Грант алып, дәмхана ашты

«Кәсіп бастау үшін оқу керек. Оқу адамның көзқарасын өзгертеді», — дейді Алға қаласында шағын дәмхана ашып, кәсіп бастаған Амангелді Сейдалиев.
Аманкелді Сейдалиев бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс жасапты. Алға аудандық білім бөлімінде, кейін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, аудандық партия филиалы, жастар саясаты секілді қызметтерді атқарады. Алайда бала-шағаның қажетін қамтамасыз ету үшін бір айлыққа қарап отыру қиын.
— Түрлі қажетімізге алған несие бар, балалар өсіп келеді. Бір еңбекақыны бәріне жеткізу мүмкін емес. Әлеуметтік салаларда жұмыс жасағаннан кейін көп нәрсені көресің. Аудандағы түрлі шараларды ұйымдастыру біздің ұжымның мойнында болады. Жұмыссыздар, жастар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өзі бос отырмай бір іспен шұғылданып жүр. Мемлекет қолдау көрсетіп жатыр. Ойлана келе тәуекелге бел буып, жұмысымнан шығып, кәсіп бастауды жөн көрдім. Аудандық кәсіпкерлік бөліміне бардым. Осылайша жұмыспен қамту орталығы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және кәсіпкерлік бөлімдері арқылы жаңа істі бастауды қолға алдым. Осы жерде бір айта кетерлік нәрсе, кәсіпті бастап кеткенше мемлекет алты ай бойы жұмыссыздық көмек еңбекақымды төлеп тұрды. Бір түсінгенім, көп нәрсе өзімізге байланысты екен. Көпшілігі біреуге пара бермесең іс бітпейді деп ойлайды. Бұл — қате түсінік. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және жұмыспен қамту бөлімінің мамандарына ризамын, алғысым шексіз, — дейді Амангелді Сейдалиев.
Осылайша ол «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Амангелдінің таңдаған бағыты — қоғамдық тамақтану саласы. Алайда онлайн сабақта барлық сала қамтылады. Бизнес жоспар құру, кіріс, шығыс есебі, нарық, яғни барлығын үйретеді. Компьютер арқылы қатысушының деңгейі бағаланады. Республикаға белгілі тренерлер сабақ береді. Бизнестің шыңына шыққан кәсіпкерлердің бейне роликтері көрсетіледі. Амангелді осының барлығын мұқият қарап, оқиды. Нәтижесінде жоғары балл жинап, курсты аяқтайды.
— Бір түсінгенім, қандай істі бастамақ болсаң да оқу керек. Кәсіпкерлік — үлкен институт. Мен бір ай оқығанда көп нәрсені үйрендім. Оның өзі маған аздық етті. Әлі де оқи беруден, үйренуден жалықпаймын, — дейді кәсіпкер.
Жоба бойынша бизнес жоспар құрады. Оны сәтті қорғап, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 555 мың 600 теңге қайтарымсыз грантқа ие болады.
— Менің хоббиім — палау пісіру. Жас кезімнен асты жақсы әзірлейтін болдым. Жалпы шығыс асханасында ер-азаматтар ас пісіреді. Олардың қолынан шыққан дәмнің керемет болатынын көріп жүрмін. Бизнесті бастау туралы ойланғанда өзімнің сүйікті ісімді кәсіпке айналдыру да ойымда болған. Кәсіпкерлік бөліміндегі мамандардың кеңесімен осы жобаға тоқталдым. Сөйтіп, шағын дәмхана аштым. Алғаның орталық көшесіндегі ғимараттан 60 шаршы метр жерді жалға алып, грант қаржысына ас үйге қажетті жабдықтар сатып алдым. Шілде айында жұмысты бастап кеттік. Аллаға шүкір, келушілер көп. Тұрғындардың көңілінен шығуға тырысып жатырмын, — дейді Амангелді Сейдалиев.
Дәмхананың аспазы — Амангелдінің өзі. Барлық асты өзі даярлайды. Астың түр-түрін әзірлейді. Әсіресе шығыс тағамдарын дәмді етіп даярлауға тырысады. Көмекші ретінде бір адамды жұмысқа алып отыр. Дәмхана орталықта орналасқандықтан келушілер көп. Аудандық әкімдік, халыққа қызмет көрсету орталығы, аурухана секілді мекемелердің қызметкерлері осы жерден ас ішеді. Жақын жерде такси тұрағы бар. Қарағаш, Тоқмансай ауылдарынан келетін тұрғындар да дәмханадан түскі ас ішіп кетеді. Тапсырыспен алдыратындар бар. Қоғамдық тамақтану саласы жауапкершілікті талап етеді. Ас әзірлейтін, ішетін жердің барлығы мүлтіксіз таза болуы тиіс. Амангелді санитарлық талапқа ерекше мән береді. Барлық ас — халал. Тағамдардың бағасы да қолайлы, яғни қымбат емес.
— Келушілердің көңілінен шығу үшін барымды салып әзірлеймін. Біреулер ютубтан әзіл, саясаткерлердің әңгімесін тыңдаса, мен кавказ, әзірбайжан жігіттерінің ас әзірлеу әдісін қараймын. Кейбір тағамдардың дайындалу әдісін қағазға түртіп аламын. Болашақта тандыр нан пісіріп, сатсам, дәмхананы кеңейтсем деген жоспарым бар. Әрине, бұның барлығы алдағы күннің еншісінде. Ол үшін тынбай еңбектену керек. Кейде осы кәсіпті сәл ертерек бастағанымда ғой деген ой келеді. Бірақ әр нәрсе өз уақытымен деп, өзімді сабырға шақырамын, — дейді кәсіпкер.
Амангелді қажетті азық-түлікті орталық базардан сатып алады. Базардағылар түскі асты Амангелдінің дәмханасынан ішеді. Осылайша шағын кәсіппен айналысушылар бір-біріне көмек беріп, қолдап, шаруашылықтарын дөңгелентіп отыр.
— Осы істі қолға алғанда түсінгенім, іс бастаймын деген адам өзінің мүмкіндігіне қарай әрекет ету керек. Кәсіпті шағын нәрседен бастаған жөн. Бірден үлкен істі бастаймын десең ұзаққа бармайсың. Жоспар құру оңай, оны жүзеге асыру қиын, — дейді дәмхана иесі.
Аманкелдінің үш баласы бар. Үлкен қызы тұрмыста. Кішілері мектепте оқиды. Зайыбы мектепте мұғалім.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



