Әлеумет

РҰҚСАТТЫ РЕСІМДЕУ — ҚАЖЕТТІЛІК

Табиғат қорғау

Қазіргі уақытта қызмет барысында шығарындылар, төгінділер, қалдықтар түзілетін табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатын ресімдеу қажеттігі Республика Экологиялық кодексінің арнайы бабында көрсетілген. Ал қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы  ластау көзінің (объектінің) орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.  Жылжымалы көздер бойынша төлемақы МАИ органдарында тіркеу орнына сәйкес рұқсаттың ресімделуінсіз жүргізіледі.

Егер табиғат пайдаланушының қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаты ресімделмесе немесе уақытында жүргізілмесе, онда мынадай жауапкершіліктер қаралады:

– қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы он еселенеді;

– табиғатты қорғау заңнамасы сақталмағаны үшін әкімшілік айыппұл салынады;

– қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу жүргізіледі.

Тобыл-Торғай экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекциясы 2009 жылы қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатын ресімдемеген, сонымен қатар ресімделген рұқсатта барлық ластану көздерін ескермеген табиғат пайдаланушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мәселен, «Сайпем S.p.A.» АҚ-на мұнай өндіру барысында дизельдік генераторлардан шыққан атмосфераға нормативтен артық шығарындылар үшін 1 651 540 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, сонымен бірге кәсіпорынға осы сома мөлшерінде кінәрат-талап беріліп, бюджетке төлемдер он еселеніп төленді. Жалпы, осы аталған заңбұзушылық үшін «Сайпем S.p.A.» АҚ бюджетке шамамен 5,0 млн. теңге төлем жасады.

Сонымен қатар «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС, «Тетис Арал Газ» ЖШС, «Базальт-А» ЖШС, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Lancaster Petroleum» АҚ секілді кәсіпорындарда да заңбұзушылықтар анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Рұқсат алу үшін өтінімдерді тапсыру қолданыстағы рұқсаттың мерзімі аяқталғанға дейін не жаңа объект пайдалануға берілгенге дейін төрт айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады. Егер рұқсаттың жарамдылық мерзімі 31 желтоқсанда аяқталатын болса, онда рұқсат алуға өтінімді 1 қыркүйекке дейін тапсыру қажет.

Жаңа объектілер ретінде өндірістік цехтар, фабрикалар, мұнай сақтау терминалдары қарастырылса, газ қазандықтары орнатылған дүкендер мен кеңселер де бұған кіруі мүмкін. Ал егер қоршаған ортаға ешқандай эмиссиялар жүзеге асырылмаса, бұған мысал ретінде орталық жылыту желісіне қосылған әкімшілік ғимаратын алуға болады, ол кезде рұқсат алынбайды.

Рұқсатты алу тәртібі Экологиялық кодекстің 71 және 72-баптарында көрсетілген.

Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатты ресімдеуге қатысты толық кеңесті Сәңкібай батыр даңғылы, 1 ғимараттағы Тобыл-Торғай экология департаментінен, 55-76-78, 55-77-44 телефондары арқылы ала алады.

Мәншүк ИСАТАЕВА,

Тобыл-Торғай экология департаментінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button