Жаңалықтар

Жинақ жүйесі — тиімді жоба

Атаулы күн

31- қазан — Бүкіләлемдік жинақ күні. 1924 жылы Милан қаласынан бастау алған Жинақ күнін қаржы жинақтау жүйесі қалыптасқан кез келген мемлекет атап өтеді.

Қазақстанда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» іске асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі — еліміздегі бірегей жоба. Бұл — әлемдегі ең «жас» және ТМД аумағындағы жалғыз қаржы институты. Кеше аталған банктің облыстық филиалы журналистердің басын қосып, арнайы шара өткізді.

Биыл отандық тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне 16 жыл толды. Халықаралық тұрғын үй қаржыландыру одағының сарапшылары қазақстандық тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін халықаралық тәжірибенің үздіктерінің қатарында деп бағалап отыр.

Еліміздің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің негізі ретінде германиялық үлгі таңдалған. Бұл жүйе Германияда  89 жылдан бері жұмыс істейді. Аталған жүйенің бір ғасырға жуық жасауы — оның тиімділігін көрсететіні айқын. Жалпы Еуропада тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі жақсы дамыған, мұндай жүйе Францияда, Венгрияда, Болгарияда, Испанияда, Польшада, Австрияда, Қытай мен АҚШ-та жұмыс істейді.

— Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинағы  жүйесіне 1,4 миллионнан астам адам сенім білдіріп, өз қаражаттарын жинап отыр. Оның ішінде Ақтөбе филиалында жалпы сомасы 50,5 миллиард теңге болатын 104 000 депозит ашылды. Аталған банк бүгінге дейін 208 368 несие берді, оның ішінде Ақтөбе филиалы 19 925 несие рәсімдеді. Бұл жүйеге қатысушы алдымен біздің банкте кемінде үш жыл бойы қаражат жинақтап, өз шотында тұрғын үй құнының 50%-ына тең ақшасы болған жағдайда елдегі ең төменгі 3,5%-дан 5%-ға дейінгі үстемақымен несие рәсімдей алады. Мұндай шарттар елдің бірде-бір банкінде жоқ. Сонымен қатар, азаматтарға өз баспанасына қол жеткізуге мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі: салымшылардың шотындағы қаражаттың көлеміне қарай (ең көп дегенде 505 000 теңге) мемлекет жыл сайын 20 пайыз мөлшерінде сыйақы береді. Яғни, шотыңызда 505 мың теңге қаражат болса, оған мемлекеттен 101 мың теңге сыйақы беріледі. Сыйақы жылына бір рет тағайындалады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, мұндай сыйақы көлемі біздің елде 20 пайыз болса, Германияда — 8,8%, Словакияда – 5% мөлшерінде, — дейді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Эльмира Ескендірова. 

Банк өкілдері жыл сайын Бүкіләлемдік жинақ күні қарсаңында он айда жасалған жұмысты қорытындылайды. Жыл басынан бергі 10 айда 278 018 жаңа шот ашылған. Банктің бизнесті дамыту бөлімінің маманы Мақсат Зайтовтың айтуынша, Ақтөбе филиалында биыл 21 191 шот рәсімделген, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бір жарым есеге көп.

— Биыл жер үй, пәтер немесе жер учаскесін сатып алуға 35 683 адам несие алған, оның 3000-ы — ақтөбеліктер, — дейді М.Зайтов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button