Жаңалықтар

Жаңатаңда жаңалық көп

Байғанин ауданы Жаңатаң ауылындағы  «Даңқ» орденінің толық иегері С.Ешбаев атындағы мектеп түлегі Ермахан Майлыбай Нұр-Сұлтан қаласында қазақша күрестен жастар арасында өткен әлем біріншілігінен күміс медальмен оралды. Бұл — шалғайдағы ауыл баласының үлкен жетістігі.

Қызылбұлақ округіне қарасты Жаңатаң ауылында қазақша күреске мектеп оқушыларының 40 пайызға жуығы қатысады. Осының бәрі мектеп мұғалімі Медет Ебесовтің тынымсыз еңбегі. 1999 жылы Қ.Жұбанов атындағы университеттің тарих факультетін бітірген ол Жаңатаң ауылына жолдамамен келді. Сол жылдардан бастап ауыл балаларына күрес тәсілдерін үйретіп, жас палуандарды жаттықтыра бастады. Оқушылардың жеткен жетістіктері де көп. Соның бір айғағы — Ермаханның биыл республика чемпионы болып, артынан іле-шала әлем біріншілігінде топ жарғандығы. Ауыл мектебіне батыр есімі берілген соң Ақтөбедегі жерлестері демеушілік көрсетіп, Жаңатаңда үш жыл қатарынан ауданаралық жарыс өткізді. Сонда көпшілік Ермаханның шалт қимылы мен намысқойлығына тәнті болған. Үш жыл бойы Ермахан  жеңіс биігінен көрінді. Немересінің қуанышымен бөліскен атасы Майлыбай былай дейді:

— Бұл немерем ауылдың атын шығаратын палуан болады. 2000 жылы Сиднейде бокшы Ермахан Ибрагимов көк байрақты желбіретіп, алтын таққан күні дүниеге келген. Содан есімін Ермахан деп қойдым.

Елордада өткен әлем біріншілігінде жиырмадан астам әлем чемпиондары боз кілемде күш сынасты.

Жарыс оңай болған жоқ. Финалдағы қарсыласым да шебер палуан екен. Ұпаймен жеңіске жетті. Осындай ірі жарыстарға жиі қатысып, тәжірибе жинақтау керек екендігін байқадым, — дейді Ермахан.

Аз ғана жылдар ішінде Жаңатаңнан аудан, облыс, республика чемпиондарының шығуы тегіннен тегін емес. Заманбек Қанатұлы спорт шебері атанса, спорт шеберлігіне үміткер Ермахан Майлыбай, Амандық Әлмұзанов осы ауылдың түлектері. Әр жылдары жас палуандар Мұқтар Қарманов, Нұрболат Қанат, Нұрболат Айбазар, Қанат Бүркітбай, Айбар Базарбаев облыс чемпионы атанды. 2015 жылы жарыста көпшілік ауыл балаларының боз кілемдегі сайысын көріп, жаңатаңдық жас палуандарға риза болған. Сол бір жылдары аудан әкімі Мамырғали Аққағазов мұндай жетістікке қуанып, боз кілемді сыйға тартқан-ды. Үміт ақталып, жас палуандар «біз Ешбай ауылынанбыз, намысты қолдан бермейміз» деп шеберлігін арттыра түсті. Ауыл тұрғындары редакциямызға хат жолдап, «Жаңатаңнан неге спорт мектебінің филиалын ашпасқа» деген өтінішін білдірген-ді. Орынды ұсыныс. Жаттықтырушы ұстаз Медет Ебесов еңбекақы алмай, тегін жұмыс жасап жатыр. Сондықтан аудандағы спорт басшылары осыны ойластырса мақұл болар еді.

Ермаханның әлем біріншілігінен  олжалы болғанын естіген ауылдықтардың қуанышында шек болған жоқ. Ауылдық округ әкімі Жалғас Талдықов, мектеп директоры Нұргүл Дауылбаева ортақ қуанышты бөлісті. Аудан әкімінің орынбасары Әсет Тілеуқабақұлы да жақын күндері арнайы сый-сияпаттарын көрсететіндігін білдірді.

Жаңатаңда жаңалық көп. Биыл көп жыл күткен көгілдір отын келді. Ауыл мектебінде 100-ге жуық оқушы бар. Бір қуантарлығы — ауылдан сыртқа көшушілер аз. Себебі жергілікті тұрғындар жақын жердегі мұнай компанияларында еңбек етеді. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын балалардың көбейгені де тұрғындарды қуантады. Бірақ мектеп ғимараты ескі. «Жаңа мектеп салынады» деген әңгіменің шыққанына бірнеше жылдың жүзі болды. Көршілес ауылдарда салынған жаңа мектептерге жаңатаңдықтар қызыға қарайды. Жақында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева арнайы келіп, мектептің орнын белгілеп кетіпті. Тұрғындар енді істің нәтижесін күтпек. Ауыл ардагерлері құрылыстың ұзаққа созылып кетпеуін тілейді. Ауылдағы тағы бір мәселе — клуб тар. Бұрынғы бөлім кеңсесі болған ғимаратқа ешкімнің келгісі келмейді. Бұндай жерге облыстан өнер адамдарын да шақыру қиын. Жаңатаңдықтар егер мектеп, клуб салынса, ауылдан ешқайда көшкісі жоқ.

Жақсылық АЙЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button