Басты жаңалықтар

Туған күніңмен, Димаш!

Бүгін Димаш Құдайбергеннің туған күні. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әнсүйер жұрттың жүрегін саф өнердің тазалығымен жуындырып, ән салғанда адал махаббатты аңсаған көңілдерді алай-түлей күйге түсіретін қазақтың қара баласын бүгінде біздің планетаның ендігі мен бойлығындағы миллиондаған тыңдаушысы жақсы біледі. Оның алты октаваны алатын алтын дауысын алғаш рет туған жері Ақтөбедегі жұрты ғана естіген болса, бүгінде Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлы даладан ары асып, алты құрлықтың құлақ құрышын қандырып отыр. Бүгін сол біздің баламыздың туған күні. Димаш 26 жасқа толды. Ол 1994 жылы Ақтөбеде дүниеге келген.

Димашты өзі құрметпен қарайтын, «қымбаттыларым —  dears» деп атайтын жанкүйерлері өнер әлемінің «Ди ханзадасы» деп атайды. Димашты әр қазақ өз балам деп есептейді, ал өз балаңа біреу жақсы сөз айтып жатса, көңілің марқайып, іштей өсіп қалатынымыз рас. Сондықтан біздің Димашқа сырт әлем «ханзада» деп көкке көтеріп, өнерін бағалап жатса, қалай қуанбайсың? Димаштың туған күніне өз баласының туған күніне дайындалғандай дайындалып жатқан dearsтардың пейіліне қалай сүйсінбейсің?

Қараңыздаршы, сонау қытайлық dearsтар Солтүстік-Батыс Қытайда Тэнгэр шөліне Димаш деп аталатын 2780 ағаш (гүл көшеттерін) еккен. Ханзаданың туған күніне сый ретінде.

«Бұл құм дауылын тоқтатуға, жел ықпалын азайтуға және қоршаған ортаны жақсартуға көмектеседі. Қоғамның жақсаруы барлық заманда маңызды. Біз Димаштың сүйіспеншілігі мен мейірімін үнемі есте сақтаймыз. Сондықтан осындай кішкентай жүрек Жер шарын жақсартатынына үміттенеміз», — деп жазылған жанкүйерлер парақшасында.

Қытайдағы dearsтар осылайша қурап жатқан жерлерді жасылдандыруға арналған «Million Forest» бағдарламасына қатысыпты. Аталған жоба аясында қытайлар ені 1 шақырым, ұзындығы 500 шақырым жерді жасылдандырмақ.

Бұл —Димаштың туған күніне арналған қытайлық dearsтардың екінші осындай ерекше сыйлығы. Олар 2017 жылы да ханзаданың туған күніне орай Синьцзяндағы шөл далаға 1142 тал еккен.

Жанкүйерлер «жүрек» деп Димашты айтып отыр. Ұлы дала ұлының шынайы таланты осылайша шөл даланы гүлге толтыруға ықпал етіп жатса, қалай марқаймайсың?..

https://www.instagram.com/p/CAblazSA5Jd/?utm_source=ig_embed&utm_campaign=loading

Ал Индонезиядағы Димаштың ең ірі жанкүйерлер клубының бірі — Dimash Indonesian Dears (DID) ханзаданың туған күніне бірнеше тосынсый әзірлеген: олар ханзадаға бейнеқұттықтау жасап жолдады. Ал 17 мамыр күні DID мүшелері Индонезияның Ява аралында орналасқан Орталық Ява провинциясының  астанасы Сукохарджо қаласында қайырымдылық шарасын өткізіпті. Олар

«Yayasan Bangun Kemandirian Bangsa» әлеуметтік қорымен бірге сыртында Димаштың суреті бар шыны ыдыстағы балды кедейлер мен жетімдерге таратқан. Сондай-ақ Димаштың суреті бейнеленген алып торт пен пудинг пісіріп, бейнебаян түсірген.

Біздің талантты баламыздың есімінің өзі сонау сегіз мың шақырым қашықтықтағы аралда жатқан Индонезиядағы жетім-жесірдің көз жасын сүртуге жарап жатса, қалай мақтанбайсың?..

https://www.instagram.com/p/CAhFULyAKEk/

Димаштың Франциядағы dearsтары инстаграмындағы парақшасында Димаштың фан-әлемінің барлық клубтарының арасында 24 сағатқа созылатын конкурс өткізілетіні жазылыпты. Оның шарты — әр dears өзінің Димашты алғаш рет қайдан көргенін, Димаш-әлемді қай сәтте танығанын, осы әсем әлемнің өз өміріне қалай әсер еткенін 300 жолға сыйдырып жазу.

Бұл хабарлама dearsтардың барлық елдердегі парақшаларында жарияланған.

«Байқау нәтижесі 1 маусым күні жарияланады. Жеңімпаздардың Димашпен танысу тарихы фан-клубтардың парақшаларында жарияланады және сыйлықтар пошта арқылы жіберіледі», — делінген онда.

https://www.instagram.com/p/CAZh6ypqKMq/?igshid=1becfnjj1p4i2

Якутиядағы Сахаdearsтарөздерінің ұлттық аспабы хомуста ойнап, Димашқа қазақ тілінде бейнеқұттықтау жіберіпті.

Грекияның кішкентай балапандары да Димаш ағасына қазақ тілінде сәлемдеме жолдаған.

Эстониядағы жанкүйерлер Димаштың туған күніне Таллиндегі 300 жылдық тарихы бар Кадриорг саябағына арнайы тал отырғызғанын жазады. Бұл шараға Эстониядағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері де қатысыпты. Біздің баламыздың таланты әлемнің әр түкпіріндегі ұлттар мен қазақтың арасында достық орнатып жатса, қалайша қуанбасқа?

Испаниядағы Димаштың жанкүйерлері өз фотсуреттерінен коллаж дайындап, Димаштың алып картинасын жасапты.

Болгариялық dearsтар Димаштың орындауындағы сегіз әннен тұратын арнайы граммофон пластинкасын жасапты. Жанкүйерлердің бірі Милены Дойчеваның идеясымен жасалған бұл пластинкаға Димаштың әндерімен бірге болгарлық dearsтартың да сәлемдемесі енгізілген.

 

Димаштың АҚШ-тағы, Қырғызстандағы, Франциядағы, басқа да елдердегі фанаттары да сүйікті әншілерін жарыса құттықтап жатыр.

 

Қазақстандағы dearsтардың басын біріктіретін «Димаш достар»фантобының   зор қолдауымен бүгін, 23-інен 24-іне қараған түні, сағат Нұр-Сұлтан уақытымен 00.00-де әлемдегі барлық dearsтардың қатысуымен  Димаштың YouTube арнасында тікелей эфир өткізілді. Эфир барысында дүниежүзіндегі dearsтар сүйікті әншісіне арнаған тосын сыйларын ұсынып, құттықтауларын жолдады. (Дүниежүзіндегі dearsтардың Димаштың туған күніне қалай әзірленіп жатқаны туралы ақпараттарды іздестіруге көмектескен «Димаш достар» фан тобының мүшесі Айгүл Тоғысбайқызына рақмет айтамыз— ред.)

https://www.youtube.com/watch?v=sNK_nZT_vnA

Сондай-ақ бүгін «Хабар» арнасында Ақтөбе уақытымен сағат 15.45-те «DIMASH SHOW» жобасы көрсетілмек. «АЛҒАШ РЕТ ТЕЛЕЭКРАНДА! Димаш Құдайбергеннің өмірлік көзқарасы, бала кездегі естеліктерімен ең үлкен қорқынышы және ән айту мәнерінің кішігірім құпиялары «DIMASH SHOW» арнайы жобасында ашыла түспек» деп жазылған. «Хабардың» инстаграмдағы парақшасында.

Бұл туралы Димаштың әлем елдеріндегі фан-клубтары да өз парақшаларында жарыса жарнамалап жатыр. Ендеше бүгін түстен кейін әлемнің назары тағы да біздің елге ауғалы тұр.

P.S. Димаш туралы тоқтаусыз жазып, үздіксіз айта беруге болады. Ол туралы дүниенің әр түкпірінен әлемнің неше түрлі тілінде айтылған жақсы сөздерді оқып үлгермейсің. Оның талантына бас иген, осындай дарынды ұлды туған қазақ ұлтына алғысын жаудырған жалпақ әлемге қарап тұрып Димаштың өзіміздің баламыз, бауырымыз екеніне қуанасың. Димаштың туған күнінде әншіні қазақ тілінде құттықтаған dearsтартың дауысынан әлем бір сәт тұтас қазақ тілінде сөйлеп, әлем бір сәт тұтас қазақ тілінде ән салып тұрғандай…

Туған күніңмен, Димаш!

 

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button