Жаңалықтар

«Халық кеңесі» ескерткіші ашылды

Ақтөбе қаласынан Қобдаға барар тасжол бойында Жіңішке көпірінің оң жағында «Халық кеңесі» ескерткіші ашылды. Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының зайыбы Сұлуханым Ілиясова, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Белгілі қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлының тар кезеңге тап келген халық тағдыры туралы жазған «Тар кезең» атты тарихи романында баяндалғандай, осы жерде Ресейдің отаршыл озбырлық іс-әрекеттеріне тыйым салу қарсылығын танытушы «Халық кеңесі» құрылтайы өткен. Жазушы өз романына батыр, би әрі шешен Сырым Датұлын басты кейіпкер ретінде алып, сол кезеңдегі көтерілістер туралы кеңінен суреттейді.

Қажығали Мұханбетқалиұлы көзі тірісінде осы тарихи орынға ескерткіш орнатуды армандап, бастама көтерген. Міне, жерлес қаламгердің сол бастамасын жүзеге асыруға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қолдау көрсетіп, нәтижесінде «Халық кеңесі» ескерткіші орнатылды.

Аталған ескерткіштің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының ұсынысымен қолға алынған бұл игілікті істің болашақ ұрпаққа берер тағылымы мол екенін жеткізді.

  • 20 жылға жуық уақыт тарихи тақырыпты зерттеген Қажығали Мұханбетқалиұлы 2012 жылы «Тар кезең» атты кітабын шығарып, 2014 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Міне, бүгін, жазушының еңбегі зая кетпей, ескерткіштің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Өкініштісі, осы күнге ағамыздың өзі жете алмады. Алайда бүгінгі шараға ағамыздың жары Сұлуханым апамыз бен ұрпақтары қатысып отыр. Ағамыз арамызда болмағанымен, оның еткен еңбегі, тарихи туындысы ел есінде қалды. Ендеше облысымызда ұлыларымызды ұлықтайтын, рухымызды көтеретін осындай игілікті істер көп болсын! — деді облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін шарада сөз сөйлеген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет:

Мынау ескерткіш жанына қойылған билбордтағы Сырым Датұлының портреті осыдан 30 жыл бұрын Иманғали Тасмағамбетов жастар комитетінің төрағасы болып жүргенде суретшілер арасында конкурс жариялап, салғызып, озып шыққан сурет еді. Сол менің көзіме оттай басылып тұр. Сол конкурста комиссия мүшесі болып, суретті таңдасқан адамның бірі мен едім. Өз заманында бала биден дана биге айналған Сырым бабамыздың: «Азамат жетім болмайды, халықтан болса панасы, халық жетім болмайды, басшы болса данасы», — деген сөзі де осы жерге жазылыпты. Сол халық ішінен суырылып шыққан, ауыз толтырып айтсақ, «Халық жазушысы» деп айтуға татитұғын қаламгеріміз Қажығали Мұханбетқалиұлы ағамыздың қасиетті қаламына іліккен «Халық кеңесіне», міне, Жіңішке өзенінің бойында ескерткіш-белгі қойылып отыр. Бұл біздің Қажығали ағамыздың аңсап кеткен арманы, көздеп өткен мақсаты болатын. Ол кісі — өзінің ауылына мешіт салғызған адам. Ол да біздің есімізде. Енді өзі өмірден өтіп кетсе де, ағамыздың сол арманы орындалып, ескерткіштің ашылуына жары мен балалары қатысып отырғаны бір ғанибет деп ойлаймын. Бұл — ағамыздың әдебиеттегі және тарихтағы екінші өмірінің басталып, жалғасып жатқанының белгісі, — деді.

Шарада Қажығали Мұханбетқалиұлыныңзайыбы Сұлуханым Ілиясова сөз сөйлеп, ескерткіштің ашылуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыстарын айтып, ризашылығын жеткізді, ескерткішке гүл шоқтары қойылып, ел үшін күрескен батыр бабалар рухына тағзым етілді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button