Су — тіршілік көзі

Экология
Бүгінгі күні Ырғыз өңіріндегі лиманды су жаю жүйелерінің және гидротехникалық құрылыстардың экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді пайдаланылуы өте өзекті. Осы орайда, өткен аптада Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов пен «Казгипроводхоз» ЖШС өкілдері Омархан Тасболатов, Бекзат Наметов Ырғыз ауданында болып, жергілікті жердегі ахуалды бақылады.
Мамандар аудан әкімімен бірге Ырғыз, Қызылжар, Аманкөл, Тәуіп және Жайсаңбай ауылдық округтеріндегі бөгеттерді аралап, олардың мүмкіндіктерін саралады.
Ақши және Құти-Жалаңаш лиманды су жаю жүйелеріне, Айман бөгетіне қажетті деңгейде су жайылуы тұрғындарды мал азығымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қыл, Қожа су ұстау гидротехникалық құрылыстарының тұрғындардың тұрмыстық және кәсіпкерлік мақсаттағы жобаларын жүзеге асыруға және Торғай өзені бойының экологиялық ахуалын сақтауда алатын ықпалы зор. Бүгінгі күні Қожа, Қыл бөгеттері аралығында тосқауыл болатын қосымша құрылыстардың болмауы, өзен суының құрдымға қарай ағып кетуіне соқтырып отыр. Сондықтан екі бөгет аралығындағы Жарас, Айғырөткел бөгеттерін қалпына келтіру керек.
Жұмыс сапары аясында Қожа және Қыл бөгеттерінің бұзылған бөліктерін қалпына келтіру, сондай-ақ басқа да қосымша жұмыстар жүргізілуі керектігі анықталды. Сонымен қатар аудан әкімдігі экология саласы мамандарымен Ырғыз өңіріндегі лиманды су жаю жүйелері мен гидротехникалық құрылыстардың жобалау құжаттарын дайындау жөнінде келісімге келді. Алдағы уақытта аталған жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне қызмет етпек.
Д.АЙДАР,
Ырғыз ауданы.



