Жаңалықтар

Карантин: сауал көп, мәселелер де аз емес

Тікелей эфир

Сейсенбі күні жергілікті «Aqtòbe» телеарнасының «Індет пен міндет» бағдарламасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева және «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан тікелей эфирде (87132-22-11-55)облыс тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Бағдарламада алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевоблыстағы эпидемиологиялық ахуалға қысқаша тоқталып өтті.

— Қазіргі таңда облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Инфекциялық, провизорлық және карантиндік госпитальдерде 226 адам жатыр. Оның ішінде 11 адамнан коронавирустық инфекция табылып, қазіргі таңда ем алып жатыр. 9 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Сондай-ақ бүгін бір науқас ауруынан айығып, ауруханадан шықты. Қалғандарына симптоматикалық, вирусқа қарсы ем жүргізіп жатыр. Науқастармен байланыста болған барлық адамдар бақылауда.

Облыс бойынша коронавирустық инфекцияны жұқтырған 11 науқастың жетеуі шетелдерден келген. Ал қалғандарына сол инфекциямен тіркелген адамдардан жұққан. Қазіргі таңда медицина қызметкерлері госпитальдерде тынымсыз жұмыс жасап жатыр. Дәрігерлер дәрі-дәрмектермен, қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілді. Бүгін ауруханадан шығарылған алғашқы науқас 17 күн бойы стационардан үздіксіз ем алды. Жағдайы жақсы, екі күн бойы зертханалық талдаулар жасап, нәтижесінде коронавирустық инфекциядан жазылғандығы айқындалды, — деді Әсет Қалиев.

Бұдан кейін тікелей эфирде басқарма басшылары тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Студияға алғашқы сауал онкологиялық аурумен ауыратын баланың анасынан келіп түсті. Оның айтуынша, 15 сәуірге дейін оның баласы МРТ-ға түсіп, Алматы қаласына талдаулар нәтижесін жіберуі керек.

Бұл сауалға Әсет Қалиев былай деп жауап берді:

— Қазір облыстағы барлық ауруханалар мен емханалар карантиндік режимде жұмыс жасап жатыр. Көп жағдайда медицина мекемелеріне келушілерге шектеу қойылды. Басты себеп — аурудың таралуының алдын алу. Бүгінгі күні жоспарлы тексерістерді қамту үшін бірқатар мекемелер жұмысын жалғастыруда. Сондықтан хабарласқан тұрғын облыстық ауруханаға өз мәселесі бойынша хабарласуына болады.

  • Коронавирус инфекциясымен ауырған науқастар жазылып шыққан соң, қайта осы індетті жұқтыруы мүмкін бе?
  • Әсет Қалиев:
  • Бұған дейін Қытайда осындай жағдай болғаны белгілі. Тәжірибелерге сүйенсек, кейбір жағдайларда бұл індет аурудан айығып шыққан адамдарда қайталануы мүмкін. Бұл көп жағдайда адам ағзасына, оны вирустан қорғайтын G иммунноглобулиніне байланысты.

— Қазір облыстағы мешіттерде жұма намаздары тоқтатылғаны белгілі. Осы орайда тұрғындарға не айтасыздар?

Төлеби Оспан: 

— Қазіргі таңда кісі көп шоғырланатын жерлерде індеттің тез таралатынын ескере отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұма намазын, жамағатпен оқылатын бес уақыт намазды, сондай-ақ мешіт аумағында өтетін діни рәсімдер мен үгіт-насихат жұмыстарын тоқтатты. Мұндағы басты мақсат — адамдар арасында індеттің таралуының алдын алу. Бүгінгі күні карантиндік режим тек біздің елімізде ғана емес, көптеген мұсылман елдерінде жарияланып, барлық азаматтар сақтық шараларын жасауда. Сондықтан аты жаман індеттің таралу қаупі өршіп тұрған сәтте мешітте ғана емес, басқа жерлерде де жаназа шығару, ас-садақа, той-томалақ жасауды мүлдем тоқтату керек.

— Ақтөбе қаласындағы «Әйгерім» клиникасында науқаспен байланыста болған адам ретінде қазір үйде оқшауланып отырмын. Алдағы уақытта қандай талдаулар тапсыруым қажет?

Әсет Қалиев:

  • Егер сізде індеттің алғашқы белгілері болып, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, біз сондай жағдайда ғана талдаулар алып, оның нәтижесін күтеміз. Жуық арада облысқа 24 мың экспресс-тест әкелінеді. Содан кейін біз үйде оқшауланған, шетелдер мен өзге өңірлерден келген тұрғындарға клиникалар арқылы талдаулар жүргіземіз. Нәтижесіне қарап, ем жүргізетін боламыз.

— Науқастар тіркелген тұрғын үйлерде қандай тазалық шаралары жүргізілуде?

Нұрсұлу Беркімбаева:

  • Бүгінге дейін ауру шыққан ошақтарға, атап айтсақ, мекемелер немесе көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырынан бастап жертөлесіне дейін, сондай-ақ үй алдындағы аулалардың барлығына дезинфекция жұмыстары жүргізілді. 6 сәуірден бастап қалада карантин жарияланды. Сондықтан біз облыс тұрғындарынан себепсіз үйден шықпауға, көпшілік жерлерге бармауға кеңес береміз.

— Балам алты айлығынан бастап мүмкіндігі шектеулі. Ай сайын алып отырған жәрдемақысы осы айда тоқтатылады. Әрі қарай жәрдемақы алу үшін не істеуім керек? Құжаттарды дайындағанда қандай жеңілдіктер болады?

Әсет Қалиев:

  • Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты бұл айда сіз балаңызға жәрдемақыны автоматты түрде ала аласыз. Алайда әрі қарай төлем уақытын создырту үшін құжаттарын дайындап болған соң біздің басқармаға хабарласуыңызға болады. Сондай-ақ айта кету керек, әртүрлі санат бойынша мүгедектігі бар азаматтар шектеу шаралары кезінде жәрдемақыларын бұрынғыдай ала алады. Қалған құжаттарын төтенше жағдайдан кейін жоспарлы түрде тапсыруына болады.

— Оңтүстік-батыс ауданының тұрғынымын. Күн сайын 8-шағын ауданға жұмысқа қоғамдық көлік арқылы қатынаймын. Қала ішінде карантин жарияланса да, қоғамдық көліктердегі жолаушылардың саны азаймай тұр. Сақтық шараларын қабылдап, жұмыс орныма жаяу не жеке көлікпен қатынай аламын ба?

Нұрсұлу Беркімбаева:

  • Қазір қоғамдық көліктерде адам көп деп шағымданушылар бар. Ережеге сәйкес, әр автобусқа тұрғындар тек орын санына қарай отыруы керек. Егер қоғамдық көліктерде жолаушылар көп болса, бұл індеттің таралуына әкеп соғады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды қала әкімдігі қадағалап, шара қабылдайды деп ойлаймын. Егер сіз жұмысыңыздан анықтама алсаңыз, қоғамдық көліксіз баруыңызға болады.

— Бірнеше аптадан бері қаладағы дәріханаларда бетперде тапшы, бағасы да жоғары. Жалпы тұрғындарды бетпердемен қамту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

Әсет Қалиев:

  • Бетперде мәселесі қазіргі уақытта өте өзекті мәселе болып отыр. Бүгінгі күні облыстағы «ТК Фарм» серіктестігі 15 мың дана бетперде шығарды. Олар дәріханалар арқылы сатылымға шықты. Қазір облыс әкімдігі көтерме саудамен айналысатын дәріханалармен бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Осы аптада өзара келісімшарт пен делдалсыз жұмыс жасаудың нәтижесінде Қытай Халық Республикасынан облыстың барлық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 1 миллион 200 мың дана бетперде әкелінеді. Олар облыстағы барлық дәріханаларға шығарылады. Сондай-ақ өткен аптада Қытайдан гуманитарлық көмек ретінде әкелінген бетперделер аз қамтылған, мұқтаж отбасыларға тегін таратылды. Сондай-ақ алдағы уақытта Қытайдан бетперделер мен қорғаныш киімдері әкелінетін болады.

— Биылғы Ораза айында қандай да бір шараларға шектеу бола ма?

Төлеби Оспан:

— Биыл Ораза айы 24 сәуірде басталады. Алдағы уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі рамазан айында пітір садақа беру мөлшері, айт күні, тағы басқа жоралғыларға байланысты мәлімдеме жасайды.

Ораза — адамның жеке ғибадаты. Сондықтан қандай жағдай болса да, кез келген адам оразаны үйде отырып ұстауына болады. Алайда осыған дейін айтылғандай, сәуір айында болатын мерекелер бұрынғыдай атап өтілмейді. Сол үшін ауызашар дастарқанын жаюға шектеу қойылуы мүмкін. Бәрі — уақыттың еншісінде. Тек сабырлы болып, сақтық шараларын жасағанымыз дұрыс. Алдағы уақытта оразаға байланысты сауалдарға тағы да кеңірек тоқталатын боламыз.

  • Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер қалаға келе ала ма?

Нұрсұлу Беркімбаева:

  • Төтенше жағдай жарияланған кезде облыс әкімдігі өңірдегі мұнай-газ, кен өндіру кәсіпорындарының басшылығына жұмысшылардың жұмыс кестесін қарап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдау керектігін ескерткен. Сондықтан вахталық әдіспен жұмыс жасайтын азаматтар карантин кезінде жұмыс орнында келесі ауысымға қалады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button