Жаңалықтар

Ақпейіл тоқыма өнерімен табыс тауып жүр

Биыл жазда 14 пен 29 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған республикалық «Елбасы медалі» жобасы басталған болатын. Бәсекеге қабілетті жастарға арналған жобаның үш деңгейі бар: қолаға 14 жастан, күміске 15 жастан, алтынға 16 жастан бастап үміттене алады. Қатысушылар

спорт, дарындылық пен дағдыны дамыту, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік және жұмыс тәжірибесі секілді 7 бағыт бойынша сынға түседі. Топ жарған оқушы еліміздің заңнама талаптары бойынша мемлекеттік білім беру грантын алуға басым құқыққа ие болады. Талай дарынды бақ сынаған үлкен жобаға М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Ақпейіл Сағи да қатысып жатыр. Бәсекеге қабілетті бүгінгі жастың бейнесін біз бір оқушының мысалынан көруге тырыстық.

Жарқын түстер әлемі

Қауіпті індет шартарапты шарлаған шақта қауіпсіздік мақсатында оқушылар қашықтан білім алуға көшті. Осы кезеңде уақытын ұтымды жұмсап, өнер-білім үйреніп, пайдалы іспен айналысып жүрген оқушылар жетіп артылады. Солардың бірі — интернатта оқып жүрген үздік, өнерлі оқушылардың бірі Ақпейіл Аманғалиқызы. Бүгінде сабақтан тыс уақытта көңілі мен бос уақытын қолөнерге арнап жүр.

— Қолөнерге ерекше қызығамын. Қызығушылығымды шетел тілі пәнінің мұғалімі Анаргүл Қожахметова оятты. Анаргүл Сапарқызы киімдерін өзі тоқып киеді. Тіпті пальтоға дейін тоқып алады. Соған қатты қызықтым. Сөйтіп, 6-сыныпта оқып жүргенімде ең алғаш қолыма ілмек алып, тоқудың әліппесін Анаргүл апайымнан үйрене бастадым. Сондай-ақ қолөнер үйірмесіне қатыстым. Үйірме жетекшісі Айгүл Нариманқызынан да тоқыманың қыр-сырын, әсіресе, тоқитын жіптерімнің түстеріне мән беруді, өзара үйлестіруді үйрендім. Қазір де үйірме жетекшісімен сөйлесіп, ақыл-кеңесін тыңдаймын. Қашықтан байланыс жасап отырамыз. Алғашқы тоқыған бұйымдарымнан гөрі қазіргі қуыршақтарым көңілді көрінеді. Себебі адамның көңіл күйін көтеретін ашық түстерді қолданатын болдым. Айгүл Нариманқызы осылай деп кеңес берді. Түрлі түсті жіптерді көргенде көзім бірден ашық түстерге түседі. Қолға ілмек алып, тоқыған сәтте миың демалады, жүйкең тыныштанады, жарқын түстер әлеміне еніп кетесің, — дейді кіршіксіз пәк көңілмен Ақпейіл Аманғалиқызы.

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай оқушылар арасында марафон ұйымдастырады. Марафонға әр оқушы өз үлесін қосуы керек болатын. Осы кезде өнерлі Ақпейіл де қарап қалмады: қолындағы ілмегімен «Абай жолы» романына кітапқап тоқып, марафонға атсалысты.

Амигуруми шебері

Ақпейілдің қолынан шыққан дүниелерден ілмекпен тоқуды тәуір меңгергені көрініп тұр. Әсіресе, мультфильм кейіпкерлері мен жануарлар бейнесін жапонның амигуруми техникасы бойынша тоқитынын аңғару қиын емес. Жапон тіліндегі «амигуруми» сөзі біздің тілде «тоқылған-оралған» деп аударылады.

— Бұл техника бойынша әуелі дөңгелектеп тоқу арқылы ойыншықтың пішінін келтіріп, сосын ішіне полиестер талшығы саналатын холлафайбер саламыз. Кейін көзін жапсырып, мұрнын, құлағын келтіреміз. Ең қиыны аяғы мен қолын тоқу. Мәселен, қолын тоқығанда, екі жақтың бірдей болуын қадағалау керек. Негізі, қолөнер бұйымдары қай кезде де бағалы ғой. Тоқыған ойыншықтарыма аз да болса сұраныс бар, — дейді Ақпейіл.

Жапондар амигуруми тәсілімен тоқылған қуыршақ немесе жануарды туысқандарына жақсы тілекпен сыйға ұсынады екен. Атына заты сай кейіпкерім өзі тоқыған бұйымның кейбірін туысқандарына сыйлап үлгеріпті. Ақпейіл ең алғаш ілмекпен сары түсті кішкентай қонжық тоқығанын, онысын көкесіне сыйлағанын, қазір көкесі қонжықты көлігіне тағып жүргенін мақтанышпен жеткізді.

Жас шебер өзінің қолынан шыққан дүниелерге аса сақтықпен, жанашырлықпен қарағанды ұнатады.

Тильдаға сұраныс бар

Тильда — испанның «tilde» сөзі «қолтаңба, жазба» деген мағынаны, яғни толқын немесе ирек тәрізді типографтық бірнеше белгінің атауын білдіреді екен. Еуропа қолөнер шеберлерінің арасында кеңінен танымал бұл стильдің авторы —1973 жылғы норвегиялық суретші Тони Финнангер. Негізі, тильда стиліндегі қуыршақтар, жануарлар немесе интерьер бұйымдары Тонидің үлгілері бойынша матадан тігіледі. Алайда соңғы жылдары тильда бұйымдары амигуруми тәсілі бойынша ілмекпен тоқылып та жүр. Оған біздің кейіпкеріміз — Ақпейілдің бұйымдары дәлел.

—  Тильда қуыршағына сұраныс барын байқағасын, әлеуметтік желілер арқылы жарнамалайтын болдым. Ұнатқандар бірден хабарласып, сатып алып жатады. Мысалы, бір тильда қуыршағымның бағасы — 5 мың теңге. Бірде мынадай қызық болды. Бір апа қызына менен тоқылған қуыршақ сатып алып еді.  Содан кішкентай қызы «күн салқындады, қуыршағыма киім керек» депті. Жаңағы апа маған айтып, сырт киімін тоқып бердім. Содан бері киіліп-шешілетін пальтосы бар қуыршақты 6 мың теңгеге сататын болдым. Тоқылған қуыршақтар ойыншықтан гөрі интерьер бұйымы ретінде көбірек сұранысқа ие екенін байқадым, — дейді Ақпейіл.

Әлеуметтік желіні тиімді пайдаланған адам игілігін көреді ғой. Ізденімпаз жас шебер бірде инстаграм арқылы Ресейдің Қиыр Шығыстағы Амур өлкесінде тұратын тоқымашы әжеймен танысыпты.

— Тоқымашы әже мені whatsapp желісіндегі шеберлер жиналған бір топқа қосып қойды. Топ мүшелерінің дені — тоқымашы әжелер, ең жасы мен шығар деп ойлаймын. Ортақ тақырып — тоқыма өнері. Жаңағы әжей марафон ұйымдастырып, тапсырмалар беріп, жүлдегерлерді анықтайды. Марафонға мен де қатысып жатырмын. Өткенде алдағы жылдың иесі — сиыр бейнесін, аққала тоқыдық. Ресейліктер жаңа жыл элементтерін осы бастан дайындап қойып жатыр. Сондай-ақ маған жаңағы топта отырған Германияда тұратын тағы бір әже хабарласты. Ол біздің Қазақстаннан көшіп кеткен екен, біздің елдің қазіргі жағдайын сұрап, сағынатынын айтты, — дейді кейіпкерім.

Ақпейілдің арманы

«Тізбек, қысқа шалу, нық шалу, бос жіп қосылған шалу». Шамамен осындай кесте — Ақпейілдің сабақтан тыс уақытта жасап жүрген ермегі. Жас шебер болашақта осы хоббиін үлкен кәсіпке, анығы, мамандығымен байланыстырғысы келеді. Анасы Мейрамгүл Қыдырбайқызының айтуынша, Ақпейіл ілмекпен түрлі бұйымдар тоқып, сату арқылы жауапкершілікке, уақытын ұтымды пайдалануға, өз еңбегін бағалауға үйреніпті. Сондай-ақ анасы қызының тоқыманы ермек етіп жүргенде жаңа өнерді меңгеріп алғанын, ұялы телефоннан сәл де болса алыстағанын, тіпті табыс табуды үйрене бастағанын айтып отыр.

Айтпақшы, Ақпейілдің жүріс-тұрысынан кәсіпкерге тән қасиеттерді де аңғаруға болады. Ілмек тоқудың шебері алғашқы табыстарының есебін өзі жүргізетінін білдік. Кәнігі бухгалтерлер секілді кіріс пен шығысты есептеп, алдағы бұйымдарға қажетті заттардың есебін шығарып қояды екен. Тағы бір жақсы қасиеті, нақты мақсатын, жоспарларын, не істейтінін күнделікке түртіп  отыратын көрінеді.

Ақпейіл көз майын тауысып, ілмек іліп, түрлі бұйымдар тоқып, сатып, алғашқы табысына бөлмесіне диван, өзіне жылдамдығы жоғары велосипед сатып алыпты. Зерек әрі алғыр ол велосипед тепкенді ерекше жақсы көреді. «Велосипед тебуді нағашымның ұлы Ерасыл екеуіміз бірімізге-біріміз көмектесіп, үйреніп кеттік. Қазір велосипед тебуге арнайы уақыт бөлеміз. Сыныптағы оқушылардың бәрінің телефонында strava деген мобильді қосымша орнатылған. Аталған қосымша телефон иесінің қанша жүгіргенін, қанша шақырым велосипед тепкенін есептеп көрсетеді. Біздің жаттығу нәтижелерімізді денешынықтыру пәнінің мұғалімі Бақдәулет Кентайұлы қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырады. Спорт  денсаулық кепілі екенін білеміз. Шынықсақ, ауру жоламайды», — дейді Ақпейіл. Бірінші орынға сабағын қоятын, бәріне де үлгеруге тырысатын жеткіншек ағылшын, орыс тілдерін үйреніп жүргенін де айтып өтті.

— Ақпейілдің туған бауыры Ақниет — бүгінде Елордадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрылыс-сәулет факультетінің 4-курс студенті. Екеуі өзара әңгімелескенде айтып отырады, біреуіміз сәулетші, біреуіміз интерьер дизайнері болсақ деп. Әкесі екеуіміз балалардың талаптары мен қадамдарына қуанып, қолдап отырамыз. Негізі, бала өзі қызыққан мамандықтың иесі болғаны жақсы ғой. Шынымды айтсам, Ақпейілге менен гөрі әкесі көп көмектеседі. Екеуі тоқыма бұйымдарын сататын дүкендерге бірге барады, бірге таңдасады. Ақпейіл тоқыған дүниелердің бәрін бірінші көретін де —  әкесі, — дейді қолөнер шеберінің анасы.

Ақпейілдің үйіне бара қалсаңыз, тап-таза әрі мұнтаздай жиналған бөлмесіне кіріп тұрып, бірдеңені бүлдіріп алмайын деген ойда тұрасыз. Тазалыққа, әдемілікке жаны құмар небәрі он төрт жастағы оқушы алдағы уақытта интерьер дизайнері болып, өз ойындағыдай үлкен үй салғысы келеді. Бастаған ісін соңына дейін жеткізетін табанды қыздың қолынан  бұл келеді. Біз соған сендік. Талабыңа нұр жаусын, Ақпейіл!

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button