Жаңалықтар

Жолдау: жаңа кезеңге бетбұрыс

Кеше Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, облыстық басқармалардың басшылары мен партия филиалы мүшелері, кәсіпорын өкілдері қатысты.

Басқосуда алдымен облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров Жолдаудағы басым бағыттардың бірі — жаңа қалыптасқан жағдайдағы экономикалық даму шеңберінде алда атқарылатын жұмыстар және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады.

Биылғы жылы болып жатқан катаклизмдер, тек елімізде ғана емес, бүкіл әлем экономикасына теріс әсер етуде. Осыған қарамастан, өңірде экономиканы қалыпқа келтіру үшін белгілі шаралар қабылдануда. Экономикалық өсімді биылғы жылдың соңына дейін қалпына келтіру бойынша кешенді жоспардың орындалуы тұрақты бақылауға қойылды. Сонымен қатар өңірде 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әзірленуде. Аталған болжам шеңберінде ағымдағы жылы жалпы өңірлік өнімнің сәл төмендеуі күтілуіне қарамастан, қабылданған шаралардың арқасында келесі жылдары экономикалық өсімді 1,5-2 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін өсірмеу және облыс инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биылғы жылы біздің облыста 46,3 миллиард теңгеге 303 жоба жүзеге асырылуда. Бұл, өз кезегінде, 12 мың жаңа жұмыс орнын ашуға жағдай жасайды. Бүгінгі күннің өзінде шамамен 9,5 мың жұмыс орны құрылды, оның тең жартысына азаматтар жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылды.

Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тың өзгерістерді алға тартып, технологиялық экономика құрудың өткір қажеттігін әділ атап өтті. Сондықтан біз алдағы уақытта өңірдің экономикасын дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмаларын түгелдей орындауымыз керек, — деді ол.

Ал облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет білім саласы бойынша биылғы Жолдауда жаңа оқу жылының ерекшеліктері, педагогтердің жалақысы, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту, үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету, білім сапасын көтеру, еңбек нарығына қажетті мамандықтарды даярлау мәселелері көтерілгенін, бүгінде өңірде барлық бағыттар бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылында облыста 207 шағын-жинақты мектеп дәстүрлі форматта, 195 мектеп аралас форматта білім береді. Қазіргі таңда облыстағы оқу жүйесінде бірнеше білім беру платформалары жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ облыс бойынша барлық мұқтаж отбасылардың балалары қажетті компьютермен, планшетпен қамтылуда.

Бұдан кейін жиында сөз сөйлеген «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова әлемді жайлаған пандемияның елімізде кәсіпкерлік саласына кері әсер еткенін, экономиканың кейбір салалары тұралап қалғанын, сондықтан бизнес өкілдері биылғы Жолдаудан ерекше өзгеріс күткенін, нәтижесінде олардың үміті ақталғанын жеткізді. Себебі бұл Жолдаудағы 7 қағиданың 4-еуі кәсіпкерлік саласына тікелей байланысты.

Ал «Айс Плюс» ЖШС директоры Қуаныш Ищанов Президент өз Жолдауында келер жылы еліміздегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның мерзімі аяқталатынын атап өтіп, осыған орай бұл саланы кәсіпкерлікпен бірге дамыту үшін бесжылдық бағдарлама әзірлеу туралы тапсырма бергенін, бұл өз кезегінде өңірлердегі агроөнеркәсіптік саланың дамуына серпін беретінін жеткізді.

Басқосуда сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжанат Ерғазина, Ақтөбе қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Наталья Головырин, ауған соғысының ардагері, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Марат Қойлыбаев, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Президент Жолдауына қатысты өз пікірлерін білдіріп, онда айтылған реформалар мен бастамалар туралы ой бөлісті.

— Бұл Жолдауда айтылған мәселелер — соңғы уақыттағы індетке байланысты емес, бұған дейін жылдар бойы жиналып келген, өткір, өзекті мәселелер. Ел Президенті өз Жолдауында ел экономикасын тұтынушылық қоғамнан тауар өндіретін қоғамға қарай бейімдеу мәселесін қозғады. Бұл — өте қуантарлық жағдай. Себебі қазіргі таңда әлем елдерінің тәжірибесін алып қарасақ, бәрі де ғылым-білімге күш салуда. Шындығында, біз бұған дейін білім-ғылымнан теріс айналып келдік, ендігі уақытта ғылым, жаңа технологияның арқасында жаңа кезеңге бет бұратын боламыз, — деді А.Айталы.

                                                                                                  Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button