Мәдениет

Шәмші туған күн

Өткен сенбіде ел-жұртын әнге бөлеген әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың сексен жылдық мерейтойына орай   Қобда ауданындағы Әлия Молдағұлова музейінде «Ән аға – Шәмші аға» атты облыстық конкурс ұйымдастырылды. Байқаудың соңы келесі күні Қарғалы ауданының Шәмші ауылындағы   қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған мерекелік шараға ұласты. Қонақтарды Қарғалы аудандық Мәдениет үйінің, Желтау ауылдық округінің өнерпаздары  Шәмшінің әндерімен қарсы алды. «Аслан» кафесінде Шәмшіге арнап ас берілді. Ас үстінде  Шәмші Қалдаяқов атындағы қордың төрағасы  Бақыт Ғизатов, ардагер Қуаныш Өмірзақов,  Ізбасқан Аймағамбетов, Жеңісхан Бүтіншінов, Еркін Құрманбековтер сөз алып, Шәмші  жайында жылы лебіздерін білдірді.

Мереке қонақтары мен  ауыл тұрғындары астан кейін мектеп ауласында  көркем безендірілген сахнадан «Әнші аға – Шәмші аға»  конкурсы  жеңімпаздарының гала-концертін тамашалады. Байқау жеңімпаздарын марапаттау кезінде  Бас жүлдені «Ақерке Ақжайық» әнін нәшіне келтіріп орындаған мұғалжарлық Саламат Мұқашев иеленгені белгілі болды. Ал бірінші орынды хромтаулық Жалғас Шоқпаров, екінші орынды темірлік Гүлсанат Ержанова алса, үшінші орынды Қарғалы ауданының әншісі Назгүл Жалғасбаева мен ырғыздық Мирас Бижанов бөлісті.

Сондай-ақ концертпен қатар  мектептің спорт залында  жарыстар  өтіп жатты. Волейболдан Бадамшадан келген ересектер мен жастар командасы жарысып, кейінгі буын жеңіске жетті. Ал футболдан  бірінші орынға үш ауылдық округтің командалары  таласты. Желтау ауылдық округінің атынан Петропавловка мен Шәмші ауылдарының футболшыларынан құралған екі команда  қатысты. Бадамша мен Қосестектің  де командалары бақ сынады.  Шәмші ауылының футболшылары бірінші орынды жеңіп алды.Турнирде тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасынан Абай Марсов, қыздар арасынан Әсия Кенжалиева жеңімпаз атанды.

Шара барысында осы айдың ішінде Шәмші ауылында композитордың мүсіні қойылатыны және  дәл сол күні кәсіпкер Қайырғали Арыстанғалиевтің жеке қаржысына салынған мешіттің  ашылатыны жайында жақсы жаңалық  естідік.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button