Мәдениет

ТАМЫРЛАР МЕН ТАРАУЛАР

Қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеевтің еңбектеріне, шеберлігіне тәнті болғандар: «Сурет салуды қайдан үйрендің?» — деп сұраса, ол кісі: «Қошқардың мүйізінен, әжемнің киізінен, туған жердің тауларынан үйрендім» — деп жауап қатады екен.

Даланың ғана шәкірті болған, өзінің әр туындысымен Даланың даналығын паш еткен Әбілхан ағамыз Қазақстан суретшілерінің ұлттық рухты, ұлттық құндылықтарды ту еткен тұтас бір буынын тәрбиелеп шықты. Қастеев «көшінің» кез келген өкілі — Қанафия Телжанов па, Сақи Романов па, әлде Үкі Әжиев пе, Айша Ғалымбаева ма, бәлкім, сізге жақынырағы Молдахмет Кенбаев болар — ең алдымен өзінің ұлттық бояуымен баурайды, ерліктің, елдіктің, Отанға деген сүйіспеншіліктің сырын ұғындырады, дүниенің имани құбылыс екендігін алға тартады…

Ал қазір Қастеев «көшінен» адасып қалған қазақ суретшілері көп. Кейде бір көрмелерден қынжылып қайтатын кезіңіз болады, ондағы жасанды дүниелердің әсерінен тезірек арылуға тырысасыз.

Содан соң…

…Қастеев «көшінің» үзілмейтіндігіне, мәңгілік екеніне көз жеткізгіңіз келсе, жарасымды қазақы тірліктің исін аңсасаңыз, айталық, суретші Сағынтай Әлімбетов шығармашылығымен танысыңыз.

Оның шығармашылығының тақырып ауқымы өте кең деседі. Бірақ сол тақырыптардың бәрі де Даладан бастау алады: даланың тарихы, дала аңыздары, дала перзенттері, дала тірлігі, жаныңа жақын, әрдайым аңсатып тұратын дала суреттері… Әлімбетов шығармашылығы маған Қастеев бастаған Дала дастанының бір тамаша тарауы болып сезіледі.

Ол далада туып-өскен. Ауылының аты — Сүттіқұдық еді. Осы атаудың өзін де ол тамсана айтады. «Осы бір атау қазақтың ақынжанды, өнерге жақын халық екенін көрсетіп тұрған жоқ па? — дейді. — Суының құрамын кім тексерген, бірақ дәмі ерекше болатын. Тіпті сол құдық маңының исінің өзі бөлекше еді».

Сағынтай Әлімбетов ұсталар әулетінде дүниеге келген. Ұжымшар ұстасы болған, шаруашылыққа қажетті, сондай-ақ ауылдастары күнделікті тұрмыста қолданатын құрал-саймандар қамымен көп уақытын ұстаханада өткізетін әкесі Әлімбеттің шеберлігін, еңбекқорлығын көзін көргендер жыр ғып айтатын. Ал атасы Нұрымбет туралы ел айтатын әңгімелер шындықтан гөрі аңызға ұқсайды: Нұрымбет ұстаханасының есігін арыстан күзетіп жатады-мыс. Ұстаханаға кіріп-шығып жатқан көп жұрттың бәрі бірдей әлгі арыстанды көре бермейді. Ілуде бір, қасиетті адамдар ғана көреді. Сондай жандардың айтуынша, қашан келсең, арыстан есік алдында кірген-шыққанға маңғаз қарап, тапжылмай жатады екен…

Бала кезінде туған-туыстары біздің кейіпкерімізді де аталар жолын жалғастырып, атағы жайылған ұста бола ма деп үміттенген. Бірақ мектепте жүргенде Сағынтайдың аты «суретші бала» болып шықты. Кейін, 1973-1977 жылдары,  Алматы көркемсурет училищесінде оқыды. Училищені бітірген жылы оны Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің көркемсурет бөліміне оқытушылыққа жіберді. Оқытушылықтың да өз қызық-шыжығы жеткілікті, бірақ ол үшін басты мақсат, басты тірлік — шығармашылық болды. Талмай еңбектенді. Нәтижесінде, 1979 жылы алғаш рет республикалық көркемсурет көрмесіне қатысуға мүмкіндік алды. Оның көрмеге қойған еңбектерін өзі асқар таудай көретін атақты суретшілер, бұрынғы ұстаздары ұнатты. Әсіресе, «Ұйқыдағы бала» атты туындысына байланысты айтылған жылы пікір, жақсы лебіздер оған қанат бітіргендей болды. Алматыдан Ақтөбеге ерекше бір әсермен оралды. Қазірге дейін ол сол көрмені өзінің шығармашылық жолының бастауы санайды.

Арада бірнеше жыл өткенде, 1987 жылы Сағынтай Әлімбетов КСРО Суретшілер одағының мүшесі болып қабылданды. Оны Одаққа мүшелікке ұсынып пікір жазғандардың бірі — атақты Сақи Романов еді. Сөйтіп, шығармашылық жолының тағы бір үлкен белесіне өнерде қаншалықты асқақ болса, өмірде соншалықты кішіпейіл, еліне, халқына шын берілген Сақи Романов сынды алыптың ақ батасымен беттеген болатын.

Бұған жалғас жылдары бірнеше көрмелерге — 1988 жылы Саха республикасында өткен суретшілердің Бүкілодақтық ХVII фестиваліне, 1990 жылы Душанбеде өткен халықаралық көрмеге, т.б. үлкен шараларға қатысудың сәті түсті.

Ал 1997, 2003  және 2008 жылдары Ақтөбе қаласында жеке көрмесі өтті.

Жалпы, оның Ақтөбе өңірі үшін сіңірген еңбегі бір төбе екенін жұрт біледі. Ол — Ақтөбе қаласының Елтаңбасы мен Туының авторы; Ойыл ауданы Елтаңбасының авторы; Тама Есет батырдың 325 жылдың мерейтойының, сондай-ақ Қайдауыл батырдың 230 жылдық мерейтойының бас суретшісі; «Ақтөбе» энциклопедиясының суретшісі; есімдері Ақтөбемен байланысты қазақтың ұлы перзенттері — Әйтеке би, Әбілқайыр хан, Мөңке әулие, Тілеу Айтұлы, Шығанақ Берсиев және басқалар портреттерінің авторы…

Айтпақшы, портрет дегеннен есімізге түсіп отыр: Ақтөбедегі Мөңке би ескерткіші нақ осы Сағынтай Әлімбетов жазған портрет арқылы мүсінделген.

Әр портретті жазу үшін әдеби шығармалар, тарихи құжаттар, т.б. жазбаларды ақтарып, көп еңбектенетін суретші Мөңке би бейнесін қолға алмас бұрын оның артында қалған мұрасын бірнеше қайтара оқып шығыпты. Одан кейін Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романын, тарихи құжаттарды ақтарды. Осылай үлкен ізденіспен жазған дүниесіне риза болғандар көп. Кейін ескерткіш қою туралы мәселе көтерілгенде де, бастамашылар алдымен осы Сағынтай Әлімбетовтің қолынан шыққан портретті еске алыпты.

Сағынтай Әлімбетов суретшілік пен ұстаздықты қатар алып келеді. Ол, жоғарыда айтылғандай, Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде, одан соң облыс орталығындағы көркемсурет мектебінде сабақ берді. 1993-1995 жылдары Ақтөбе педагогикалық институты көркемсурет факультетінің деканы болды, беріде де Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында оқытушылық қызмет атқарды.

— Оқытушылық қызмет атқара жүріп байқағаным, қазақ балалары қазақ суретшілерін мүлде білмейді екен. Жоғары оқу орнына құжат тапсырып отырған баланың білетіні — Қастеев қана, — дейді ол.

Бәлкім, бұл ауыл мұғалімдерінің кінәсі шығар? Егер ауыл баласы Қастеевтен басқа шеберлеріміздің шығармашылығынан мүлде бейхабар өссе, ал қаладағы талантты балаларымыз Даланы мүлде білмей, көпшілігі жат ағымдар ықпалында тәрбиеленіп жатыр. Кейінгі жас суретшілеріміздің арасында ұлттық тамырынан ажырап қалғандардың көп болуының себептерін осы тұстардан іздеген жөн бе?..

Әрине, бұл — сөз арасында айтылып қалып жатқан жеке пікіріміз.

Кейіпкерімізге қайта оралсақ, бүгінде ол ұстаз ретінде де өнерсүйер қауымды қуантып жүрген көптеген шәкірттерімен мақтана алады. Әріптестері оған «сенің өз мектебің бар» деседі. Әйткенмен, ол бізге осы мақалада өзінің шәкірті болып табылатын суретшілердің атын айтуға рұқсат бермеді. «Бұл — бір күндері сол балалардың өздері айтатын әңгіме» — дейді.

Өзі де көп жазып, көп еңбектенетін, басқалардың да шығармашылығына, жаңалықтарына аса сергек қарайтын Сағынтай Әлімбетов соңғы жылдары елімізде, шет елдерде өткен көрмелерге жиі қатысып жүр. Мысалы, 2006 жылы Германияның Эрвитте-Хорн қаласында өткен суретшілердің ІІ Халықаралық көрмесіне қатысып, үшінші орынға ие болды. Осы табысынан кейін оған Мәскеудегі «Әлем халықтары өнерінің ассоциациясы»  бейнелеу өнерінің профессоры атағын берді. Сондай-ақ, оның еңбектері 2008 жылы Нью-Йоркте БҰҰ хатшылығы ұйымдастырған «Қазақстан бейнелеу өнері» көрмесіне іріктеліп алыныпты. Ал өткен жылы Бурабайда өткен халықаралық суретшілер симпозиумына қатысты. Жыл соңында еңбектері Германия астанасында өткен «Қазақстан бейнелеу өнері» көрмесіне қойылды.

Оның туындылары қарапайым өнерсүйер қауым тарапынан да, өнертанушылар тарапынан да әрдайым жоғары баға алып келеді.

Өнертанушы Ирина Спивак-Лаврова былай депті: «Сағынтай Әлімбетов шығармашылығы — живописьтегі тұнған философия. Әртүрлі халықтардың аңыздарында бір-біріне ұқсас бейнелер бар, өйткені ежелгі адамдардың сана-сезімі әмбебап келеді. Қай халықтың болсын аңызындағы идея  дуализм принципі негізінде құрылған: келісім мен келіспеушілік; жақсылық пен жамандық; ақ пен қара, т.б. қарама-қайшылықтар. Сағынтайдың картиналары осы тұрғыда шеберлікпен жазылған».

Ал өнертанушы Гүлжазира Мұқанованың Сағынтай Әлімбетов туралы пікірін тыңдасақ: «…суретшілік мәнеріне тән қасиеттің бірі — не салса да соған психологиялық негіз іздеу. Халқымыздың көл-көсір мінезі мен кең жүрегін жақсы сезінетін ол көбіне нақты адамдардың образын жасауға құмар. Әр кейіпкерінің бейнесінен халық мінез-құлқының етене таныс белгілерін оңай ажыратуға болады».

… шетелдік түрлі ағымдарға қанша еліктесе де, Батыс ешқашан қазақтың еш суретшісін «екінші Микеланджело» деп мойндамасы анық. Өнер алдымен өзінің ұлттық рухымен, ұлттық бояуымен бағалы. Осы тұрғыдан келгенде, ең алдымен Даланы дәріптеуді мақсат еткен Сағынтай сынды суретшілердің шығармашылығы бізге айрықша қымбат. Біз суретшінің жаңа туындыларын асыға күтеміз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button