Жаңалықтар

Биыл облыста 457 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Облыста 30 миллион гектардан астам жер бар. Оның 26 миллион 300 мың гектары — ауыл шаруашылығына жарамды жер. Қазіргі күні соның 10 миллион 672 мың гектары пайдаланылып отыр. Бұл — 35-36 пайыз. Оның ішінде суармалы, шабындық жерлер де бар. Аймақтағы 9 миллион гектардан астам алқап жайылымдық жердің үлесіне тиеді.

Жерді тиімді пайдалану, бос жатқан жерді игеру мәселесі аймақта қалай шешіліп жатыр? Осы және ауыл шаруашылығына қатысты басқа да сауалдарға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай мен облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаевтар жергілікті телеарнадағы хабар барысында жауап берді. 

Жер — мемлекеттің байлығы. Шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жер 49 жылға дейін жалға беріледі. Сондықтан осындай мақсатқа алынған жер міндетті түрде халыққа өз пайдасын әкелуі керек. Ол үшін шаруа қожалықтары жерді тиімді пайдалануы қажет. Бізде бұл мәселеде әлі де болса кемшіліктер, жасалмай жатқан жұмыстар бар. Яғни шаруалар жерді алғанмен, оны уақтылы пайдаланбайды. Егістік жерлер де айналымға сәйкес жұмыс жасауы тиіс. Егер бір жерге үш жыл қатарынан егіс егілсе, төртінші жылы парға тұруы мүмкін. Ал мұндай жерлер жыл сайын игерілмей, қала берсе, онда осындай алқаптар «тиімсіз пайдаланған жерлер» қатарына жатқызылады. Мал шаруашылығындағы жайылымдық жерлер де солай, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Оның айтуынша, облыс аумағындағы жер 3 аймаққа бөлінген. Оның әрқайсысында 1 бас малға қанша гектар жер қажет екендігі турасында министрліктің арнайы нормативі бар. Сол нормативке сәйкес, шаруа қожалығының иелігінде малдың кемі 20 пайызы болуы керек. «Егер шаруашылық иелігінде малдың 20 пайызы болса, біз оларға ешнәрсе айта алмаймыз. Себебі шаруашылық басшысы жерді игеріп отыр деген сөз. Алайда одан кейінгі жылдары шаруашылықтағы малда өсім болуы қажет. Өйткені ел халқының 43 пайызы — ауыл тұрғындары. Сондықтан олар халықтың қалған бөлігіне, яғни 57 пайызына жерді пайдалану арқылы өнім жеткізуі керек. Бұл орайда  жерді пайдаланушылар тек «өз отбасыма пайда келтірсем» деген түсініктен арылуы керек. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің аудандарға жасаған сапары кезінде осы мәселеге байланысты айтып жатқан сын-ескертпелері өте дұрыс. Қазіргі күні аймақта бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару, оны қайта айналымға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен әлі де жасалатын жұмыстар көп», — деді Қ.Сәрсембай.

Биыл өткен бес айда шаруалардан 457 мың гектардың үстінде жер кері қайтарылған. Оның ішінде 248 мың гектарға жуық жер қайта айналымға енгізіліпті. Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, мұндай жұмыстар түбегейлі жүргізілетін болады. «Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізуге жағдай жеткілікті. Себебі бізде жерді қайтарып алу мен пайдаланылуына мониторинг жасау жұмыстарымен облыстық инспекция айналысады. Былтырдан бастап әрбір ауданда инспекцияның бір-бір штаты құрылды. Сондықтан жұмыс тезірек жүреді деп ойлаймын», — деді басқарма басшысы.

 

Биыл аймақта 787 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның 610 мың гектары — көктемгі егіс. Қазіргі таңда 597 мың гектар алқапқа егін егілген. Яғни жұмыстың 98 пайызы аяқталған.

Өзіміздің болжамымыз бойынша, биыл жақсы көрсеткіштен үміттіміз. Себебі ауа райы қолайлы болып тұр. Егіс егіп болғаннан кейін күн  ысыды. Осының барлығы егіске қолайлы жағдай туғызады деп ойлаймыз, — деді Қ.Сәрсембай.

Сондай-ақ хабар барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев мал ауруларына, оның ішінде екпе жұмыстарына қатысты атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.

Қазір жоспарға сәйкес облыстың мал дәрігерлері екпе жұмыстарын, диагностикалық іс-шараларды жүргізіп жатыр. Алты айға бекітілген жоспар бойынша бұл жұмыстар аяқталуға жақын қалды. Ендігі міндет — мал қораларын залалсыздандыру. Ол үшін әрбір ауданда дезинфекциялық жұмыстарға арналған көлігіміз бар. Алдағы уақытта ветеринарлық станса мамандары осындай жұмыстарға кіріседі. Бұл — мал иесімен келісіліп, ақылы түрде жүргізілетін шара, — деді облыстың бас ветеринары.

Бүгінде ауылдардағы ветеринар мамандардың көлігі ескірген. Бұл мәселені тікелей эфир кезінде ауылдан қоңырау шалған көрермендердің бірі айтты. К.Қанатбаевтың айтуынша, ауылдағы ветеринар мамандардың көлігін жаңарту әзірге жоспарда жоқ. Мұндай көліктер ішкі қаражат есебінен жөнделуі тиіс.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button