Әлеумет

МЕКТЕПКЕ БАРУ ҚАНША ТҰРАДЫ?

Мектепке дайындық науқаны қызу басталып кетті. Қай сауда орнына барсаң да бала жетектеген ата-ананы кездестіресің. Қарапайым халықтың баратын жері базар. Сол базардағы бағаларды біз де бақылап көргенбіз. Жалпы бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Осы сұрақтың жауабын ізделік…

Мектеп  те киім ілгіштен бастала ма?

Сауда сөрелерінде бұрынғы оқушылардікі секілді жағасы мен жеңіне ақ мата көмкерілген қара көйлектер мен  ақ және қара түсті алжапқыштар тізіліп тұр. Ер балаларға арналған костюм-шалбарлардың да небір көкқасқасы бар. Талғамыңызға қарай таңдап ала бересіз. Бағасы 1500 теңгеден басталады. Сатып алушылар да қалталарына қарай көсіліп жатқанға ұқсайды.

— Алға ауданынан келдім. Мектепке баратын екі баламды киіндірмекпін. 1 қыркүйек жақындап қалды. Науқан кезінде бағалар көтеріліп кете ме деп, ертерек қамдандым. Екі баланы киіндіру 20 мың теңгеге шығады.  Оқу құралдарын  бөлек сатып аламын ғой.  Біздің мектепте,  бір жақсы жері, оқушылар бірыңғай киім киеді. Бұл өте ыңғайлы. Мысалы, мына  мектеп формасын  3-сыныпта оқитын қызыма  2 мың теңгеге сатып алып жатырмын, — дейді Збайда Айтбаева.

Бүгінде мектеп оқушыларына жаппай бірыңғай формадағы киім кигізу ережесі енгізілмегенмен,  әр мектеп  өз ерекшеліктеріне  орай мектеп киімдерін таңдаған. Мысалы, қаламыздағы №21, 51, 29 мектеп-гимназияларының өз оқушыларына арналған киім түрлері бар. Мұндай шешімді ата-аналар мен мектеп ұжымдары бірігіп қабылдайды. Мәселен, №51 мектеп-гимназияның оқушылары үшін үш түрлі мектеп  киімі бар. Төменгі сыныптағылар  жасыл, сары түстер араласқан  юбка мен ақ жейде киіп, жартысы сары, жартысы жасыл мойынтақтар тағынып жүреді. Ортаңғы сыныптағылар көк және қызыл түс араласқан киімдер киеді. Мұндай киімдермен көбіне гимназия оқушылары  ерекшеленеді. Ал қарапайым мектеп оқушыларының күнделікті оқу  киімі — ақ жағалы қара  көйлек пен ақ алжапқыш. Ер балалардың киетіні — қара костюм мен ақ жейде. Бұны қалалықтар ғана емес, ауылдық мектептердің оқушылары да киеді.

Жалпы ата-аналар мектеп оқушыларының бірдей киім киіп жүргендерін қалайды.

— Әрине, мектеп жасындағы балалар болғандықтан, сабаққа барғанда бірыңғай киінгендері дұрыс. Бұл барлық балаларды бірдей етіп көрсетеді. Олардың арасындағы тұрмыстарына байланысты айырмашылықтар білінбейтін болады. Бір кездері мектепте еркін киіну үрдісі пайда болғаны белгілі. Сол кезде мұғалім мен  оқушыны ажырата алмай қалған едік. Қазіргіміз дұрыс. Сырт адамдар да киімдеріне қарап, балалардың мектепте оқитын оқушы екендіктерін аңғара қояды. Мысалы, біздің №5 мектептің оқушылары  бірыңғай киіммен барады мектепке, — дейді Хромтау қаласынан келген  Балауса Келімжарова.

Қазір көптеген мектептерде бірыңғай киім киеді. Облыстық білім басқармасынан белгілі болғандай, барлық оқушыларды бірдей киім киюге міндеттейтін  бұйрық болмаған. Дегенмен,  оқушылар ақ және қара түсті киім киюлері шарт.

Мектеп киімдерін базардан сатып немесе тігін цехтарында тапсырыс беріп тіктіруге болады. Бірақ бағалары әртүрлі. Әркім балаларын шамасына қарай киіндіретіні анық.

Әйгілі Станиславскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» дейтінін сауатты жұрт жиі қайталайды. Біз де қазір «Мектеп те киім ілгіштен басталады» деп қосамжарлануға әзір секілдіміз.

Оларда ше?..

Әр мектептің талабы әртүрлі. Біреулері  барлық киімді оқушыларға бірдей етіп тіктіртіп жатса, біреулері сатып алғызады. Әрине,  алғашқы топқа қымбатқа түсетіні белгілі. Осындай жағдайларды ескеріп, барлық мектепке жаппай киім үлгісін шығару керек пе деп  ойлап қаласың.

Бұл мәселе жақында Білім және ғылым министрлігінде қаралады деп күтілуде. Тамыз айының 18-20 аралығында министр Ж. Түймебаев осы мәселеге арналған жиын өткізбек. Қазірдің өзінде шетелдік киім үлгілері сарапталып жатыр.

Ресейде де осы мәселе төңірегінде сөз болып жатыр.

Ал Еуропа елдерінің көпшілігінде жаппай киім үлгісі қолданылмағанымен, қатаң классикалық үлгідегі киімдер жөн саналады. Мысалы, Ұлыбританияның оқушылары арнайы мектеп киімін киеді, Австралия,Үндістан, Ирландияда да қатаң үлгідегі киімдер түрі қалыптасқан. Бұл елдердің  мектептеріне сәйкес киімдері мен мойынтақтары бар. Ал американдық оқушылар мектепке қоңыр көк және ашық жасыл түсті киімдерді киеді. Кубада  мектеп және жоғарғы оқу орындарының оқушылары ортақ бірыңғай киіммен жүреді екен.

Түркия мен Сингапурда да әр мектептің ерекшеліктеріне байланысты киімдері де әртүрлі.  Жапонияда мектеп киімі жүз жылдан бері өзгермеген: ақ жейде, қоңыр көк юбка, тізеге дейінгі ұзын шұлық және жеңіл туфли.

Кітап, қалам, карандаш…

Базар сөрелерінде көздің жауын алатын кітап, қаламдар толып тұр. Қытайдікі керек пе, қырғыздікі керек пе, ресейдікі керек пе, шамаңа қарап ала бересің. Әрине, жұрттың көпшілігі сапасына мән беретіні анық. Сапалы заттың бағасы да пұлдылау келеді. Қаламдардың бағасы 10 теңгеден басталады, ең қымбаты — 200 теңге. Дәптер —  7,5 теңге мен 150 теңгенің арасында. Ал мұқабасы қатты күнделіктер 250 теңге тұрады.

— Оқу құралдарын Алматыдан әкелемін. Баға былтырғыдан қымбаттаған  жоқ. 1 қыркүйек жақындаған сайын тауарлардың өтімі жақсы. Әркім  әртүрлі сауда жасайды. Ресей тауарларын сұрап келушілер басым. Ал кітаптың жөні бөлек. Оны да Алматыдан әкелеміз. Әзірге кітап алушылар аз. Оқу басталған соң көбейеді, — дейді сатушы Айгүл Актурина.

Оқу құралдарын базарлардан басқа да арнайы дүкендерден сатып алуға болады. Басқа сауда орындарында тауардың сан алуан түрі бар. Бағалары да шығарылған  фирмаларына байланысты әртүрлі.  Мұқабасы әдемі кітаптар, жағырапиялық карталар, есептегіш, сызба құралдары, не керектің бәрі бар. Тек ақшаң болсын. Ата-аналар да оқу-құралдарын шамаларына қарап таңдап алып жатыр.

— Мен оқу-құралдарын базардан гөрі, арнайы кітап-қалам сататын дүкендерден алғанды жөн санаймын.  Өйткені дүкендегі тауарлардың сапасы жақсы әрі онда таңдау мүмкіндігі жоғары. Менің қызым биыл бірінші сыныпқа барады. Оған көптеген жазу үлгілері мен санағыш құралдары қажет. Бәрін сатып алып жатырмын. Ал үлкен балам  6-сыныпта оқиды. Екеуін тек бірінші қыркүйекке дайындау үшін ғана  20 мың теңгедей қаржы кетеді. Ал қалғанын өз кезегінде көре жатармын, — дейді Әлия Қошқарбаева.

Бірінші сыныпқа баратын оқушылардың 5 кітабының орташа бағасы 3500 мың теңгені құрайды. Ал жоғары сынып оқушыларына арналған кітаптардың әр қайсысы 600-900 теңгеден. Оларға кем дегенде 10-15 кітап керек. Шығынды  есептей беріңіз.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, биылғы оқу жылында кітап сатып алу үшін бюджеттен  116 миллион теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  18 млн. теңгеге көп. Ал республикалық бюджеттен кітап алуға 74 млн. теңге бөлінген. «Мектеп», «Алматы кітап», «Атамұра», «Білім»  баспаларынан шығарылған оқулықтар пайдаланылмақ. Бюджет қаржысына алынған оқулықтар  барлық оқушыларды қамтуға жетпейтіні анық.  Ең алдымен аз қамтылған отбасының балалары мен ауылдық жердегі мектеп оқушыларына таратылмақ. Ал қалғандары қалталарынан қаржы шығарып сатып алуға мәжбүр.

Ал сөмкелердің жөні бөлек. Базардағы сатушылар сөмке бағаларының биыл біраз өскендігін айтады. Сапасы мен көлеміне қарай бағасы әртүрлі.

— Сөмкелер былтырғымен салыстырғанда 20-30 пайызға қымбаттады. Біз тауарды Алматыдан әкелетін болғандықтан, үстіне тағы да біраз баға қосып сатамыз. Әйтпесе,  жолымыз ақталмайды, — дейді сөмке сатушы жігіт Азамат.

Десе дегендей, сөмкелердің бағасы  мың жарым  теңгеден басталып 8 мың теңгеге дейін барады.

454 мектеп. 170 мың оқушы

2010-2011 оқу жылында облыс бойынша  454 мектеп 170  мыңнан астам баланы қабылдауға әзір.  Білім ордаларының 292-сі  орта, 96-сы негізгі және 66 бастауыш мектеп. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын балалар саны 10 мыңды құрап отыр. Сондай-ақ 8 мектеп оқушылар кұрамының жетіспеуіне байланысты жұмысын тоқтатпақ. Оның бесеуі ауылдық жердегі бастауыш мектептер болса, екеуі Ақтөбе қаласындағы №46 және №49 мектептер. Бұл мектептер балабақша болып қайта жабдықталады. Сондай-ақ Шалқар ауданындағы бір негізгі мектеп жұмысын тоқтатады.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

МЕКТЕПКЕ АРНАЛҒАН ҚАЖЕТТІ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР БАҒАСЫ

Қаламсап — 10-200

Карандаш — 15-50

Дәптер — 8-150

Күнделік — 50-250

Пенал — 100-450

Түрлі-түсті карандаш — 60-600

Сурет салатын альбом — 30-180

Бояулар — 100-500

Сызғыш — 15-130

Өшіргіш — 10-35

Ұштағыш — 10-100

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button