500 бетпердені тегін таратты, тәттілер ұсынды
Пандемия кезінде ойылдықтар да бір-біріне қамқорлық жасап, қол ұшын созып жатыр.
Айталық, Ойыл ауданындағы мұғалім Айнагүл Жаймағамбетова өзүйінде отырып-ақ 500 медициналық бетперде тігіп, осылайша, игі іске өзіндік үлесін қосты. Денешынықтыру пәнінен сабақ беретін ол сол арқылы өзгелерге қуаныш сыйлағанына разы.
— Еліміздегі осындай сын сағатта қолымнан келетін кәсібімді пайдалы іске жұмсап, көпшілікке аз да болса көмектесуді ұйғардым.
Әртүрлі сала мамандары мүмкіндігінше барлығына демеу болып жатыр. Біз — мұғалімдер, яғни бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері өз тарапымыздан барша игі бастамаға үлесімізді қосуды парыз санаймыз, — дейді бастауыш кәсіподақ мүшесі.
Аталған ауданның еріктілері де аурухана қызметкерлеріне қолдау көрсетті. Ойыл ауданы Ж.Жүсібәлиев атындағы орта мектептің жас мамандары төтенше жағдай кезінде тұрғындардың денсаулығы үшін уақыт пен санаспай, үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп келе жатқан медицина қызметкерлеріне өздері пісірген тәттілері нұсынды.
— Біз осылай дәрігерлер мен медбикелерге, аудандық ауруханадағы кіші қызметкерлерге олармен бірге екенімізді білдіргіміз келді, — дейді сауапты іс жасаған жастар.
Ойыл ауданы білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподағы бастауыш ұйым мүшелерімен әр кез тығыз байланыста екенін айтады. Соның бір көрінісі — жоғарыдағы акция.
Айбек СЕРІКҰЛЫ,
Ойыл ауданы.