Абай — 175

Адамзаттың шамшырағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын насихаттау аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Керуен сити» сауда ойын-сауық орталығында жылжымалы кітап көрмесі өтті.
Астана ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен көрме әдеби кешке ұласып, шара барысында ұлы ақынның өлеңдерінен үзінділер оқылды. Көпсалалы АГУ «Тарлан» колледжінің оқушылары мен қалалық оқушылар сарайының тәрбиеленушілері ақынның әндерін орындап, көрермендерге әсем көңіл күй сыйлады.
— Абай — адамзаттың шамшырағы десек қате болмас. Оның өлеңдері мен қарасөздерінде тұтастай ұлттың болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен мінезі, тілі, рухы көрініс тапқан. Бүгінгі ұйымдастырылған көрме арқылы көпшілік қауымға ақынның өмірбаяны мен шығармаларымен танысуға мол мүмкіндік жасалып отыр. Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз — ақын шығармашылығын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, жастардың бойында рухани, әдеби-мәдени сенім қалыптастыру, — деген қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Жарқын Сейтмағанбетова жылжымалы кітап көрмесін жасақтау барысында өз үлестерін қосып, белсенділік танытқан Ақтөбе құрылыс монтаж колледжінің оқушы-волонтерлеріне алғыс білдірді.
Ақтөбе қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен ұлы Абайдың өмірбаяны мен шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналған шаралар жыл бойы жалғаспақ.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

АҚЫННЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ ОҚЫЛДЫ

Хромтау ауданында ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Еріктілер жылына орай отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілерімен «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында шара ұйымдастырылды.
Аталған шараға Хромтау аудандық сотының төрағасы А.Балмұханов, аудандық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Р.Біржанов, орталық аурухананың бас дәрігері А.Әлімжанов және мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Шара барысында мектеп оқушылары Абайдың шығармаларын оқыды. Сот төрағасы А.Балмұханов та Абай шығармасынан үзінді оқып, ғылым мен білім тақырыптары өзектілігін жоғалтпайтынын айтып, оқушыларды білім алуға, ізденуге шақырды. Сондай-ақ Абай шығармасында айтылған бес асыл іске асық болып, бес дұшпаннан аулақ болуға үндеді.
Шара соңында қатысушылар балалар үйінің тәлімгерлеріне сыйлықтар тарту етті.

А.АХМЕДИЯР,
Хромтау аудандық
сотының бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button