Жаңалықтар

Рақмет, дәрігер!

Челлендж

Ақтөбе қаласындағы «Атамекен» мейрамхана кешені басшылары мен қызметкерлері «Рақмет, Дәрігер!» атты челлендж бастады. Олар мейрамханада азық-түлік әзірлеп, оны коронавирус індетімен күні-түні күресіп жатқан дәрігерлерге апарып берді.

— Коронавирус бізді бұрын өз жұмысын үнсіз ғана атқарып келген дәрігерлермен таныстырды. Ал қазіргі кезде біз олардан күн сайын жақсы ақпарат күтіп елеңдеп отырмыз. Бізге науқастардың жақсарып келе жатқандығын, COVID-19 деген не, онымен қалай күресу қажеттігін айтса екен деп күтеміз. Бүгінгі күні ақ халатты абзал жандар өз жандарын тәуекелге тігіп, үйлеріне бармай,  бала-шағасын көрмей, күн-түн демей ауыр індетпен күресіп жатыр. Осындай сәтте дәрігерлер халықтың қолдауын, халықтың қамқорлығын сезінсе деген ниетпен біз осындай челлендж бастадық. Әлемді қырып бара жатқан індетпен қарусыз, жалаң қолдарымен соғысып жатқан біздің жауынгер дәрігерлердің, әрине, ас-ауқатқа мұқтаж емес екендігін білеміз, бірақ сонда да оларға қолдау білдіргіміз келді, олардың жалғыз еместігін білдіргіміз келді, — дейді кәсіпкер Қалауша Садықова.

Қ.Садықова өзі құрған рестораторлар кәсіподағы мүшелеріне үндеу тастағанын айтады. Бұл одақта 150-ге жуық мейрамхана өккілдері бар екен. Қ.Садықова облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына дәрігерлерді қолдауға қатысты осындай челлендж жүргізу туралы ниетін білдіргенін айтады:

—   Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Әскерұлы бізді қолдады. Енді біз қаладағы бес ауруханада еңбек етіп жатқан дәрігерлерге жаппай қолдау көрсеткіміз келеді. Апта сайын челленджді әр мейрамхана қабылдап алады. Челленджіміз жақсы басталды, дәрігерлер алғысын білдіріп жатыр, себебі дәл қазіргі сәтте бір-бірімізді қолдамасақ болмайды. Мұндай ауыр жағдайда ешкім ешкімге міндетсуге болмайды, яғни үкіметке, билікке қарап ауыз ашып отыруға болмайды. Мұндай жағдайда барлығымыз жұмылып жұдырық болуымыз керек. Моральдық, материалдық, қаржылай қолдау білдіре алатындар солай көмектесуі керек. Сонда ғана індетті жеңе аламыз, — дейді Қ.Садықова.

Кәсіпкер іште дәрігерлер індетпен күресіп жатқанда сыртта тақымын қысып отырған тұрғындардың атынан айтылған алғыс ретінде басталған бұл челленджі «Керуен Сарай» мейрамханасына жолдады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button