімі Петропавловка орта мектебіндегі жағдайды тез арада қалыпқа келтіру, ең бастысы, оқу процесіне кедергі келтіретін жайларға жол бермеу, қандай да кемшіліктердің алдын алу тұрғысында тиісті лауазымды адамдарға нақты тапсырмалар берді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button