Жаңалықтар

Жемісті жылдар

Еңбек адамы

Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасында Аманғали Жармағамбетовтің еңбек еткеніне отыз жылға жуықтады. Тәжірибелі ұңғылаушыны бойындағы еңбексүйгіштік қасиет талай биікке шығарды. Кәсіби мерекесі қарсаңында ол ERG-дің «Еңбек айбыны үшін» құрмет белгісіне де ұсынылды.    

Аманғали өндірістегі еңбек сатысын торкретті сылақшы болып бастады. Кейін  ұңғылаушы ретінде жер қойнауында жұмыс жасап жүріп, №2 ұңғыма тазарту жұмыстары учаскесінің бригадирі атанды. Қазір қарамағында он бір жұмысшысы бар. Кейіпкерімізәскерден кейін өндіріске келіп, тәжірибе жинақтайды. Аманғали әңгімесінің арасында өзіне бағыт-бағдар беріп, осы жұмысқа келген кезінде учаске басшысы болған Нәдірхан Ұстабаевтан көп нәрсенің қыр-сырын үйренгенін есіне алды. Алайда тәлімгерінің ғұмыры қысқа болғанын толғаныспен жеткізген Аманғали ұстазына деген сағыныштың жылдар жылжыған сайын күшейе түсетінін сезеді.

Бүгінде шахтаның № 2 ұңғыма тазарту жұмыстары учаскесінің басшысы Айбек Баймолдин Аманғалимен алты жылдан бері жұмыстас екенін, осы уақытаралығында учаске басшысы бола жүріп, одан көп нәрсені үйренгенін айтты. «Жетекшілік етіп жүрген бригадасы «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасының алдыңғы қатарлы ұжымы саналады. Оған дәлел — шахтамыздағы бригада басшысы атанып жатқан кейбір жігіттер Жармағамбетовтің тобынан шыққан мамандар», — дейді А.Баймолдин.

Отыз жылдан бері комбинат жұмысының тоқтаусыз жүруіне өз үлесін қосып жүрген Аманғали Жармағамбетов шахтаны екінші үйіндей сезінеді. Қазір әке жолын жалғауды мақсат еткен оның тұңғышы да осы шахтада еңбек етеді.

Кейіпкеріміз ұзақ жылғы ұтымды еңбегінің арқасында I, II дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгілерімен марапатталып, бір кездері комбинаттың үздік жұмысшысы атанды. «Егер маған екінші рет өмір берсе, мен қайта ұңғылаушы болар едім», — деген азамат алдағы уақытта қазіргі бейнетінің зейнетін көріп, еңбек жолын абыроймен аяқтауды ойлайды.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button