Жаңалықтар

Деректі фильм әзірленіп жатыр

8 қараша — Статистика күні

Биыл еліміздегі мемлекеттік статистика негізінің құрылғанына — 100 жыл. Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде статистикаға қатысты деректер мен жәдігерлер қойылған бұрыш ашылып, осы саланың ардагерлері марапатталды.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров:

— Статистика — қажетті органдардың бірі. Еліміздің түкпір-түкпірінен ақпарат жинап, оны зерттеп, зерделеу, оның негізінде  талдау жасап, жоспарлаудың мемлекет үшін маңызы зор. Мемлекеттік статистиканың дамуына үлес қосып келе жатқан ұжым қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Облыс әкімінің қолдауымен облыстық статистика департаменті туралы деректі фильм әзірленіп жатыр, — деді.

Арнайы жасақталған бұрышқа қойылған жәдігерлерді тамашалағандарға облыстық статистика департаментінің басшысы Жолдасқали Бейісов қысқаша статистика тарихын айтып берді.

— 1920 жылы 8  қарашада Қазақ автономды Кеңестік Социалистік Республикасының қаулысымен Орынбор губерниясында статистика бюросы ашылған. Сол уақыттан бері статистика қызметін 14 ер, бір әйел басқарыпты. Алғашқы бастықтарының бірі Валерий Малыгин. Сондай-ақ Амантұрлы Егібаев — 23 жыл, Амандық Мұқаев 27 жыл, облыстың статистикасы басқармасын басқарыпты. Қазіргі таңда аудандардағы қызметкерлерді қосқанда  штатта 138 адам қызмет етіп жүр. Статистика әр уақытта керек. Статистика — нақты мәліметтердің қайнар көзі, экономиканың күретамыры, — дейді Ж.Бейісов.

Шара барысында статистика қызметінің ілгерілеуіне үлес қосқан, көп жыл осы жерде еңбек еткен он шақты ардагерге «Мемлекеттік статистикаға — 100 жыл» мерекелік медалі мен гүл табыс етілді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button