Бесінші мерейтойлық басылым
Сүйінші!
Қазақтың тұңғыш профессор-лингвисі Қ.Жұбанов еңбектерінің бесінші мерейтойлық басылымы ғалымның туғанына 120 жыл толуына орай оқырман қауымға жол тартпақ.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен 25 қазанда өткізілетін «Жұбанов тағылымы» атты дәстүрлі халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ғалым шығармаларының толық жинағының тұсауы кесілмек. Кітаптың тұсаукесеріне Жұбанов әулетінің ұрпақтары — Асқар Жұбанов, Ажар Жұбанова, Ардақ Жұбанова, сондай-ақ Башқұртстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан танымал түрколог ғалымдар қатысады.
Профессордың ғылыми мұрасы осы кезге дейін төрт мәрте баспа бетін көрген. Бұл басылымның алдыңғы баспа бетін көрген жарияланымдардан ерекшелігі — «Ай», «Тез» қолжазба журналдары мен «Еңбекші қазақ», «Кедей» газеттері, «Ауыл мұғалімі», «Политехникалық мектеп», «Әдебиет майданы» журналдарында, Терминком бюллетеньдерінде жарияланған мақалаларының, сыни корреспонденциялары мен саяси шолуларының, өлеңдерінің, әңгіме-памфлетінің қамтылуында. Сондай-ақ бұл басылымға ғалымның шәкірттік, ұстаздық, әкелік, ағалық, азаматтық қырын ашатын таңдаулы естеліктері де енгізіліп отыр.
Төте жазумен жазылып, мұрағатта сақталған мақалаларының атаулары Қ.Жұбанов еңбектерінің тізімінде көрсетіліп жүргенімен, 1925-1926 жылдары газет беттерінде жарық көрген жарияланымдары бұған дейінгі жинақтарына енбеген болатын. Қаламгерлік қарымын қалыптастырған мақалалары осы басылымда алғаш рет жарияланып отыр.
Қ.Жұбановтың есімі берілгеннен бастап жұбановтану ісі қолға алынып, 1991 жылдан бастап университетте «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істеп келеді. Бүгінде Жұбанов мұрасын зерттеу және оны танытуға бағытталған іс-шаралар университет тарапынан қолдау тауып келеді. Ғалым шығармаларының толық жинағы — сондай игі бастамалардың бірі.
Бұл жинақ Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-дың Қ.Жұбановты тану және таныту жолындағы қазақ ғылымының қоржынына қосқан сүбелі үлесі деп білеміз. Көпшілікке жол тартқан басылым тың идеялар мен зерттеулердің жаршысына айналады деп сенеміз.