Жаңалықтар

Арызқойлық абырой әпере ме?

Редакцияға хат

Мен ұзақ жыл ауылда еңбек еттім. Күннің атуы мен батуына қарамастан шаруашылықтың қара жұмысын қуалап жүре бердік.

Қазір зейнет демалысындамын. Осы кезге дейін Берсиев ауылы зейнеткерлер алқасының төрағасымын, әкімшілік жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесімін.

Шынымды айтсам, кейбір ештеңе ойламай-ақ, өз тіршілігін, өз мүддесін күйттеп, ішкі есеппен өмір сүретін кейбір замандастарым секілді үйде тыныш күй кешіп, барымды ішіп, өз басым аман болса болды дейтіндер қатарында жүргім келмейді.

Мақсатым — жасым біразға келсе де, көпшілік сенім артып жатқаннан кейін еліміздің тыныштығы, қоғамымыздың көркейіп, гүлдене түсуі үшін шамам келгенше үлесімді қоссам деймін. Жастарымыз мынадай бейбіт күнде бір келеңсіз оқиғаларға, жаман қылықтарға ұрынып қалмаса екен деп мазасызданамын.

Мен де ел қатарлы ұл-қыз өсіріп, ұрпақ сүйіп отырған бақытты атамын. Өз отбасыма не тілесем, еліме, халқыма да сондай жақсылықтар болуын қалаймын. Мемлекетіміздің туын биік ұстайтын, ілгері дамыған елдердің қатарынан көрсетуге қабілетті саналы ұрпақтың өскенін армандап отырамын. Сол жолда бір мысқалдай да септігім тисе деп жүрген жанмын.

Абзалы, басты байлығымыз — ел тыныштығы, халықтың амандығы.

Әрине, ауылдық жерлерде әлі де проблемалар, шешімін күткен мәселелер аз емес. Жастарға жалындап жасайтын жүйелі жұмыстың жоқтығы, кейбір жұмыс істейтін жастардың айлық жалақысының аздығы, шынын айтқанда тапқан табысы отбасын асырауға жетпейтіні — осының бәрі белгілі бір дәрежеде әлеуметтік қиыншылықтар тудыратыны да жасырын емес. Бірақ, соған түңіліп, өмірді тоқтатып тастай алмаймыз ғой. Әркім шамасы келгенше ұмтылыс жасауы керек, екі қолды жайып, көкке қарап отыра беруге болмайды. Кейде осының бәрін үйлестіріп, адамдармен жұмыс істеуде, түсіндіру-насихаттық шараларын іске қосуда биліктің де бейқамдығы көрініп қалатындай.

Мынадай жайды да айтпай кетуге болмайды. Кейбір азаматтар мен әйелдер мәселені шешудің жолы — арыз жазу деп ойлайды. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін арыз жазушылардың жолы болғыш. Олар асырып жазсын, «жасырын» жазсын, тиісті орындар тарапынан қаперге алынып жатады. Бұлар осындай ықпал етуімен жергілікті билік органдар жұмысына да кедергі келтіреді, алаңдатып қояды.

Мұның бәрін неге айтып отырмын?

Биылғы жылдың 11 ақпанында ауыл әкімінің шақыруымен қоғамдық кеңес мүшелері қатарында оның кабинетіне жиналдық. Талқыланатын мәселе түсінікті. Ауылдағы орта мектептің бір жұмысшысы басқа жерге ауысуына байланысты орны босаған. Бұған дейін жұмыс жасап келген — әйел адам. Жұмыс орны біреу. Ал жұмыс сұрап келуші — төртеу, оның бірі — ер адам. Ол — Тимур Елеуов деген жігіт. Менің байқағаным, бұл жігіт жұмыс орны босай қалса, соның қай-қайсысынан қалмай қатысады. Сөз ретінде ауыл әкімі бір кәсіпкердің көмекшілікке адам сұрап келгенін айтқан болатын. Бірақ ол «мен онда бармаймын, маған осы жұмысты бересің, бермесең, үстіңнен аудан басшыларына арыз жазамын» деді.

Жиналыста мен өз пікірімді айтар кезде «Айналайын-ау, сен азамат емессің бе? Әйелдер арасында не ғып жүрсің? Егер бұл ер адамдар жасайтын жұмыс болса, сені түсінер едім» дедім.

Сол кезде ол отырған орнынан ұшып тұрып, маған «Қазір сенің мұрныңды бет қыламын» деп ұмтылды. Сол арада бөлмедегі комиссия мүшелері араға түсіп, оны тоқтатып тастады. Ол бірден басылмай, маған қаратып біраз былапыт сөз айтты. Бәрі есімде жоқ, бірқатарын ұмытып та қалдым.

«Сенің үстіңнен де арыз жазамын» деді бір кезде. Мен де шыдай алмай, «Бар, жаза бер арызыңды қайда жазсаң да дедім.

Осы кезде комиссия мүшелері «біз жұмыс жасауымыз керек» деп оны бөлмеден сыртқа шығарып жіберді.

Мен ол жігіттің намысына тиетіндей сөз айтқаным жоқ, ата-анасына тіл тигізген емеспін. Ол жөнінде арызында өзі де көрсетіпті.

Бас қосудан соң мен үйіме қайтып кеттім, оның үстінен арыз жазу ойыма да келген жоқ.

Келесі күні кешке қарай учаскелік полиция қызметкері «үстіңізден арыз бар» деп мені өзіне шақырды, барып, түсініктеме жазып бердім. Тағы бір күн өткенде аудан орталығынан сотқа шақырту келді. Ондағылар маған жазылған арыз бойынша кінәлісің деп, сот отырысында жаза — екі күн қамақта болу немесе 9279 теңге айыппұл төлеу қажет деп түсіндірді.

Осылайша қоғамдық жұмыстарға қатысамын, елімнің тыныштығына қызмет етемін, бұзақыларға басу айтамын деп жүріп, қылмыскер атанып шыға келдім.

Бірақ, мен сотқа бұл тұжырыммен келіспейтіндігімді, менің еш кінәмнің жоқтығын, керісінше Тимур Елеуовтен өзімнің сөз естігенімді, онымен қоймай, жұрттың көзінше қол жұмсағысы келіп, маған ұмтылғанын, комиссия мүшелерінің ара түсуімен аман қалғанымды ешқандай дәлелдей алмадым.

Менің жаныма батқаны — істі мұқият зерделеп, әділ төрелігін айтатын, адам құқығын қорғайтын заң органы өкілдігі қызметкерінің еліме пайдамды тигізе алсам деп жасымның ұлғайғанына қарамастан шын ниетіммен жүгіріп жүрген менің оң ұмтылысымды түсінбей, ісімнің зая кеткені, мені қылмыскер етіп көрсетуі.

Осындай жағдайдан кейін мен адалдығымызға күмән келтіргендей көңіл күйде болдым, жүрегіме қаяу түскендей сезіндім.

Әлде мен артық айтып отырмын ба?

 Мәтжан СЕМБІҒАЛИЕВ,

зейнеткер.

Берсиев ауылы,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button