Жаңалықтар

«Aqtóbe» телеарнасы 60 жылдығын атап өтті

Бейсенбі күні облыстық «Aqtóbe» телеарнасы 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Жамбыл» телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы, «Маңғыстау» телеарнасының директоры Бекзат Жүсіп, телевизия саласының ардагерлері, сондай-ақ журналистер қауымы қатысты.

Шара «Aqtóbe» телеарнасының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы бейнероликті тамашалаудан басталды.

Бұдан кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин телеарна ұжымын мерейтоймен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Осыдан 60 жыл бұрын «Aqtóbe» телеарнасының негізі қаланып, алғашқы өңірлік хабарлар эфирге шыға бастады. Осы жылдар ішінде қалың көрерменнің құрметіне бөленген телеарнаның облысымыздың рухани-мәдени, әлеуметтік, саяси-қоғамдық құндылықтарының дамуына, ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына қосқан үлесі зор.

60 жыл ішінде облыстық телеарна зиялы қауымның рухани, мәдени ошағына айналды. Қара шаңырақта әр жылдары еңбек еткен аға буын өкілдері көптеген жас мамандарды тәрбиелеп, болашаққа бағыт-бағдар беріп, жол сілтеді. Өткір ой, батыл пікір, тың бастамалар көтеріп, аймақтың түрлі жаңалықтары мен әлеуметтің мұң-мұқтажын айқын көрсететін телевизия мектебінің қалыптасуына атсалысты. Бүгінгі күні «Aqtóbe» — әр күн сайын облыс тұрғындарына тың жаңалықтар жеткізетін, жастардың мәдени ордасына айналған, еңбекқор, ауызбіршілігі мол ұжымы бар телеарна. Сондықтан бүгінгі шарада осы телеарна ұжымын 60 жылдық мерейтойларымен құттықтай отырып, барлығыңызға шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен бақ-береке тілеймін, — деді О.Оразалин.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі «Aqtóbe» телеарнасының режиссері Жайдарман Ізбағанбетоваға ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстап, бір топ телеарна қызметкерін Алғыс хатпен және ақшалай  сыйақымен марапаттады. Олардың қатарында телеоператор Бауыржан Баймұқанов,

тележүргізуші-редактор Венера Серғазина, тақырыптық хабарлар бөлімінің шеф-редакторы Бибігүл Биманова, эфир режиссері Жанат Естемесова, жетекші маман Мереке Шаукиловалар бар.

Салтанатты шарада облыстық телеарнаны он жыл басқарған Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин ұжымның бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

  • 2007-2017 жылдар аралығында мен осы ұжымға басшылық еткен тұста облыстық телеарна өзінің 50 және 55 жылдық мерейтойларын атап өтті. Айта кету керек, 2008 жылы телеарнаның 50 жылдық мерейтойы қарсаңында республика көлемінде үлкен фестиваль өтіп, сол жылы «Алтын микрофонға» ие болдық. Одан кейін 2015 жылы телеарна жұмысына Германияның «Cinegy» технологиясы енгізіліп, қазір мұнда цифрлық жүйе жұмыс жасауда. Және сол кездегі қол жеткізген жетістіктердің бірі — жылжымалы телестансаның келуі, жарықтардың көбеюі болатын. Ал телеарнаның осы жылдар ішінде шығармашылық жағынан дамып, кадрлар даярлау ісінде ұстаханаға айналуы бұл — зор жетістік. Ақын Есенбай Дүйсенбай жырлағандай, «Арманға қанат байлаған — Ақтөбе теледидары», міне, бүгінге дейін осындай өнегелі, жетістікке толы асулардан асты, — деді ол.

Өз сөзінде Раукен Отыншин «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты «Үш таған» журналының жаңа саны облыстық телеарнаның 60 жылдығына арналғанын жеткізіп, «Aqtóbe» телеарнасының директоры Мирас Мұқашқа Құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағы атынан «Aqtóbe» телеарнасының тележүргізуші-редакторы Венера Серғазина мен тақырыптық хабарлар бөлімінің шеф-редакторы Бибігүл Бимановаға Құрмет грамотасын табыс етті.

Бұдан кейін шарада телеарнада 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен ардагер, ақпарат саласының үздігі Жексенбай Құлданұлы әріптестерін мерейтоймен құттықтады.

  • Мен осы телеарнада 40 жылдан астам уақыт бас инженер болып қызмет етіп, телевизияның дамуына, өркендеп өсуіне өз үлесімді қостым. Телевизия — техникалық дамудың бірден-бір ордасы, себебі телевизия техникалық жағынан баяулап қалса, оның өсуі, дамуы мүмкін емес. Осы орайда біздің телеарнамыз 2000 жылдан бастап ауыл-аймаққа телевизиялық таратқыш қуатын 100 ваттан 2000 ватқа дейін жеткізіп, спутниктік станса арқылы хабарлар таратып келеді. Ал облыстағы «Ақтөбе» футбол клубы чемпион болып тұрған кезеңде Израиль мен Германияға дейін Түркия арқылы сигнал көтеріп, өз күшімізбен хабар таратқанымыз біз үшін ең үлкен жетістік болды. Мен әріптестерімді бүгінгі мерейтойларымен құттықтай отырып, алда дәл осындай жетістіктеріңіз көбейе берсін деп тілеймін, — деді ол.

Шара соңында облыстық телеарна директоры Мирас Мұқаш аймақтың айнасына айналған «Aqtóbe»-ден қазір елімізде және шетелдерде еңбек етіп жүрген мықты медиа-мамандар шыққанын айтып, телеарнаның дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге өз ризашылығын білдірді. Сондай-ақ телеарна басшысы бір топ қызметкерге «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстап, 6 ардагердің омырауына «Aqtóbe» телеарнасына 60 жыл» мерейтойлық төсбелгісін тақты.

Айта кету керек, бүгінгі күні «Aqtóbe» телеарнасының хабарлары облыстың 112 елді мекеніне таратылады. Бүгінге дейін өңір халқының 98 пайызы осы телеарна арқылы күн сайын республика және облыс көлеміндегі жаңалықтар мен түрлі тақырыптардағы телебағдарламаларды көріп келеді.

«Aqtóbe» телеарнасының директоры Мирас Мұқаштың айтуынша, бүгінгі күні телеарнада соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған 5 студия бар.

  • Бұған дейін телеарнада жаңа тележобалар әзірленіп, олардың студиялары мен заставкалары жаңа үлгіде қайта жабдықталды. Нәтижесінде «Армандастар», «Үмітпен соққан жүрек», «Әйелдер әлемі», «Қайырлы кеш, Ақтөбе!», «Әсерлі әңгіме», «Менің кәсібім», «Бірлігіміз жарасқан», «Мерейлі отбасы», «Бүк-шік», «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай», «Біз айтпасақ, кім айтады?», «Жеңісті жақындатқандар», «Анашым», «Қазақтың қолөнері» атты телебағдарламалар көрерменге жол тартып, көптің көзайымына айналды. Ал биыл телеарнаның 60 жылдық мерейтойына орай Ақтөбе телевизиясының тарихы мен осы салада әр жылдары еңбек еткен ардагерлер туралы телебағдарламалар түсірілді. Атап айтсақ, «Алпыстың асуы», «Таспадағы тарих», «Таңбаланған таспалар», «Кездер-ай», «Бізге – 60 жыл», «Aqtóbe – 60», «Біздің мерейтой», тағы басқалар.

Қазір өткен күндерді парақтап, жылдардың жылғасында қалған әдемі естеліктерді, ел, өңір үшін құнды тарихты таспалайтын сәттерді көрген көрермендер бұл жобаларға ризашылығын айтып, лайықты бағасын беріп жатыр. Біз үшін ең бірінші орында көрерменнің бағасы, ілтипаты тұрады. Сондықтан қазір біздің ұжым тынымсыз еңбек етіп, көрермендер есінде қалатындай тағы бірқатар жобаларды әзірлеп жатыр, — дейді М.Мұқаш.

Р.S. Бейсенбі күні түстен кейін «Aqtóbe» телеарнасының ұжымын Ақтөбе қаласының әкімдігі, облыстық басқармалар мен департаменттер, сондай-ақ 12 ауданның әкімдігі құттықтады. Барлық мекемелер телеарна қызметкерлерін марапаттап, сый-сияпат жасады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button