Жаңалықтар

Екі қолынан айырылған Дамирге көмек керек!

«Жарлының байлығы — денінің саулығы» демекші, қарттар үйінің бір бөлмесінде жеті баласымен тұратын Фаткулиндер отбасы да бақытты еді.  Берік пен Гүлмира балаларына жақсы тәрбие беріп, табыстарын солардың игілігіне жұмсап, алаңсыз тірлік кешіп жатқан. Баланың үлкені Асхат Алматыдағы жоғары оқу орнына  түсіп, қуаныштарын еселей түскен-ді. Алайда өмір біз ойлағандай бола бермейді екен. Уайымсыз тірліктің бір күнде бұзыларын кім білген?! Гүлмира ортаншы ұлы Дамирдің екі қолынан айырылған сәтін есіне алса, әлі жүрегі шымырлайды.

Оқиға былтыр Шалқар қаласында бесінші қазан күні болды.

Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең…

Гүлмира Фаткулина балабақшада күтуші болып жұмыс жасайды. Сол күні әдеттегідей жұмысында отырған. Түс ауа ауруханадан «тез жет» деген қоңырау түседі. Аяқ-қолы дірілдеп ауруханаға әрең келген ана ұлы Дамирдің жағдайын естігенде талып қалады. Оқиға былай болыпты. Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияның 4-сыныбында оқитын Дамир Фаткулин ойнап жүріп, қасындағы екі баламен бірге мектеп ауласындағы трансформатор күркесіне кіреді. Алғашқы болып кірген Дамир ашық тұрған есіктен 10 кВт ток жүріп жатқан ток өткізгішті ұстайды. Қуаты қатты ток баланың екі қолын күйдіріп жібереді.

— Ауруханаға келсем дәрігерлер баланың жан сақтау бөлімінде жатқанын, халінің өте ауыр екенін, Ақтөбеге жеткізілетінін айтты. Бұны естігенде есеңгіреп кеттім. Ақтөбеге келген соң дәрігерлер ем-дом жасады. Ұлымның екі қолын көрсетті. Отқа күйген ағаш тәрізді қарайып, күйіп кеткен. Дәрігерлер әр жерінен тіліп, жаны бар ма, жоқ па, соны тексеріпті. Өкініштісі, иықтан төмен кеспесе, ем болмайтынын айтты. Амалым жоқ, көндім, келістім. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдым. Тоғыз күн ас ішпедім. Автобусқа мінбеймін. Науқас кісі тәрізді теміржолдың бойына түсіп алып, жаяу жүремін. Егіліп жылаймын. Бірақ Алланың ісіне шара бар ма, бұл да сынақ шығар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейде сауда орны өртеніп, ішінде балалардың жанып кеткенін естігенде, қатты уайымдағанмын. Сол оқиға екі-үш күнге дейін түсіме кіріп, мазам қашқан. Ал Дамирімнің қолынан айырылатынын есту қатты соққы болды. Бәрінен де ұлымның «қолым қайда» деп жан ұшыра айқайлап, қиналғанын көргенде, өзімді қоярға жер таппадым. Бұрын-соңды жаман сөз айтпайтын бала дәрігерлерге айқайлап, жылап, қабырғаны тепкенде әрең тоқтаттық, — дейді Гүлмира көзіне жас алып.

Дамирді сабасына түсіру үшін психологтар көмекке келген. Алғашқы келген маманға Дамир көнбепті. Психолог Айбек Наженов қана  баланың тілін тапқан.

— Айбектің қасында ұлым өзін жақсы сезінді. Қасынан шықпайды. Бәріміз  жасанды қол салынса, жақсы болып кететінін айттық. Осыдан кейін ғана баламның көңілі орнына түскендей болды. Әлі күнге дейін протез салынса, сау адамдар сияқты жүретініне сенімді.  Үміті — протезде, — дейді Гүлмира.

Кінәлілер жауапқа тартылды ма?

Үйдің ортаншысы болғандықтан ба, Дамир өзгелеріне қарағанда шаруаға епті. Анасы жұмысқа кетсе, үй жинастырып, ұсақ-түйек жұмыстарды өзі атқарып жүреді. Артық сөзі, қимылы жоқ тәртіпті  ұлының сол күні трансформатор күркесіне қалай көтерілгеніне қайран қалады.

Күшік көрдік, соның соңынан барып едік дейді. Бала ғой, ойнап жүріп, ашық тұрған есіктен ішінде не бар екенін көргісі келген шығар. Аудандық әкімдік пен білім бөлімі және электр таратушы мекемемен соттасып жатырмыз. Аудандық сот мектеп директорының орынбасары мен мектеп электригін ақтап шықты. Бұл жерде аудан әкімдігі, білім бөлімі және электр таратушы мекеме жауапты. Осы оқиға тиісті мекемелердің өз ісіне ешқандай жауапкершілікпен қарамайтынын көрсетті. Мен балабақшада күтушімін. Ата-ана баласына бірнәрсе болса мені жауапқа тартады. Сол сияқты мектеп ауласында қуаты қатты ток желісін ашық қою — ешқандай ақтауға келмейтін іс, — деген Гүлмира тиісті мекемелерден материалдық шығын өндіріп, олардың жауапқа тартылуын қалайды. Өзгелерге сабақ болса екен дейді. Осы оқиғадан кейін аудан әкімдігі көпбалалы анаға үй беріпті. Бірақ мәселе баспанамен шешілмейтіні анық. Бұл жерде баланың тағдыры тұр.

Протездің құны — 30 миллион теңге

Әрбір ана баласының дені сау, бақытты болғанын қалайды. Гүлмираның ендігі арманы — Дамирге протез салу. Ауруханада жатқанда жан-жақтан сұрастырып көріпті. Ресей мен Бішкектегі емдеу мекемелерімен сөйлескен. Жақсы протез Германияда салынатынын білген. Бірақ құны қымбат. Отыз миллион теңге қаржы қажет.

— Дәрігерлер баланың қолына бір жарым жылдан кейін ғана протез салуға болатынын айтты. Себебі иықтың төменгі жағы үшкірленіп, протезді бекітуге ыңғайлы болу керек. Ауруханадан шыққан кезде ауырсынатын, оған қоса ток өтіп кеткен екі қабырғасы іріңдей берген соң, алып тастады.  Түрлі ауыр дәрі-дәрмек ұлымның денсаулығына кері әсерін тигізді. Дегенмен, қазір шүкір. Жараның орны бітеліп тұр. Ең болмаса бір қолына протез салдырып алсақ деймін. Бұрын бар шаруаны өзі тындырып, үйде жүгіріп жүретін ұлым, қазір көзі жаутаңдап тамақ ішкісі келсе,  бір нәрсені алғысы келсе  де мені күтіп отырады. Киімін кигізіп, дәрет сындырту үшін де қасында бір адам керек. Баламның жаутаңдап қарап отырған түрін көрсем, жүрегім қан жылайды. Қазір әкесі бар шаруаны тастап, ұлының қасында үйде отыр. Мектепке апарып, алып келеді. Бір адам қасында жүрмесе, екі қолы жоқ балаға қиын ғой, — дейді Гүлмира.

Дамирдің қолына протез салынса, ол үш жыл сайын ауыстырылып тұруы керек. Сондықтан әрбір түскен тиын Дамирдің болашағы үшін маңызды.

Димашпен кездесу

Жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу бола білген қазақ қашанда мұқтаж жандардан көмегін аяған емес. Дамирдің жағдайын білген жұртшылық жан-жақтан ақша аударып, көмек қолын созған. Қазір есепшотқа 4 миллион теңге жиналыпты. Димаш Құдайбергеннің туған күні қарсаңында әншінің анасы Света Айтбаеваның қолға алуымен арнайы есепшот ашылған. Әншінің туған күніне дейін жиналған 800 мың теңге Дамирдің шотына аударылыпты. Кейін Димаштың Ақтөбеге келетінін, Дамирмен кездесу ұйымдастырылатынын естігенде  баланың қуанышында шек болмапты. Қай уақытта да Ақтөбе мен Шалқардың арасында билет тапшы. Бір ай бұрын қамданбасаң, уақытында ала алмайсың. Димаштың келетін күні белгілі болған соң Гүлмира билеттің қамына кіріседі.

— Билет жоқ. Көлікпен бармақ болып едік, оның да реті болмады. Содан Дамирді үлкенім Асхатқа ертіп жібердім. Екеуі біреудің аяғының астында отырып, Ақтөбеге жетті. Барған соң Димаштың анасы хабарласты. Алаңдап отырған маған суреттерін жіберіп, көңілімді орнына түсіріп қойды.  Баламның аяғы жерге тимепті. Димаш ағасымен кездесіп, суретке түскен. Сыйлық алған. Алған әсері ерекше. «Димаш аға бәрі жақсы болады деді» деп мәз болып келді. Осы кездесуден кейін Димаштың фанаттары протезді қайда салуға болатынын жан-жақтан сұрастырып жатыр екен. Қуанып қалдым. Ұлыма күш-жігер берген Димашқа Алла жар болсын. Оның жанкүйерлеріне де айтар алғысым шексіз. Менің ұлымның жағдайын сұрап, отбасынан  жырып, шотқа ақша аударып жатқан әрбір тұрғынға ризамын. Еңбектері Алладан қайтсын. Танымайтын адамдар әлеуметтік желі арқылы жағдайымызды сұрап, шипа тілеп жатқанда көзіме жас келеді. Ризамын халқыма, — дейді Гүлмира ағынан жарылып.

Берік пен Гүлмира балаларының зерек, алғыр екенін мақтанышпен айтады. Үлкен ұлы Алматыда білім алып жатса, қызы колледжге оқуға түсіпті. Гүлмира балаларының ақылды болып өсіп келе жатқанына  қуанады. Тек Дамирін ойласа ғана жүрегіне біреу ине сұққандай күй кешеді. Бірақ алдан күтер үміті зор.

P.S.

Тағдырдың сынына тап болған Дамирге  ел болып көмек көрсетсек, алынбайтын қамал жоқ. Мүмкіндігіміз келгенше Дамирге көмек қолын созайық. Есепшот номері:

Реквизит: Фаткулина Гульмира Найльевна
Номер телефона:87711858278
Kaspi gold: 5169493147477874
ИИН: 781116403025

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button