Жаңалықтар

Мерейтойлық журнал жарық көрді

Тұсаукесер

«Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдығына байланысты мерейтойлық журнал жарық көрді. Кеше Баспасөз үйінде жаңа журналдың тұсаукесер рәсімі жасалды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин биылғы жылдың редакция ұжымы үшін табысты болғанын, оның ішінде облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы кең көлемде аталып өткенін тілге тиек етіп, басылымның тарихын әрі мерейтойлық іс-шараларды қамтыған жаңа журналдың жарыққа шыққанын айта келіп, ол өз сөзінде аталған журналды жарыққа шығаруға үлес қосқан «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев пен басылымның жауапты хатшысы Сәтжан Дәрібайдың еңбегін жоғары бағалады.

Журналда облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлы сияқты басқа да танымал тұлғалардың газет ұжымы мен оқырмандарға арнаған  құттықтау сөзі, бір кездері осы басылымда еңбек еткен ардагер журналистер мен ақын-жазушылардың мерейтойлық лебіздері әр жылдардағы фото шежірелер басылған.

Шара барысында ардагер журналистер мен газеттің қызметкерлері жаңа журналдың тұсаукесер рәсіміне қатысып, жылы тілектерін білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.    

Жеңімпаздар — университет студенттері

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері жариялаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы акция аясындағы «Жемқорлыққа жол жоқ!» — «Скажем коррупции — нет!» конкурсына оқырмандар белсене қатысты.

Жаңа жыл қарсаңында қазылар алқасы конкурс талабына сай келетін, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағыттайтын, жаман әдеттерге тосқауыл қоятын шарттарды қамтыған мақалаларды талқылап, үздіктерді анықтады.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері Айдана Қуантай, Нұрила Қошан және Ілияс Жабаев конкурс жеңімпаздары деп танылып, дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

  Өз тілшіміз.

«АҚТӨБЕ МЕДИАНЫҢ» ЖОЛДАМАСЫМЕН ДЕМАЛДЫМ

Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. 2020 жыл деп аталатын кезекті белес есігін айқара ашқалы тұр.

Облыстық «Ақтөбе» газеті өтіп бара жатқан жылда өзінің 95 жылдығын атап өтті. Бұл бір жағынан өзіндік үні бар, республикадағы санаулы байырғы басылымның өткен тарихын түгендеу, жүріп өткен жолды зерделеу іспетті болды. Ең бастысы, ғасырға жуық тарихы бар басылымда жылдар бойы қалыптасқан жақсы дәстүрлер сабақтастықпен жалғасуда.

«Ақтөбе» газетінің журналистері қай кезде де ел ортасынан табылады. Басылымның 95 жылдығына орай облыстың Байғанин, Темір, Ойыл және Қобда аудандарында оқырмандармен кездесулер ұйымдастырылды, ашық әңгіме өткізілді.

Біздің оқырмандарымыз қай кезде де өздерінің ұсыныс-пікірлерін ашық айта алады, мұның барлығы да газеттің алдағы жұмыс барысында ескеріліп отырылады. Осындай ынтымақтастық біздің ортақ жұмысымызды ілгеріге жетелейді, көпшілік арасында ықпалдылығын арттырады.

Өткен жылы облыс аумағында көптеген игілікті шаралар іске асырылды, жасампаз жобалар жалғасын тапты. Соның қай-қайсысы да газет бетінен орын тауып, көпшілік назарына ұсынылды. Яғни облыстық басылым өзінің ақпарат тарату міндетін абыроймен атқарып келеді деп айтуға болады.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері оқырмандар арасында әртүрлі шығармашылық конкурстар жариялап келеді. Мұның өзі екі жақты байланысты қалыптастыруға, әртүрлі мамандық иелерін газет ісіне тартуға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.

«Газеттің өзі бір күндік, сөзі — мың күндік». Қашаннан айтылып келе жатқан осы бір қағидалы сөз бүгінгі күні де мәнін жойған жоқ. Заман ағымына сай электронды ақпарат алға шықты делінгенімен, газеттің рөлі төмендемейтінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бүгінгі күні, әсіресе, алыс ауылдардағы ел тұрғындары, жалпы ауыл интеллигенциясы, басқа да мамандық иелері газет оқуға деген ынталылығын айқын көрсетуде.

Сондай-ақ, облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар мен мекемелер, тіпті жекелеген адамдар өз жарнамаларын ұсынуда газет ықпалдылығын жоғары бағалайды, сондықтан да «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерімен байланысын берік ұстануда.

Біз сіздермен біргеміз, қадірлі оқырман қауым!

Біз өткен жылмен қош айтыса отырып, алдағы жыл басы тышқан жылында елдің амандығы мен тыныштығын тілейміз.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button