«Шаңырақ» бағдарламасы басталды

Тұрғын үй
Дүйсенбі, яғни 17 тамыздан бастап «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасын жүзеге асыра бастады.
Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені бірінші кезеңде баспанаға мұқтаждар, оның ішінде 1986-2010 жылдар аралығында әкімдікте тұрғын үй кезегіне тұрған ел азаматтары ала алады. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең жеңілдетілген заемды алу үшін бағдарламаға қатысушылар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарына займ сомасының 10 пайызына тең соманы бастапқы жарна ретінде жинаулары қажет. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін. Сондай-ақ соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан аспайтын (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап КМ – 32 668 теңгеге тең) кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Яғни отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс.
— Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар бағдарламаға қатысу үшін өтініштерін 17 тамыздан бастап 16 қыркүйекке дейінгі аралықта тек hcsbk.kz сайты арқылы электронды түрде бере алады. Бұл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» клиенттеріне де, әзірше банктен салым ашып, клиенттер қатарына қосылып үлгермеген тұрғындарға да қатысты. Ол үшін hcsbk.kz сайтындағы «Пилоттық жоба «Шаңырақ» бөліміне кіріп, «Тексеріп, өтініш беру» батырмасы арқылы электрондық өтінішті толтыру қажет. Бұл бағдарлама бойынша баспананы тек жаңа үйлерден ғана алуға болады. Бұл үйлер — «5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктердің тапсырмасы аясында тұрғызып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компаниялары салған үйлер. Соңғысының тізімін hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады. Әр облыстағы баспана құнының ең жоғары мөлшері белгіленген. Ақтөбеліктер құны 12 миллион теңгеге дейінгі пәтерлерді сатып ала алады. Бұл ретте 1 шаршы метрдің құны 180 мың теңгеден аспауы қажет, — дейді аталған банктің облыстық филиалы өкілі Мақсат Заитов.
Биыл «Шаңырақ» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бюджеттен 210 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы бөлігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» түсті. Осы бюджетке сәйкес, елімізде шамамен 7-8 мыңдай отбасы баспаналы болмақ.
Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының» кепілдігі болған жағдайда, пәтерді жеке құрылыс компаниялары ұсынған үйлерден де сатып алуға болады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



