Біз біргеміз!

Елімізде жарияланған төтенше жағдай онлайн ән айтуды да үйретті. Бүгінде #BIZBIRGEMIZ хэштегімен Ақтөбенің әншілері, аудандардағы өнерпаздар, басқа сала өкілдері үйде отырып , жан-жақтан қосылып, туған жерге ән арнап жатыр. Өңірдегі әр ауданның азаматтары жерлестерге осылайша рух беріп, қолдау танытып отыр.
Дулат Айтжановтың Орал-Қосай Байсеңгір мен Марат Ахметовтің сөзіне жазылған «Біз біргеміз» әні туралы «Ақтөбе» газеті жазды.
Ақтөбелік әншілердің ән челленджін облыстағы басқа аудандар жалғастырып алып кетті. Карантин кезіндегі осы бір ерекше эстафетаны Астанадағы ақтөбелік ақпарат, медиа саласындағы жігіттер мен қыздар жалғастырды. Есен Елеукен бастаған жігіттер мен қыздар Қуандық Рахымның «Жан досым» әнінің сөзін челленджге келтіріп жазған Азамат Әбілқайырдың әнін шырқады.
— Әдемі клип шықты деп ойлаймын. Мақсат әдемі ән айту емес, бірге екенімізді, бір бірімізді қолдау, карантин тәртібін сақтау және жалпы бәріне жақсы көңіл күй сыйлау болатын. Соны сәтті орындадық деп ойлаймын, — дейді белгілі блогер Аршат Ораз.
Елге деген сағынышын білдіргендер қатарында Есен Елеукен, Аршат Ораздан басқа Астанада еңбек етіп жүрген ақтөбеліктер – Нұрболат Туысбайұлы, Ербол Сейілхан, Ақсауле Байменше, Гүлбарам Мендеева, Әділбек Кұламан, Оксана Лоскутова, Гүлбағда Көбеева, Айгүл Жұбаныш, Мирлан Алтынбек, Рымбек Ізғали, Нұргүл Қалиева, Гұлназ Әлімгерей, Нұрболат Қабдолов, Жаннұр Сахиева, Ардақ Мауина, Асқар Ақтілеу және бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып жатқан Жайнагүл Төлемісовалар бар.
Ән әдемі шығыпты. Оны монтаждап, тамаша дүние жасаған Нұрболат Туысбайұлы.
«Туған өлкеден жырақта жүрген жандарды «жерлес» деген ұғым ғана біріктірмейді екен. Елге деген сағыныш, атамекенге деген аяулы сезім біріктіреді екен»,- дейді белгілі тележурналист Азамат Әбілқайыр. Елге деген сағынышын осылай білдірген ақпарат, медиа саласындағы Астанадағы ақтөбеліктердің сәлемі елге жетті…
#BIZBIRGEMIZ
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



