Жаңалықтар

Жедел жәрдем көлігіне жол бер!

Рейд

Жедел жәрдем көлігі кейде кешігіп келетіні рас. Бұның себебі көп. Соның бірі — көшедегі көлік жүргізушілерінің жол бермеуі. Облыстық жедел жәрдем бекеті мен жол полициясы және «Арасан Ақтөбе» ЖШС бірлесіп, «Жол бер де, өміріңді сақта!» деген атаумен рейд ұйымдастырды.

Қазіргі талап  бойынша, жедел жәрдем көлігі кез келген шақыртуға дабылқаққыш пен жарығын қосып баруы тиіс.

Тұрғындар дабылқаққыштың дауысына үйренбей, неге қосып жүр деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл — талап. Жедел жәрдем көлігінің мақсаты — науқасқа тез жету. Дегенмен көп жағдайда көшедегі көлік жүргізушілері жол бермейді. Қазір қыс мезгілі, ауа райы құбылып тұр. Жол беруге мүмкін емес жағдай болса түсінеміз, бірақ кейбір азаматтар жедел жәрдем көлігінің адам өміріне араша түсуге бара жатқанын түсіне бермейді. Сондықтан жол полициясымен бірлесіп, арнайы рейд ұйымдастырып отырмыз, — деді облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов.

Жол-патрульдік полициясының аға инспекторы Мұратбек Жасановтың айтуынша, жедел жәрдем және өрт сөндіру көлігіне жол бермейтін жүргізушілерге Әкімшілік-құқықбұзушылық Кодексі бойынша айыппұл салынады. Егер жүргізуші тәртіпті бірінші рет бұзса, 7 айлық есептік көрсеткіш, яғни 18 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Егер айыппұлды 7 күн ішінде төлесе, жарты құнын ғана өтейді. Ал екінші рет тәртіп бұзса, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр.

Жолда жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктері келе жатса, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер сақ болуы керек. Бірінші өткізіп жібергені жөн, — дейді аға инспектор.

Шақырту бойынша жедел жәрдем көлігі қаланың шеткі ауданына баруы керек. Жол полициясы мен БАҚ өкілдері соңынан ердік. Бекеттен шыға бергеннен кейін-ақ тәртіп бұзған жүргізушілер болды. Дабылқаққыш қосып келе жатқан көлікке жол бермеген жеңіл көлікті жол полициясы тоқтатты. Мұратбек Жасанов жүргізуші жігітке қандай ереже бұзғанын планшеттен көрсетті. Жігіт ешқандай сөзге келместен, құжатын берді.

—  Жедел жәрдем көлігіне үнемі жол беремін. Жақындарымыздың біріне асығып бара жатуы мүмкін ғой, үнемі осыны ойлайтынмын. Бірақ бүгін шынымен байқамай қалдым. Мен үшін сәтті күн болмады, — деді жас жігіт ақталып. Жеті күн ішінде айыппұлды төлейтінін айтты.

Сондай-ақ «Газель» көлігін тоқтаттық. Жүргізуші не үшін екенін сұрады. Планшеттен көрген соң бірден жеке куәлігін берді.

Жалпы рейд кезінде тәртіп бұзған жүргізушілер көп болды. Бірі ашуланып, енді бірі жағдайға түсіністікпен қарады.

Қалай десек те жүргізушілер жедел жәрдем көлігіне жол беруі тиіс.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button