Жаңалықтар

Жеке көлікпен жүруге рұқсат берілді

Тікелей эфир

1 мамырдан бастап ақтөбеліктердің жеке көлікпен жүрулеріне рұқсат берілді. Жаяу жүргіншілер мен жеке автомобиль иелері енді қала аумағында сағат таңғы 6.00-ден кешкі 20.00-ге дейін еркін жүріп-тұра алады. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев «Aqtòbe» телеарнасында өткен «Ақпараттық сағат» бағдарламасы барысында мәлімдеді.

— 1 мамырдан бастап таңғы 6-дан кешкі сағат 20.00-ге дейін жаяу жүргіншілер мен жеке көлік иелеріне еркін жүруге рұқсат берілді. Саяжайға барған ақтөбеліктер де осы уақыт аралығында үйлеріне қайтулары керек. Ал кешкі сағат 20.00-ден кейін карантин режимін бұзған азаматтарға қатысты шаралар қолданылатындығын тағы да ескертіп айтамыз. Өйткені қаладағы карантин режимі әлі аяқталған жоқ. Тұрғындар өз үйлерінің ауласында серуендеп, спортпен шұғылдана алады. Бірақ бұл бұқаралық спорт емес. Спортпен жеке айналысу керек. Үш адамнан артық жиналуға болмайды. Саябақтар мен адам көп жиналатын алаңдарда әлі де серуен құруға рұқсат жоқ. Тұрғындардан сыртқа шыққанда санитарлық талаптарды сақтап, белігілі бір себептермен ғана шығуларын сұраймыз, — деген Қанат Әлиев тікелей эфир барысында ақтөбеліктер тарапынан қойылған бірнеше сұраққа жауап берді.

27-29 сәуір аралығында саяжайға баратын рұқсат қағазын алып үлгермегендігін айтып хабарласқан тұрғындарға:

— Халық нөпірін тудырмас үшін саяжайға баратын рұқсат қағазын алуды қаладағы 30 мектепке бөліп, ұйымдастырған болатынбыз. Сол жерлерден бір-екі күннің ішінде көпшілігі алып үлгерді. Қазір рұқсат қағаз алатындар саны азайды. Ол кезде алып үлгермеген болсаңыз, ендігі жерде қалалық әкімдікке барып ала аласыз, — деп жауап берді полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.

Тікелей эфир барысында «Қала аумағындағы блок-бекеттер қашан алынады?», «Аудан тұрғыны едім, қалаға шаруаларыммен келіп, ауылыма қайта алмай отырмын» деген секілді сауалдар көп қойылды.

— Өздеріңіз білетіндей, еліміздегі төтенше жағдай мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды. Осыған байланысты Ақтөбе облысы аумағындағы шектеу шаралары мен Ақтөбе қаласындағы карантин мерзімі де 11 мамырға дейін созылады. Сондықтан оған дейін блок-бекеттер алынбайды. Әрине, облыс орталығы карантинге жабылмай тұрып келіп қалған тұрғындар бар. Бірақ карантин режимі алынбай, олар облыс орталығынан шығарылмайды. Талап бірдей, заң ортақ. Тұрғындардың түсіністікпен қарауларын сұраймыз. Ал аудан орталығында тұратын тұрғындар қолында бар анықтамасымен облыс орталығына келе алады, — деген Қанат Әлиев төтенше жағдай кезінде 1183 құқықбұзушылық тіркелгенін айтты.

«Нұр Ақтөбе» ауданында бірде-бір жерде жол белгілері мен бағдаршам жоқ. Учаскелік инспекторды танымаймыз» деп шағым айтқан тұрғындарға полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

— Бұл сұрақтар бұған дейін де қойылған болатын. Біздің департамент бағдаршам қою жұмыстарымен айналыспайды. Біз тек қойылатын жерді көрсетіп, нұсқама береміз. Өткен жылы қалалық әкімдікке 700-ге жуық нұсқама берілді. Мердігер мекеме анықталған соң бұл жұмыстар қолға алынады. Ал бүгінгі таңда «НұрАқтөбе» ауданында 3 учаскелік инспектор жұмыс жасайды. Олардың толық аты-жөні мен байланыс телефондарын 8(7132) 936-339 нөміріне хабарласып, біле аласыздар, — деп жауап берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button