Мәселе

Жол-көлік оқиғалары: себептер тексеріледі

Ақтөбе қаласындағы «Жолаушылар автокөлігі кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимаратында өткен жиында қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына қатысты мәселе талқыланды.

Жиынды облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекция бөлімінің басшысы Еркін Өтегенов жүргізді. Басқосуға  қалада жолаушылар тасымалдаумен айналысатын екі мекеме — «Автопарк» және «Жолаушылар автокөлігі кәсіпорны» ЖШС қызметкерлері мен жүргізушілері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдері, сондай-ақ инспекторлар қатысты.

Бұған дейін құқық қорғаушылар мұндай жиынды «Автопарк» мекемесінде де ұйымдастырған.

Басты мақсат — жол-көлік оқиғасын азайту. Қазіргі күні қоғамдық көліктердің қатысуымен  жол-көлік оқиғалары жиі тіркеліп отыр. Жыл басынан бері қоғамдық көліктердің қатысуымен 18 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 2 адам көз жұмып, 43 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында жолаушылар тасымалында  52 бағыт бар. Қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына қатысты жазаны тек айыппұл салумен ғана  шектемей, екінші жағын да қараған абзал. Сол үшін біз жолда көліктердің, оның ішінде қоғамдық маршруттардың қозғалысына кедергі келтіретіндей жағдайларды анықтайтын боламыз.  Ол үшін комиссия құрылады. Құрамында инспекторлар мен құзырлы органның өкілдері бар комиссия мүшелері қатысатын тексеріс барысында инфрақұрылымдық жағдаймен қатар, жол белгілерінің, жолдағы жаяу жүргіншілер жолының орналасуы сияқты барлық жағдай бақыланып, тексерілмек. Егер қаладағы әлеуетті жобалардың қоғамдық көлік қозғалысына келтіретін кедергілері болса, ондай кемшіліктерді оңтайлы шешу үшін Ақтөбе қаласы әкімдігіне ұсыныс жолдаймыз. Ал бұл бағытта  өз тарапымыздан шешетіндей шаруалар болса, жергілікті атқарушы органдарға ұйғарым беріп, реттейтін боламыз, — деді Е.Өтегенов.

Оның айтуынша, қазіргі күні қалада қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына қатысты сараптама да жүргізілген. Бұл орайда  жүргізушілердің жолаушылармен қарым-қатынасы, жолдағы тәртіпсіздігі басты назарға алынған. Жиын барысында жүргізушілердің мас күйінде көлікке отыру дерегінің де тіркелгені сөз болды. Мұндай жағдай Хромтау ауданында орын алған.

Еркін Өтегеновтің айтуынша, жыл басынан бері қоғамдық көлік жүргізушілеріне 2 мыңның үстінде айыппұл салынған.

Бұл бағытта көптеген профилактикалық іс-шаралар да жүргізілді. Қоғамдық көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасының орын алуы жүргізушілерге тек айыппұл төлетумен ғана шешілмейді. Шынын айту керек, қазір қаладағы екі тасымалдаушы мекеме көліктерінің жүргізушілері жоспарды орындау үшін жол бойында бір-бірімен жарысатыны да жасырын емес. Осы мәселе де бізді алаңдатады, — деді ол.

Жиынға қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін де білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button