Жаңалықтар

Нұрахметтің көркем жолы

Кім-кім де өз ғұмырында алуан мінездің, әрқилы кәсіптің адамдарымен кездеседі, араласады. Зерделі жан дүниетанымы кең, ойлау қабілеті терең замандас бойынан байқалған ізгі қасиеттерден нәр алып, шүкіршілік етеді. Біз  де  кешегі Новоресей, бүгінгі Хромтау ауданында бірқатар азаматтарды танып-біліп, ризашылық түйгенбіз. Соның бірі — Нұрахмет Бисембаев.

Ғасырдың келешекке беталысында егемен еліміздің тарихында ерекше орын алар жарқын оқиғалардың бірі  Хромтау-Алтынсарин теміржолының іске қосылуы екені даусыз. Қыстың қытымыр аязында жаңа магистральдің ашылу салтанатына Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жүрек тебірентерлік ой толғады. Үлкен-кіші әлеумет көңілі ағыл-тегіл. Әсіресе, теміржолшылар қауымы мен қатар қоныстанған Хромтау, Әйтеке би аудандарынан жиналған ағайын алабөтен шырайлы. Сол жиында көпшілікке ақ батасын беріп, үлкендігін салиқалы сөзімен, байыпты жүрісімен білдіріп жүрген, осы өңірде ұзақ жыл басшылық қызметте болған Қуаныш Өмірзақов ағамыз қасындағы байсалды азаматты «мынау Нұрахмет деген ініміз болады, елдегі тәуір жігіттердің бірі, ат үстінде біраздан келеді» деп таныстырды. Сонда Нұрекеңнің орнықты әңгімесіне сүйсінгенбіз.

«Новоресей» кеңшарының Қарасу бөлімшесінде саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған әкесі Бисембай мен анасы Дәметкеннің шаңырағында үш баланың ортаншысы Нұрахмет бала күннен ауыл тірлігіне құмартты. Төскейінде төрт түлік өрбіген, бір жағында көздің жауын алар егіс алқаптары – шынында сезімтал бала көңілін оятар еді. Осындай құштарлықпен еңбек жолын кеңшар жұмысшылығынан бастады. Байқап, көкейге түйгені — өзге ұлттан шыққан өзі құралпы жігіттердің негізгі дені егіншілік маңайында тер төккенді, агрономдық кәсіпті қалайды екен. Бұл да осы бағытты жөн көріп, Алматыда Қазақ ауыл шарушылығы институтының агрономия факультетіне құжат тапсырды.   Кеңшардың, кейін Новоресей аудандық өсімдікті қорғау стансасының агрономы қызметтерінде диқандықтың қыр-сырына қанықты. Осылайша, ізденгіштігін,  тиянақтылығын байқатқан жоғары білімді жас маман бірте-бірте жоғарылау сатыларынан өтті.

Бисембаевтың кеңінен танылуына жол ашқан тұсы — «Көктөбе» кеңшарында алты жыл директор болған кезеңі. Аудандағы ең ірі шаруашылықтардың бірі, Ресейдің  Орынбор облысындағы Дамбар ауданымен шекаралас. Теміржолдан жүк түсіру-тиеу базасы, мұнай өнімдері базасы, сүт зауыты Дамбарда орналасқан. Әр жылдың бірінші  қаңтарына төрт бөлімшедегі 28 қыстақта қырық мыңға тарта қой, екі мыңдай ірі қара, жеті жүзден астам жылқы қалдырылып, бағылады. Бұдан өзге 14 мың гектар егіс алқабы бар, суармалы учаскелер үш жүз гектарға жетеді. Көктөбеліктер көкөніс, картоп отырғызуға машықтанған. Тұрғылықты халықтың бестен бірі неміс ұлтынан, бұған қоса орыстар, украиндер және басқалары елді мекендерді тұрақты қоныс еткен қаракөз бауырларымызбен енші бөліспей, ортақ мақсатқа жету жолында жарастықпен еңбек еткен-ді. Нұрахмет қарауында жұмыс істеген бөлімше меңгерушілері Жеңсікбай Жұбатқанов, Шәпи Қантаев, аға шопан Рақым Райымбаев, механизаторлар Николай Дудник, Петр Клименко, Асқар Сапин есімдерін әлі күнге дейін үлкен ілтипатпен атайды.

Директордың үлкен-кішімен тіл табысып, жұмысты шебер ұйымдастыруы нәтижесінде «Көктөбе» кеңшары ауданда көш бастап, облысқа мәлім болды.

Еліміздің тәуелсіздігі жарияланып, аудан-облыстарда әкімдік басқару институттары енгізілгенде Новоресей, кейін Хромтау аталған өңірде Нұрахмет Бисембаевтың еңбегі лайықты бағаланды. Аудан әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, аудан әкімінің орынбасары қызметін  алты жыл атқаруы — соның айғағы. Ол аймақта ауыл шаруашылығы құрылымына, аудандық малдәрігерлік стансасына басшы болғанда да бойға дарыған ұстамдылығынан, жаңалыққа құмарлығынан ауытқыған жоқ. Негізгі міндетін атқара жүріп, жас мамандарды баулуы, тәжірибесі мен білімін жалықпай үйретуі — азаматтықтың көрінісі.

Кейіпкеріміздің еңбегінің жемісінің белгісін омырауына таққан «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдары, «Еңбек Даңқы» төсбелгісі, «Хромтау ауданының құрметті азаматы» атағы айқындай түседі.

Адам өмірінің елеулі бір белесі — 70 жасқа қадам басып тұрған азамат зайыбы, білім беру ісінің ардагері Бақтылымен облыс орталығында тұрып, зейнет демалысының қызығын көруде. Аллаға шүкірлік етері — қыздары Бекзат пен Баян шаңырақ көтерді, күйеубалалары Берік пен Ермек кәсіпкерлікпен шұғылданады. Немерелердің тәтті күлкісі жан сергітеді.

Журналистік ынтызарлықпен «Бос уақыттағы хоббиіңіз не?» деймін. Нұрекең сырбаз күйін сақтады, тереңдей түсіп, түйіндегенім — үйіне таяу тұста «Достық» бассейніне барып, суда жүзгенді ұнатады, ара-тұра өзіне ыстық Қопа, Көктөбе жағына барып, аңшылық еткенді жөн көреді. Бұл да — қарттыққа тез ыңғай бермес, сергектіктің жылдар бойы қалыптасқан көрінісі  емес пе?!

 Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button