Жаңалықтар

Ғылыми жоба жемісі

Сынақ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ашық грунтта өсірілген қиярдың отандық сорттарына дегустациялық баға беру өткізілді.

Дегустаторларға қиярдың 6 сорты ұсынылды. Алынған қияр өнімдері дәмдік сапасына және тағы да басқа органолептикалық қасиеттері бойынша бағаланды.

Бұл — біздің университеттегі ғалымдардың «Ашық және қорғалған топырақта отандық селекциялық қияр сорттарын өсірудің технологиясы» ғылыми-инновациялық жобасы аясында жасаған еңбектерінің бірі. Жоба бойынша биология кафедрасының оқытушылары жұмыс жасап жатыр, — дейді жоба жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты Әлия Базарғалиева.

Биылдан бастап аталған оқу орнының ғалымдары «Ашық және қорғалған топырақта отандық селекциялық қияр сорттарын өсірудің технологиясы» ғылыми-инновациялық жобасын қолға алған. Олар сорттық сынау жұмыстарын екі жыл қатарынан жүргізеді. Мақсат — облыстың ашық және қорғалған топырақ жағдайында отандық қияр сорттарының өсуін, өнімділігі мен сапасын бақылау.   Жоба қызметкерлері қияр сорттарының көрсеткіштерінің қорытындысы бойынша Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығына арнап қиярдың жаңа — Әлия сортын шығаруды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, дегустациялық бағалау шарасы қазіргі жағдайға байланысты барлық санитарлық талаптарға сай өткізілді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button