Жаңалықтар

Санитарлық талаптардың орындалуын тексерді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин карантин режимінде қаладағы жұмыс жасап тұрған базарлардың жұмыстарын тексеруді жалғастырды.
Кеше облыс басшысы ауыл шаруашылық техникаларына арналған қосалқы бөлшек сатумен айналысатын «Батыс Қазақстан жәрмеңкесі» мен мал және жемшөп сататын мал базарында болды. Мақсат — ондағы санитарлық талаптардың орындалуын қадағалау, қауіпсіздікті тексеру.

Аралау барысында анықталғандай, мал базарының жағдайы заман талабына сай емес, санитарлық нормалар  орындалмаған. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мал базарының ашылуына рұқсат бермеді. Дегенмен мұндағы малсою бөлімінің  жұмысы жалғасады. Жемшөп сатып алуға келушілердің базар ішін емін-еркін аралап жүруіне де тыйым салынды. Азаматтардың топтасуын, бір-бірімен байланысуын азайту мақсатында мұнда келген тұтынушылар базар сыртында қалып, оларға жемшөп қапталып жеткізілетін болады.
Көктемгі егіс науқанына байланысты ауылшаруашылық техникаларын сататын базардың жұмысы қызып тұр. Облыс әкімі мұнда санитарлық талаптардың орындалып отырғандығына көз жеткізді. Сатып алушы мен сатушылар арасындағы қашықтық сақталады, базарға кіру-шығу қақпалары бөлек орналасқан. Осы талаптардың орындалуына орай облыс басшысы базардың қызмет көрсетуіне қарсылық танытпады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button