Жаңалықтар

«Арман қала» — тиімді жоба

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 11 мамырда көше саудасын дамытуға арналған «Arman qala» жобасы аясында жер телімін жалға беру үшін өтініштер қабылдауды бастады. Ақтөбеде соңғы үш жылда «Arman qala» жобасы аясында 44 сауда павильоны ашылған. Бір ерекшелігі — бұл жобаға көпбалалы аналар жеңілдікпен қатыса алады.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға қалалық әкімдік қолдау білдіріп отыр. Жобаның мақсаты —  шағын және орта бизнесті қолдау, отандық өндірісті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу.

Жоба қалай жүзеге асырылады? Оның артықшылығы және ерекшелігі неде?

Ең басты нәрсе — егер сіз жобаға қатысқыңыз келсе, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалға жер ала аласыз. Сол жерге өз павильоныңызды тұрғызып, саудамен айналысуға мүмкіндік бар. Шығатын шығын — жерді жалға алу құны ғана.

— «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жер алған тиімді. Жер телімі 5-7 жылға жалға беріледі. 1 шаршы метр жерді жалға алу құны оның көлеміне қарай айына 20-30 мың теңгенің шамасында болады. Мысалы, 15 шаршы метр жер учаскесін жалға алғаны үшін кәсіпкер жылына 255 мың теңге төлейді. Бұл соманы 12 айға бөлсек, айына 21 250 теңге шығады, — дейді «Ақтөбе» ӘКК жобаларды талдау және сүйемелдеу департаментінің директоры Әлімжан Жалбаторов.

Әлбетте жерді жалға алатын адам кәсіпкер болуы шарт. Жобаға барлық шағын және орта бизнес субъектілері қатыса алады. Оның бизнес жобасы, яғни, немен айналысатыны туралы нақты мақсаты болуы керек. Жердің қай жерден берілетінін қалалық әкімдік белгілейді, яғни, кәсіпкер тек осы тізімдегі жер телімін ғана ала алады.

— Көше саудасын дамытуға арналған бағдарламаның шарты бойынша, егер бір жер учаскесіне төрт және одан көп адам үміткер болса, аукцион өткізіледі. Төрттен аз болса, үміткерлер жобаны комиссия алдында қорғайды. Конкурсқа қатысу үшін кәсіпкер кепілдік жарнасын төлеуі керек, егер ол ұтылып қалса, ақшасы кері қайтарылады. Ал егер жеңіп, жерді жалға алатын болса, ол қаражат жерді рәсімдеу, құжат әзірлеу жұмыстарына жұмсалады. Яғни, жерді жалға алған адам жер рәсімдеу үшін қосымша қаржы жоғалтпайды. Жер учаскесін жалға алғаннан кейін кәсіпкер екі айдың ішінде павильон орнатып болуы тиіс. Бұл талап уақытында орындалмаса, жерді жалға алушымен арадағы келісімшарт бұзылады.

Жер телімі 5-7 жылға жалға беріледі. Осы мерзім ішінде кәсіпкер бизнеске салған ақшасын қайтарып, табыс таба бастайды.

Көше павильонында кәсіпкер не сатамын десе де өз еркі. Өз өнімін де саудаға шығара алады. Егер кәсіпкер өнім өндіруші болса, тіпті жақсы —  өнім арадағы делдалсыз сөреге шығарылатын болса, әлбетте, оның бағасы да тұтынушының қалтасына ауыр болмайды. Дегенмен бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, темекі және алкоголь  өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынады.

— Мұндай павильондар әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ұтымды. Шаруалар ет, сүт, балық, көкөніс, тіпті ұн өнімдерін делдалсыз сатады. Қазір қала көшелерінде орналасқан павильондарда фастфуд, жеміс-жидек, тәтті нан, кофе, газет, тіпті  гүл де сатылып жатыр. Мұндай нысандарда тігін ательесін немесе шаштараз да ашып қоюға болады. Ең бастысы, сауда жүргізуге арналған павильондардың санитарлық жағдайын қатаң бақылауда ұстау шарт. Кәсіпкер павильонның іші-сыртын таза ұстап, павильонның айналасын абаттандыруы тиіс, — дейді Әлімжан Жалбаторов.

Әлеуметтік жоба аясында тұрғындардың әлсіз санатына да жеңілдіктер қарастырылған. Өткен жылы көпбалалы екі анаға, биыл жыл басында өткізілген конкурс нәтижесінде балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған бір әйел адамға көше павильонын ашуға арналған жер телімі жеңілдікпен берілген. Мәселен, көпбалалы Әлия Сақиева мен Гүлмира Дабышевалар осылайша жеңілдікпен жер телімін алып, көкөніс сатумен айналысуды жөн көрген. Олардың біріне жер телімі Есет батыр көшесі, №158 «г» мекенжайы бойынша берілсе, екіншісіне ағайынды Жұбановтар көшесіндегі 293 «д» мекенжайында орналасқан учаске бұйырған.

Олар конкурсқа қатысу үшін кепілдік жарнасын төлемейді. Және жер телімін алғаннан кейін бір жылға дейін жалға алу құнын төлемейді, яғни, бір жыл жерді тегін пайдаланады.

— Бұған қоса жыл бойы біздің мамандардан тегін кеңес алып отырады. Өзге кәсіпкерлер тұрғындарға түрлі жеңілдік акциясын ұйымдастыра алады. Мысалы, әр жұма сайын зейнеткерлерге немесе көпбалалы отбасыларға, басқа да әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға 10 пайыз жеңілдік жасағаны құпталады, — дейді Әлімжан Жалбаторов.

Әлімжан Жалбаторовтың айтуынша, қазіргі уақытта 18 жер учаскесіне қатысты  өтініш қабылданып жатыр. Оның ішінде К.Нокин даңғылы (жәрмеңкеге қарама-қарсы), Гришин көшесі, Тәуелсіздік көшесінде екі жер учаскесі, Абай даңғылында — екеу, «Нұр Ақтөбеде» 13 жер учаскесі жалға берілмек. Олардың аумағы 15 шаршы метрден 50 шаршы метрге дейін. Жер телімдері 5 жыл мерзімге жалға беріледі.

Биыл әлемде пандемия жарияланып, елімізде төтенше жағдайдың енгізілуі кәсіпкерлік саласына қиындық туғызды. Көптеген кәсіпкерлер сауда орындарын жауып тастауға мәжбүр болды. «Аrman qala» жобасы бойынша жер алып, кәсібін жүргізіп келгендердің де дені табысынан айырылды. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы елдегі қолайсыз жағдайға байланысты ісі тұралап қалған кәсіпкерлерге жеңілдік ұсынды:

— 1 сәуірден бастап жер учаскесін жалға алғандардың ай сайынғы төлемін есептеуді кейінге шегердік. Жеңілдік мерзімі 1 шілдеге дейін. Осы аралықтағы үш айдың төлемін кейінгі айларға теңдей бөліп, есептейміз, — дейді Әлімжан Жалбаторов.

Жобаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет:

  • жеке куәлік.
  • жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС-ны тіркеу туралы куәліктің көшірмелері.
  • өтінім тапсыру сәтінде салық қарызының жоқтығы туралы анықтама.
  • ықтимал қатысушыларға белгіленген кепілдемелік жарнаны (кепілдемелік жарна мөлшері 50 айлық есептік көрсеткіш — 138 900 теңге) төлегенін растайтын түбіртек.
  • бизнес-жоспар.
  • жер учаскені алу туралы өтініш.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button