Батыр ерлігі баяндалды
Зерде
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің конференц-залында Жеңістің 75 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Қожабай Жазықовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Өшпес ерлік иесі» атты кездесу-сұхбат өтті. Оған батырдың балалары Лаура, Мақпал Жазықовалар қатысты. Шараның мақсаты — батырдың өшпес ерлігін жастардың санасына сіңіріп, насихаттау.
Кездесу барысында келген қонақтарға музей қорындағы батырдың экспонаттық, естелік фотосуреттерінен слайд көрсетілді. Балалары Лаура, Мақпал Жазықовалар әкелері туралы естеліктерімен ой бөлісіп, музей қорына оның тарихи суреттерін, газет қиындылары мен батыр туралы жарық көрген «Жазықов мектебі», «Біз білетін бір Батыр» атты кітаптарын сыйға тартты. Және шараны ұйымдастырған музей ұжымына алғыстарын айтты.
Сондай-ақ батырдың ұлы, ардагер ұстаз Балғали Жазықов Байғанин ауданынан тікелей эфирге шығып, әкесінің өшпес ерлік жолы туралы әңгімеледі. Сонымен қатар музейдің бөлім меңгерушілері Қыдырғали Ермұқан, Алмагүл Сарыбай батырдың туып-өскен ортасы, соғыстан кейінгі бейбіт өмірдегі мемлекеттік басқару ісіндегі, қоғамдық-саяси қызметтеріндегі қайраткерлік тұлғасы туралы және өнегелі отбасындағы бала тәрбиесі, ұзақ жылғы педагогикалық еңбек жолындағы естеліктері туралы Лаура, Мақпал Жазықовалармен сұхбат жүргізді.
Шарада ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, күйші, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың «Ноғайлының жыры» күйін орындады.
Шара соңында музей директоры Мейрам Дүйсенғали батыр ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, қонақтарға алғысын білдірді.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейі бұқаралық-экскурсиялық жұмыстар бөлімінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері.