Бұлақтардың көзі ашылды

Табиғат
Қарауылкелді селосының жанында халық жылдар бойы үздіксіз пайдаланып келе жатқан «Мөлдір бұлақ» атанған су көзі бар.
Ауданның белсенді азаматы Қайрат Ізтұрғановтың бастауымен ауыл тұрғындары қолдау білдіріп, бірнеше еріктінің қатысуымен бұлақ көзі толықтай тазартылды.
Жаз басталса судың тапшылығы өзекті мәселеге айналады. Сондықтан ауыл тұрғындарының көпшілігі осы бұлақтан су тасып ішуге мәжбүр. Бірақ бұлақ суы көп жылдар бойы қараусыз қалып, әбден ластанған болатын.
Ауыл тұрғындары арнайы шот ашып, бұлақты қалыпқа келтіруге жететін қаражат жинады. Жиналған ақшаның басым бөлігі бұлақ басын жарықтандыруға жұмсалды. Сонымен бірге бейнекамера қондырылады. Осы арқылы бақылау орнатылады.
Тағы бір белсенді азамат Қабидолла Үмбеталы жастарды ұйымдастырып, үш бұлақтың көзін ашты. Олар енді бұлақтардың айналасына мал кірмейтіндей етіп қоршаулар орнатып, абаттандыру жұмыстарымен шұғылданғысы келеді.
Сондай-ақ Жалғыз тал атанып кеткен шағын табиғи бақты тазарту мен көпшілік Шлак қора дейтін жердегі екі бұлақтың көзін ашу да қолға алынды. Бұл іске үлес қосуда Райс Қозыбаев, Баубек пен Ербол Бердіғалиевтер, Жансерік Марқабаев, Бақытжан Қорбанов, Қарасай Өтеулин, Қонақбай Орынғалиев сынды азаматтар мен «Baiganin_live» жастарының еңбегі ерекше. Сондай-ақ белсенділер «Сақ Групп» ЖШС-ның аймақтық меңгерушісі Жолбатыр Мопықовқа техникадан көрсеткен көмегі үшін алғыс білдіреді.
Қуат ДОС,
Байғанин ауданы.



