Жаңалықтар

Тәжірибелер талқыланды

Медиация

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен  ZOOM платформасында онлайн режимде «Қазіргі кезеңдегі медиация: жаңа форматтар» тақырыбында  облыстық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, бірқатар медиаторлар марапатталды.

Онлайн конференцияға облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Қорғанбаева, «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басшысы С.Балпеисова, Ақтөбе қаласындағы және облыс  аудандарындағы кәсіби медиаторлар мен заңгерлер, судьялар, т.б қатысты. Сондай-ақ онлайн кездесуде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Concordia»  медиаторлар одағы қоғамдық бірлестігінің президенті А.Муятдинова болды.

Басқосуды облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Қорғанбаева ашты. Одан әрі онлайн конференцияға қатысушылар медиация туралы, бітімгершілік жолында атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты баяндама жасады.

Сонымен қатар шарада медиацияның қоғамдағы рөлі мен дауласушы екі тарапты бітімгершілікке келтірудегі тәжірибелер туралы айтылып, елімізде төтенше жағдай басталған уақыттан бері  ҚХА жанындағы Медиаторлар кеңесі де «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірге аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсеткендігі туралы да мәлімет берілді.

Шара соңында медиаторлар «Медиация саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбеттің Алғыс хатымен және «Медиация қызметін дамытуға қосқан үлесі үшін» Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Марапатқа ие болғандардың қатарында облыстық Ассамблея жанындағы Медиаторлар кеңесінің төрағасы Светлана Балпеисова, кәсіби медиатор Гүлзия Иманбаева, Ақтөбе облыстық сот алқасының судьясы Н.Ормаханов, ҚХА жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Ж.Қалиевалар бар.

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық ҚХА жанындағы Медиаторлар кеңесінің құрамында 20-ға жуық медиатор жұмыс жасайды. Олардың көмегімен соңғы 6 айда 128 іс қаралып, медиаторлардың келісімімен 39 іс шешілді.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button