Ораза қашан басталады?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйғарымы бойынша биылғы рамазан оразасы 24 сәуірден басталады.
Бұл —В.Фесенков атындағы ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының мәліметтеріне сүйеніпжәне ислам дінін ұстанатын көрші елдердің дінбасыларымен кеңесе отырып қабылданған шешім.
Рамазандағы алғашқы тарауық намазы сәуірдің 23-нен 24-не қараған түні оқылады. Әлемді жайлаған індетке, яғни пандемияға байланысты биыл мешіттерде тарауық намазы оқылмайды, ҚМДБ оны әр адамға өз шаңырағында отбасымен бірге оқуға кеңес береді. Сондай-ақ ҚМДБ мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар беруді де уақытша тоқтатуға шақырып отыр.Өз отбасыңыздан басқа адамдарға ауызашар беруге ниеттенсеңіз, ол ниетті мейрамханаларға тапсырыс беріп, үйіне жеткізу; мұқтаж жандарға азық-түлік тарату; ораза ұстаған адамдарға ауызашар шығындарын қаржылай жолдау секілді жолдармен іске асыру ұсынылады.
Биыл пітір садақаның мөлшері жан басына 370 теңге болып белгіленді. Бұл — ұнның орташа бағасымен есептелген мөлшер. Пітір садақа оны өтеуге шамасы жететін, өзінің үй-жайы, қолында күнкөріс қаржысы бар жандарға міндеттеледі. Ал табысы жоқ, қаржыдан қысылып отырған жандарға міндетті емес. Сондай-ақауқаттыотбасылардың пітір садақаныұн емес, мейіздің орташа бағасымен жан басына — 3920 теңге немесе құрманың бағасымен 9400 теңге көлемінде өтеуіне болады.
Биыл пітір садақаны өтеу үшінKaspi банктің мобильді қосымшасын пайдалану көзделген. Сонымен бірге қалаларда— азық-түлік супермаркеттерінде, ал ауылдарда мешіттердің алдына арнайы жәшіктер орнатылады. Сондай-ақ өз айналаңызда мұқтаж жандар болса, пітір садақаны сол кісілерге тікелей ұсына аласыз. Пітір садақасы рамазанның алғашқы күнінен бастап, Ораза айт күнгі айт намазына дейін өтеледі.
Биыл Қадір түні мамырдың 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт 24 мамырда тойланады.
Жолаушылар, аяғы ауыр және емізулі сәбиі бар аналар, ағзасы ұзақ уақыт аш жүруді көтермейтін, денсаулығы нашар адамдар рамазандағы парыз оразадан босатылады.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



