Құрылтайшы
Меншік иесі:
«АҚТӨБЕ МЕДИА» ЖШС
Директор ОТЫНШИН Раукен Сағызбайұлы
1960 жылы 27 мамырда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ноғайты ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1977 жылы Байғанин ауданының «Сағыз» совхозында «Жасұлан-77» комсомол-жастар бригадасында бастаған.
1983 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетін (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университеті), 2006 жылы Орталық Азия университетінің (Алматы) заң факультетін бітірген.
1983 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Байғанин поселкесіндегі Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған.
1983-1985 жылдары аралығында Кеңес армиясы қатарында Мәскеу әскери округінде жауынгерлік борышын өтеген. 1985-1987 жылдары Байғанин поселкесіндегі Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектебінде директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен.
1988-1996 жылдар аралығында облыстық «Коммунизм жолы» («Ақтөбе») газетінде корректор, жауапты шығарушы, тілші, жауапты хатшының орынбасары және редакцияның жауапты хатшысы қызметтерінде болды.
Сонымен қатар, «Бекет ата» шығармашылық қорын басқарып, баспа ісімен айналыса жүріп, оның жинақтауымен және редакторлығымен ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді насихаттау бағытында өнер, мәдениет, білім және ғылымға байланысты «Жазушы» және «Арыс» баспаларынан «Алтынды орда қонған жер», «Жадыңда болсын, жас ұрпақ», «Тәрбие деген тәңір бар», «Ғибратты ғұмыр», «Ұрпағым мұны білсін деп…», «Алтын жұлдыздың жарығы», «Өлкенің өнер күмбезі», «Өмір өткелдері», т.б. кітаптардың жарыққа шығуына ұйытқы болды.
Ол — Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, білім саласының үздігі, Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының құрметті профессоры.
2011-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Алғыс хатымен, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен және «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, «Астанаға 20 жыл» мерекелік медальдарымен, Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталған.
1997-1998 жылдары — Халықаралық «Түркістан» газетінің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы аймақтық тілшісі, 1999-2000 жылдары — аймақтық ақпараттық-сараптамалық «Экономика-Бизнес» газетінің бас редакторы, 2000-2001 жылдары аралығында апталық «Жаңа ғасыр – Новый век» газетінің бас редакторы, 2001-2002 жылдары «Отандастар-Полиграфия» баспаханасында бөлім бастығы, директордың орынбасары, 2002-2007 жылдары Атырау облысындағы «Атырау-Ақпарат» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны баспаханасының директоры қызметінде болды.
2007 жылан 2017 жылға дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры лауазымында қызмет атқарған.
2017 жылдың қаңтардан айынан «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Бұл медиа холдинг облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерін, олардың сайттарын, сондай-ақ «Үш таған» журналын біріктіреді.
Раукен Сағызбайұлы ұзақ жылғы еңбек жолы кезеңінде өзінің бай өндірістік және өмірлік тәжірибесін қызметтегі әріптестеріне және жас мамандарға, баспа және электронды БАҚ журналистеріне, телеарна қызметкерлеріне бере білді. Журналист кадрларын тәрбиелеу ісіне тұрақты көңіл бөліп отырады.
Ол облыстың рухани, мәдени, ақпарат-баспа саласының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан танымал тұлға, баспагер журналист.