Жаңалықтар

Қандай мекемелер жұмысын жалғастырады?

Қызмет көрсету

15 тамызда Ақтөбе облысы Бас санитарлық дәрігерінің облыс аумағында қатаң шектеу және карантиндік талаптарды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы №49 қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес дүйсенбіден бастап бірқатар объектілерге өз жұмыстарын бастауға рұқсат етілді. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова айтты.

— Ол үшін бұл нысандар InfoKazakhstan порталы арқылы қызметін жалғастыру үшін белгіленген талаптарға сәйкес екендігін растайтын электронды акт алуы тиіс. Бұлар — сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері (бутиктер), сауда желілері, аумағы 500 шаршы метрден асатын дүкендер, азық-түлік және азық-түлік емес бұйымдар сататын базарлар. Бұл жағдайда келушілер саны 30 пайыздан аспауы керек және 4 шаршы метрде 1 адамның ғана жүруіне рұқсат. Сондай-ақ сұлулық салондарының, шаштараздардың, СПА орталықтарының және косметологиялық қызмет көрсететін объектілердің жұмысына рұқсат етілді, алайда келушілер алдын ала жазылуы керек. Бассейндерсіз фитнес және спорттық-сауықтыру орталықтары да жұмыстарын бастай алады, келушілер саны 50 пайыздан аспауы керек. Бассейндерсіз моншалар мен сауналарға қойылатын талап та осындай. Балалар түзету кабинеттері, балалар және ересектер білім беру орталықтары да топта 5 адамнан артық адам қабылдамауы тиіс, олар да алдын ала жазылып келуі керек. Мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі кезекші топтарда 15 адамнан артық бала алуға рұқсат етілмейді, ашық ауадағы аттракциондарда адамдар қашықтық сақтап, санитарлық талаптарды орындауы керек.

Үй-жайларда, ашық ауадағы қоғамдық тамақтану объектілерінде келушілер саны 30 адамнан аспауы керек, ұжымдық іс-шаралар өткізуге болмайды. Сондай-ақ ауданаралық бағыттардағы қоғамдық көліктер мен такси қызметтерінің, ашық ауада жеке және топтық жаттығулардың (5 адамнан артық емес) және ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығулардың (30 адамнан артық емес) жұмыстарына да рұқсат етіледі. Барлық жағдайда да күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау міндетті, — деді ол.

Өз қызметін енді бастап, яғни қайта жалғастырып жатқан нысандар жұмыс мерзімін ішкі тәртіптеріне қарай реттейді. Ал бұған дейін жұмыс істеп келе жатқан азық-түлік дүкендері, супермаркет, автокөлік жөндеу орындары, нотариустар сынды бірқатар нысандар облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №42-43 қаулысында белгіленген уақытқа сәйкес жұмыс істей береді.

Карантиндік шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетіледі. Алғашқы кезеңде жұмысы рұқсат етілмеген нысандар да бар. Гүлбану Дәулетованың айтуынша, бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін керек. Облыстың Бас санитарлық дәрігерінің облыс аумағында қатаң шектеу және карантиндік талаптарды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы №49 қаулысына сай ойын-сауық, спорттық, отбасылық, салтанатты және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады.

— Ойын-сауық мекемелерінің — караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, кальян, аттракциондар, балалар ойын алаңдары, батуттардың, кинотеатрлардың, букмекерлік кеңселердің қызметтеріне, мәдениет объектілерінің, мұражайлардың жұмысына, фудкорт, банкет залдарына қалалық және қоғамдық жағажайлардың, бассейндерінің, ашық аквапарктердің жұмысына, діни нысандардың жұмысына тыйым салынып отыр. Сонымен бірге балаларды сауықтыру лагерьлері, кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемелері де әзірге жұмыс істемейді. Конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге әзірге болмайды. Сондай-ақ қала маңындағы жолаушылар пойыздары мен жалпы вагондардың (жұмыс пойыздарын қоспағанда) және қалааралық автобус, шағын автобус тасымалдарының қозғалысына (ауданаралық автобустарды, шағын автобустарды, таксилерді қоспағанда) тыйым салынады, — дейді ол.

Демалыс күндері, яғни сенбі күні сағат 00.00-ден бастап дүйсенбі күнгі сағат 00.00-ге дейінгі аралықта қызметін қайта жалғастыруға мүмкіндік алған барлық нысандардың қызметі тоқтатылады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button