Жаңалықтар

8999 теңгеге — Шымкентке, 4999 теңгеге Атырауға ұшуға билет ала аласыз

1 шілдеден бастап Ақтөбе тұрғындары бар болғаны 8999 теңгеге ұшақ билетін алып, Шымкентке, 16 шілдеден бастап 4999 теңгеге билет алып, Атырауға ұшып бара алатын болады. Мұндай мүмкіндікті лоукостер – «FlyArystan» әуе компаниясы ұсынып отыр. 

Былтыр мамыр айында Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы алғашқы лоукостер – «FlyArystan» әуе компаниясы өз жұмысын бастады. Лоукостер тұрғындарға ұшақ қызметін қолжетімді бағамен пайдалануға мұмкіндік береді. Лоукостер дегеніміз не?

Әлемде 520-дан астам әуе компаниясы бар екен, олар дәстүрлі және лоукостер деп екіге бөлінеді. Дәстүрлі әуе компаниялар орынды таңдаудан бастап, жолжүкті тегін алып жүру, сапар кезінде тамақтануға дейінгі толық қызмет түрін ұсынады. Олардың әуе паркінде әртүрлі әуе кеме түрлері бар, әрбір ұшақ түріне арнайы ұшқыштар мен инженерлер даярланады және де екі түрлі борттың қызметкерлері бір-бірінің орнын алмастыра алмайды. Борттары эконом-класпен, бизнес немесе бірінші класс салондарымен де жабдықталған. Яғни мұндай барлық қызмет түрін кешенді түрде көрсететін дәстүрлі әуе компанияларының ұшақ билеттері арзан болмайды.

Ал лоукостерлер қызметтің тек негізгі түрлерін ғана ұсынады: сіз қолжүкпен ұшу қызметін ғана пайдалана аласыз. Жолжүк, бортта тамақ ішу, орынды таңдау секілді қызмет түрлерін жолаушы тек өз еркімен қосымша сатып ала алады. Олардың әуе флотында ұшақтың 1 түрі ғана болады және де экипаж бен инженерлер бір бағдарлама бойынша дайындалады. Барлық жолаушылар бірдей эконом-класты салонға жайғастырылады. Ал билеттерді лоукостерлер, артық комиссияға шығынданбай,  тікелей өз сайты арқылы сатуға тырысады. Бұл жолаушыларға ұшақ билеттерін төмен бағаға сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл студенттерге, жас отбасылар мен жаңадан аяққа тұрып келе жатқан кәсіпкерлерге өте ыңғайлы. Себебі билет құны қалтаңды қақпайды, барар жеріңе тезірек бара аласың. Қысқасы, ұшақ билеті бағасы кейбір бағыттарға пойыз билетінен де арзан болуы мүмкін. Мәселен, лоукостер «FlyArystan» әуе компаниясының ең арзан билеттері 3999 теңгеден басталса, науқан кездерінде олардың бағасы  999 теңгеге ұсынылған еді.

Лоукостер – «FlyArystan» әуе компаниясы берген ақпаратқа сай жарнамада көрсетілген бағалар – минималды тарифтер және де олар кейде өзгеріп тұрды. Бюджеттік компанияның ресми flyarystan.com сайтында билеттер сатылымы бірнеше ай бұрын ашылады, ал арзан билеттер оларды бірінші алып үлгергендерге қолжетімді болады. Билет құны сұранысқа байланысты өзгеріп тұрады, яғни ұшу күні жақындаған сайын, арзан билеттер саны соғұрлым аз болады. Жоғары сұраныс мейрам, демалыс және жазғы маусымда аса қатты байқалатынын ескерген жөн. Бұдан ескеретін бірінші ереже – ертеңді күтпей, билетті бүгін сатып алыңыз.

Аталған әуе компаниясының «Тиімді», «Икемді», «Стандарт Плюс» сынды бірнеше тарифі бар. Оның ережелері де әртүрлі. Бұл ақпараттармен толық әуе компаниясының сайтынан танысуға болады. Ең басты шарт — арзан билет алғыңыз келсе, сапарды ертерек жоспарлап, билетті ертерек алу қажет.

Бюджеттік әуетасымалдаушы әуе паркінде 6 «Airbus A320» ұшағы бар. Бұл еліміздің ең жас реактивті флоты болып саналады. Ұшақ салоны немістің «Recaro Slim» орындықтарымен жабдықталған.

Ең бастысы, ұшақтардың техникалық тексерісін «Эйр Астана» әуе компаниясының инженерлік құрамы жүзеге асырады. Себебі «FlyArystan» – аталған ұлттық компанияның құрамдас бөлімі. Бұл лоукостердің жоғары стандарттарға сәйкес жұмыс істейтінін көрсетеді.

                                                                                                Өз тілшіміз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button