Жаңалықтар

Мақсат — жемқорлықсыз болашақ

Дебат

Колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен «Жастар — жемқорлықсыз болашақтың негізі» тақырыбында дебаттан қалалық турнир өтті. «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті және «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен пікірсайысқа 24 команда қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Шараның ашылуында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов сөз cөйледі.

Дебат алаңында бақ сынағандар сыбайлас жемқорлыққа қатысты берілген тақырыптар бойынша ойларын ортаға салып, қызу әрі қызықты пікірталас ұйымдастыра білді. Америкалық парламенттік форматта өткен дебаттың қорытындысында Таубай Айсұлтан мен Таңшолпан Кереева жұбынан құралған «Navi» фракциясы ұпай саны бойынша өзге командалардан оқ бойы озық шығып, жеңімпаз атанды. «Ұлт үшін жаралғандар» деп аталатын Жәкен Нұркен мен Темір Болатұлының тобы екінші орынға шықты. Ал Нұртілеу Құттыбаев пен Қаракөз Тұрсынның жұбы үшінші орынға ие болды. Жекелеген номинациялар бойынша турнир жеңімпазы Таубай Айсұлтан «Үздік спикер» атанса, Шаңдыбай Мейірболат «Үздік төреші» номинациясына лайық деп танылды.

Жеңімпаз бен жүлдегерлер Алғыс хаттармен, кубоктармен марапатталды.

 Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button